Әдебиет

Құтты болсын ағайын, ұлы күнің!

Құтты болсын ағайын, ұлы күнің!

Қуандық ШОЛАҚ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Жетем деу жаугершілік ұшпағына, Қаскөйдің, озбырлардың ұстанымы, ә. Керей мен Жәнібекті Әбілқайыр, Тізелеп, алған қатты қыспағына.

Шер-шемен запыранды мұңы ішінде, Егемен ертеңгі еркін күні үшінде. Қос көсем тайпалары тас түйін боп, Асығыс ауа көшті түн ішінде.

Қалмаған үзік үміт, басында айла, Шамданды Әбілқайыр тосын жайға. Қол ұшын беретұғын қысылғанда, Жақсының жақсылығы осындайда.

Тең бөліп бермесе де қазынасын, Оң көріп бауырының базынасын. Іш тартып Есенбұға екі өренге, Ұсынды сөзге келмей Қозыбасын.

Жөн көрмей азулымен алысқанды, Тоқтасып орнықты ойға ең ұстамды, Жолбарысы жортқан Шу бойына, Қыс соңы, көктем келе қоныстанды.

Көз салсаң көк көлдің де, көк белдің де, Тарихи бедері тұр өткен күнде. Керей мен Жәнібектің Ақ Ордасы, Осылай Шу бойында тепкен-ді ірге. Қаңтармай көңілінің қазанатын, Шарт кетіп шаршы топта сөз алатын, Оғландар орда құрып, ту тікті де, Мәңгіге иеленді қазақ атын.

Қосылып қос көсемнің көшіне еріп, Орнығып ұлы дала төсіне нық. Мықтылар мысын басып, мойындатып, Келеміз қазақ болып өсіп-өніп.

Секілді өзі барыс, өзі арыстан, Дем беріп тағдыр деген ғажап ұстам, Көгінде көк байрағы желбіреген, Еңселі ел бүгіндері Қазақстан.

Бар әлем мойындаған парасатын, Алдында асулары бар асатын. Нұр дидар Нұрекемдей ер бастаған, Бүгінде елміз әлем санасатын.

Жалаудай желбіреген асқардағы, Тәуелсіз ел болу ед басты арманы. Қазақ қып қалыптаған мың рахмет, Шыңғыстың шығыстағы қос тарланы.

Заманның сезген жайлы жылылығын, Ашылып тұр көңілдің гүлі бүгін. Бес жүз елу жыл толған құтты болсын, Қазағым, ұлан-асыр ұлы күнің!