Әншілер мен бишілер келді алыстан
Әншілер мен бишілер келді алыстан
Шырайлы шаһар Шымкенттен келген опера және балет театрының әртістері сахналаған Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы айтыстан үзінді көңілден шықты. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншілері халық әндерін және Шәмші әндерін шарықтата шырқады. Аман Төренің орындауындағы Нұрғиса Тілендиевтің «Алатау», Бибігүл Әшірбаеваның орындауындағы Ырысты Әлімбектің «Мақтанышым – Отаным!» патриоттық әндері ел рухын көтеріп, мерекеге жиналған қонақтардың көңілін серпілтті. «Көк тудың желбірегені» әні орындалғанда көпшілік қосыла шырқап кетті. «Тұмар» би ансамблінің қыздары мың бұрала би билеп, бекзат өнерден шашу шашты. Елдің аяулы ұлы болған сазгер Ержан Серікбаевтың әндерін Замира Ысқақ нәшіне келтіре орындады. Жалпы, шымкенттіктер қойған концерт көпшілік көңілінен шықты. Келесі сәтте сахнаға Алматы облысының өнер шеберлері көтерілді. Алматылықтар тойға тартуларын театрландырылған қойылымнан бастады. Қойылым Қазақ хандығының 550 жыл бұрынғы алғаш әтінен көрініс берді. Жауынгер киімін киінген биші жігіттер би ырғағымен қазақтың асқақ рухын, майдан шебіндегі шеберлігін, батырлығын әдемі үйлестіріп көрсете білді. Алтын адам үлгісіндегі бишілер өнеріне де көпшілік ризашылық білдірді. Алматы облысының әншілері халық әндерін қалықтатып, Нұрғиса Тілендиевтің әндерін асқақтата орындады. Алматылық өнерпаздардың өнерінен қазақтың асқақ рухы, музыканың әдемі иірімдері кәсіпқойлық байқалып тұрды. Қос облыстың өнеріне де Тараз тұрғындары мен қонақтары ерекше ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ, біздің облыстың өнерпаздары да тарихи тойға мерекелік тартуларын жасады. Тойдың маңызды іс-шаралары алдағы күндерде де жалғасады.
Есет Досалы, «Ақ жол».