Тойдың тамашасын ғана бақпа, тағылымын да ал

81
DSC_4060+
Жамбыл облысының әкімі Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаевпен
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңындағы сұхбат

— Кәрім Нәсбекұлы, соңғы кездері еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінде елеулі оқиғалар аз болған жоқ. Елбасының тапсырмасымен Үкімет елдің етек-жеңін жинап, халықты қарқынды дамуға жетелейтін жаңа реформаларға білек сыбана кірісті. Мемлекетіміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы да сауда-саттығы ілгеріден қалыптасқан іргелі жұрттармен тереземізді теңестіріп тастады. Теңге бағамының еркіне жіберілуі де жаңа экономикалық саясаттағы тәуекелдің бірі болып отыр. Сізден сұрайық дегеніміз, күрделі кезеңдегі осынау жасампаз істерде миллионнан астам тұрғыны бар облыстың да үлесі аз емес екені белгілі. Осы жайлы не дейсіз?
— Иә, соңғы кездері еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық саяси өмірінде болып жатқан оқиғалар аз емес. Дегенмен біз үшін биылғы ең айтулы саяси шара – сәуір айында өткен кезектен тыс Президент сайлауы болды. Аталған іс-шара еліміз бойынша жоғары деңгейде ұйымдастырылып, Президентімізді қайта сайлап алдық. Қазақстан бойынша сайлаушылардың қатысуы бұрын-соңды болмаған 95,21 пайызды көрсетсе, облысымызда бұл көрсеткіш 97,31 пайызды құрады. Бұл халқымыздың саяси белсенділігінің артқанын, өз елінің тағдырына бейжай қарамайтындығын, халықтың Елбасына деген зор сенімі мен ыстық ықыласын аңғартады. Облыс тұрғындарының 97,9 пайызы Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа дауыс берді. Осы арқылы жамбылдықтар елдегі саяси тұрақтылықты, әлемдік дағдарыс салдарынан болып жатқан сын-қатерлерден алып шығатын Тұңғыш Президентін қолдайтындықтарын көрсетті.
Тағы бір ерекше жәйт, Мемлекет басшысы өзін салтанатты түрде ұлықтау сәтінде «Нұрлы жол» бағдарламасынан туындайтын 5 халықтық реформасын жария етіп, оны жүзеге асыратын «100 нақты қадамын» Ұлттық жоспар етіп ұсынуы болды. Ұлттық жоспар – Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін серпінді қадам. Оны іс жүзінде жаһандық және ішкі сын-қатерлерге толықтай жауап бере алатын, тарихтың жаңа белестерінде еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі басты құжаты деп айтуымызға болады. Сол себептен, осындай қиын-қыстау кезеңде ел еңсесін түсірмей, экономикалық өсімді кемітпей, әл-ауқатымызды көтеру үшін Ұлт жоспарында белгіленген шараларды жүзеге асыру – біздің міндетіміз.
Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына ресми түрде мүше болып қабылдануы да халқымыз үшін айтулы оқиға, мемлекетіміздің жаңа биіктерге көтерілуі мен қарқынды даму жолындағы тағы бір белес деп білеміз. Ал біздің облыспен ежелден барыс-келіс, алыс-беріс жасап келе жатқан Қырғыз Республикасы 12 тамыздан бастап Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі жұмыстарын бастады. Бұл оқиғалар өз кезегінде облыстағы экономикалық дамуымыз бен жоспарларымызға да елеулі өзгерістер әкелуі мүмкін.
– Рахмет, енді облыс экономикасындағы даму қарқынын байқататын байыпты мысалдарға тоқталсаңыз.
– Жалпы, өңір экономикасының барлық саласында даму қарқыны бар. Аймақтың жалпы ішкі өнімі өткен жылдың сегіз ай мерзімімен салыстырғанда 7,4 пайызға артқан. Дегенмен, әлемдік дағдарыстың салдары облыстағы өндіріс орындарын айналып өтті деп те айта алмаймыз. Бірақ соған қарамастан өнеркәсіп орындарындағы тауар айналымын тұрақтандырып, жұмыс орындарын сақтау мақсатында ірі компаниялармен 461 меморандум жасалды. Үстіміздегі жылы облыста Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 30,3 миллиард теңгені құрайтын 6 жобаны жүзеге асыру көзделсе, соның үшеуі алғашқы жартыжылдықта іске қосылып отыр. Солардың ішіндегі ең ірісі – Индустрияландыру күнінде Елбасы іске қосқан Жуалы ауданындағы «Бурное солар – 1» күн электр стансасы. Сонымен қатар, «Полиэтилен-Агро» ЖШС-ның жылыжайларға арнап жылына 500 тонна пленка шығаратын және «Тараз-көлік жолы» ЖШС-ның асфальтбетон қоспасын өндіретін зауыттары өз жұмыстарын бастады. Қалған 3 жоба жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
– Елбасы еліміздегі ауыл шаруашылығы мәселесіне де үнемі көңіл бөліп, аграрлық саланың мүмкіндіктері толық пайдаланылмай отырғанын айтып келеді. Оған жақында ғана Қазақстан мен Ресейдің ХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумының жалпы отырысында Президент айтқан деректер мен дәйектерден мысал келтірсек те болады.
– Дұрыс айтасыздар, Елбасының жан-жақтылығы, қай сала болмасын нақты цифрлармен, мысалдармен сөйлейтіні бізді үнемі тәнті етеді. Мысалы, Президенттің «тап-тақыр тас пен құмның үстінде өмір сүріп жатқан Израиль шаруалары өсірген құлпынайды жегенде бір түрлі ыңғайсыз жағдайға тап болады екенсің» деуі, еліміздегі әрбір басшыға айтылған сын-ескертпе деп түсінуіміз керек. Біз, мысалы, үстіміздегі жылы бюджеттен агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 7,7 миллиард теңге субсидия мен трансферттер бөлдік. Соның нәтижесінде биыл 242 мың гектар масақты дәнді дақылдан жалпы көлемі 386 мың тоннаны құрайтын астық жиналып отыр. Бір гектардан алынған өнім өткен жылмен салыстырғанда 7,4 центнерге артып, гектарына 16 центнерді құрады. Дегенмен, Елбасының еңбек өнімділігін арттыру үшін салада жаңа технологияны енгізу қажет деп айтқанын ұмытпауымыз керек. Өйткені жыл өткен сайын су тапшылығы өзекті мәселеге айналып, салаға жаңаша көзқарасты, яғни тамшылатып суғару сияқты жаңа технологияларды қолдануды талап етуде. Су қорларын күзгі-қысқы мерзімде барынша жинақтап, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу бағытындағы жұмыстарды жандандырып жатырмыз. Нәтижесінде суды 20-30 пайызға үнемдеу, суармалы егіс алқаптарын 2018 жылға дейін 184 мың гектарға жеткізу, ал дақылдардың өнімділігін 1,5 есеге арттыру көзделуде. Шу ауданынан жеміс-көкөніс кластерін құру арқылы 8 миллиард теңге инвестиция тартуды да жоспарлап отырмыз. Ол үшін жаңа технологияға толық көшу қажет.
Облысымызда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыру мақсатында 875,5 миллион теңге бөлініп, соның арқасында өңірде асыл тұқымды малдың үлесі артты. Бұған осы салаға арналған мемлекеттік бағдарламалардың әсері өте мол болды. Біздің облысымыз еліміздегі негізгі аграрлы аймақтың бірі екені белгілі. Сондықтан болар аграрлық саладағы ілкімді істер – соның дәлелі. Өңіріміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші кәсіпорындарда шығарылатын өнімдер еліміздің басқа аймақтарында да үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бүгінде облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін нақты 208 кәсіпорын, шағын зауыттар мен цехтар жұмыс істеп тұр. Оларда 4 мыңға жуық адам еңбек етеді. Мысалы, үстіміздегі жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 75,7 миллиард теңгені құрады.
– Кәрім Нәсбекұлы, соңғы жылдары облыс орталығы – Тараз қаласы мен аудан орталықтары, тіпті ауылдар да заман талабына сай сәулетпен салынған зәулім ғимараттармен, көп қабатты тұрғын үйлермен толығып, ажарлана түсті. Кәсіпкерлеріміз де қараған кісінің көзі тоятын көп қабатты тұрғын үйлер мен ғажайып нысандар салуда.
– Облыста құрылыс саласы қарқынды түрде дамып келеді. Өздеріңіз де байқап жүрген боларсыздар, Тараз қаласының аумағы шығысы пен батысына және оңтүстігі мен солтүстігіне қарай ұлғая түсті. Құрылыс нысандары сәулеттік жобасының көз тартарлықтай көркем болуына да қатты көңіл бөліне бастады. Мен жақында облыс мәслихаты депутаттарының алдында есеп бердім. Осы есепті кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі 100,2 пайызды (90,5 миллиард теңге — ред.) құраса, салынған инвестицияның нақты көлемі 5,9 пайызға (41,5 миллиард теңге — ред.) артқан. Биыл 65-тен астам нысанның құрылысын жүргізу мен жаңғыртуға 19,7 миллиард теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде білім саласына 7 миллиард теңге, денсаулық сақтау саласына 7,2 миллиард теңге, ауызсумен қамтамасыз етуге 1,9 миллиард теңге, өзен жағалауын нығайтуға 2,3 миллиард теңге, тұрғын үй құрылысына 1,3 миллиард теңге бөлінген. «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы шеңберінде 6 айда 118 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,3 пайызға артты. Бұл салаға салынған инвестициялар – 33 пайызға (6,3 миллиард теңге – ред.) ұлғайды.
Биыл Тараз қаласының «Бәйтерек» мөлтек ауданында жалпы алаңы 6400 шаршы метрді құрайтын 65 пәтерлі бір тұрғын үй және Қордай ауданында 50 пәтерлі бір тұрғын үй пайдалануға берілді. Қаратау қаласында 64 пәтерлі тұрғын үй сатып алынды. Жыл соңына дейін Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі арқылы 2 үйді пайдалануға беретін боламыз. Жас отбасылар үшін 75 пәтерлі 1 үй, кезекте тұрған азаматтар үшін Тараз қаласында 80 пәтерлі бір үй тапсыруды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» арқылы 28 мың шаршы метрді құрайтын 4 тұрғын үй пайдалануға тапсырылады. Соның ішінде 2005 жылдан бері күрмеуі шешілмей келген орталықтағы «Атшабар» кешеніндегі 2 тұрғын үй құрылысы аяқталып, жалпы көлемі 15 мың шаршы метр құрайтын 252 пәтер пайдалануға берілетін болады.
– Ұлы Жібек жолының бойындағы өңірдің көлік жолдары да дүниежүзілік талапқа сай болып келе жатқанын жұрт қуана айтып жүр. Әсіресе, Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» көлік дәлізінің Жамбыл облысы аумағындағы құрылыс жұмысына дән разы.
– Иә, осы даңғыл жолдың арқасында Тараз бен Алматы қалаларының арасындағы жолаушылар қатынасы жақсарды. Дегенмен, жергілікті мәндегі автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеп, күтіп ұстауды да ұмытпауымыз керек. Бұл жұмысқа биыл 7,2 миллиард теңге қарастырылып, бөлінген қаржыға 5 шақырым автожолдың бойында күрделі жөндеу, 316 шақырым автожол мен елді мекендер көшелерін және 2 жасанды ғимарат орташа жөндеу, Тараз қаласы Тәуке хан көшесіндегі жол өткелін қайта жаңғырту жұмыстары атқарылды. Қазір жалпы, жергілікті мәндегі автожол мен көшелерде 159 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облысымызда жол қатынасымен бірге «жасыл экономиканы» дамытуда да айтарлықтай істер бар. Өйткені облыс экономикасының маңызды саласының бірі – энергетика. Әсіресе, қазіргі заман талабына сай «жасыл экономиканы» дамытудың маңызы зор. Өңірімізде осы бағытта алдағы жылдарда Меркі, Шу аудандарында су электр стансасын, Жаңатаста жел электр стансасын, Жамбыл ауданында күн электр стансасын іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, Жуалы ауданындағы күн электр стансасының және Қордайдағы стансалардың қуатын арттыра түсу көзделуде.
Өңір экономикасы артқан сайын халықтың әл-ауқаты да жақсарып, тұрғындардың өмір сүру жастарының ұзақтығы да арта түсуде. Биыл өңірімізде әлеуметтік мәні бар аурулар мен аурушаңдық көрсеткіші төмендеп, ана өлімі тіркелген жоқ. Үстіміздегі жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 2,7 пайызға артып, 41 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде тегін көмек көрсетудің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз етуге 30,5 миллиард теңге бөлінді. Денсаулық сақтау нысандарын жаңғыртуға 7,2 миллиард теңге қарастырылды.
Білім саласындағы жетістіктеріміз де айтуға тұрады. Бүгінде 24 білім нысанының құрылысын жүргізуге 7,4 миллиард теңге бөлініп, Жамбыл ауданы Еңбек ауылындағы 120 орындық орта мектеп пайдалануға берілді. 23 білім беру нысандарының құрылысы жалғасуда, оның ішінде 8 мектеп, 5 балабақша биыл пайдалануға беріледі. Қалған 10 нысанның құрылысы келесі жылы аяқталады. Білім беру саласына құйылған қаржының нәтижесін облыс оқушыларының үздік үлгерімдері, халықаралық олимпиадалардағы жетістіктері арқылы анық көруге болады. Сондай-ақ, шағын қалаларды дамыту, жұмыссыздықты жою, қылмыспен күрес, бұқаралық спортты өрістету, тағы басқа салаларда атқарылған жұмыстар бар.
– Кәрім Нәсбекұлы, «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей, тағы бір өте маңызды сауалды Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойына дайындық жұмыстарына байланысты қойғымыз келіп отыр. Елбасы той қамына кірісуді өткен жылы айтты. Ол халық тарапынан да, зиялы қауым өкілдері арасынан да кең қолдау тапты. Ал облыс үшін қуаныштысы – қалың қазақ жұртшылығы атсалысып жатқан тағылымды тойдың Астанадан кейінгі заңды жалғасы Тараз қаласында өтетін болды. Халқымыздың «Тас түскен жеріне ауыр» деген сөзін еске алсақ, бір жыл бедеріндегі тығыл-таяң уақытта қандай жұмыстар атқардыңыздар?
– Өткен жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Келесі жылы Қазақ мемлекеттілігінің бастау алғанына 550 жыл толуын тойлаймыз. 1465 жылы тұңғыш рет Қазақ хандығы құрылды. Сол кезден бері қазақ мемлекеттігі жалғасын тауып келеді. Сол себепті де біз ата-бабамыздың ұлы ісін жалғастыруымыз керек» деген сөзін оқып бір разы болсам, тойдың Астанадан кейін Тараз қаласында өткізілетіні туралы Елбасы шешімін естіп тағы қуандым. Бірақ бұл қуаныштың артында үлкен жауапкершілік тұрғанын сездім. Өйткені елдігіміз бен еркіндігімізді паш ететін, халқымыздың бай тарихы мен жүйелі мемлекеттілігін дәлелдейтін Қазақ хандығының 550 жылдығы тарихы терең Тараз қаласында аталып өткелі отыр. Бір жағынан бұл тарихи әділеттіліктің салтанат құруы, өйткені ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи дерек Керей мен Жәнібек хандардың бүгінгі Жамбыл облысының территориясындағы Шу мен Талас өзендерінің арасында Қазақ хандығын құрып, Қозыбасы деген жерде алғаш рет хан сайланғандығы туралы айтады.
Тойды, Құдай қаласа, қазан айының алғашқы онкүндігінде өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Халқымызда «Тойдың тамашасын бақпа, тағылымын бақ» деген сөз бар. Демек, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудің негізгі алтын арқауы – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, дәріптейтін іс-шараларға негізделмекші. Сондықтан мерейтой аясында құрылыс жұмысы аяқталып келе жатқан ең үлкен нысанның бірі – «Көне Тараз» археологиялық паркі мен музейі болмақшы. Бұл музейде көне қаладағы (бұрынғы орталық базардың аумағы — ред.) қазба орнынан табылған тарихи жәдігерлер қойылады. «Көне Тараз» археологиялық паркі мен музейіндегі биіктігі 36 метр шолу мұнарасы және кіреберіс қақпаның ерекшелігі той қонақтарының көзайымына айналады деп отырмыз. Тарихи орталықтың аумағында Шолу Мұнарасы, Достық үйі, Мыңбұлақ, «Домбыра» стелласы құрылымдары бой көтеріп, өз алдына әдемі бір кешен болмақ. Осы жердегі байырғы дәуірден сыр шертетін ескі моншаның орнында республикалық реставрациялау жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысан да қазақ халқының ұланғайыр тарихынан сыр шертіп, ұлы тойдан тағылым алуға келген қонақтарды үлкен әсерге бөлейтіні анық. Көне шаһар маңындағы жыр алыбы Жамбыл атамыздың ескерткішінің маңы да абаттандыру жұмыстары арқылы жаңарып шыға келді. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент те күн санап бар сән-салтанатымен биіктеп, айшықталып келеді. Яғни, тарихи тойға арналған еңселі монумент тұрғындар мен қонақтарға алыстан көрініп, өткенді таразылайтын өсиетті орынға айналмақ. Өйткені Қазақ хандығының негізін қалаған екі ханның бейнесі – елдік ақыл-есіміздің айғағы болып қала бермек. Ал «Қазақ әлемі» тарихи-этнографиялық кешені аясында «Жәдігер» жылжымалы мұражай экспозиясы, ұлттық қолданбалы өнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі өткізіліп, ісмер-шеберлер өз өнерлерін көрсететін болады.
Осы монументке апаратын Тәуке хан көшесіндегі дөңес көпір де күрделі жөндеуден өткізіліп, оның екі шетіне Қазақ елі монументі мен барыс мүсіндері орнатылып еді, ол да жаңарып, жарқырап шыға келді. Қаланың шығысындағы дәл осындай көпір де жөнделуде. Тараздың оңтүстік қақпасы да заман талабына сай қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар, Абай даңғылы мен Ташкент көшесінің қиылысындағы Абай скверіне ұлы ақынның ескерткіші қойылып, абаттандыру жұмысының қолға алынуы да тойға деген тарту-таралғымыздың бір парасы болып табылады.
«Той – халықтың қазынасы» деп бекер айтылмаған, осыған орай облыстық қазақ және орыс драма театрлары орналасқан ғимараттың іші жөндеуден толық өткізілуде. Той күндері оның сахнасында жазушы-драматург Қалихан Ысқақ мен Шахимардан Хұсайыновтың «Қазақтар» атты тарихи-драмасының тұсаукесер қойылымы өтеді. «Атшабар» ипподромы да жөндеуден өткізіліп, онда жаңадан «Ат полосы» ойынының алаңы салынуда. Яғни, мерейтой аясында елімізде алғаш рет «Ат полосы» ойынының тұсауы кесіліп, сонымен бірге дәстүрлі аламан бәйге, топ бәйге және ұшқыр жарыстары ұйымдастырылады.
«Баласағұн» концерт залында «Мәңгілік ел» идеясы аясында өтетін республикалық ақындар айтысын асыға күтіп отырған жұрт та көп. Айтысқа есімдері елімізге белгілі Айнұр Тұрсынбаева, Айбек Қалиев, Ринат Зайытов, Бауыржан Халиолла, Жансая Мусина, Жібек Болтанова, сондай-ақ, Қытай, Моңғолия елінен бас-аяғы 26 ақын қатысады. Айтысты ақын, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, халықаралық айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізеді. Айтыста Қазақ хандығының терең тарихы, хандар мен батыр-билердің қайталанбас ерліктері от ауызды, орақ тілді айтыскерлердің жырларына арқау бола отырып, өткен күн мен бүгіннің тарихи байланысы әдемі көрініс табады деп күтілуде. Елбасының «Ұлы даланың перзенттеріміз» идеясы да жан-жақты жырланып, ақындардың тіліне тірек болмақ.
Сондай-ақ, жыл басында жарияланған «Ерліктің арқауы, елдіктің бастауы – Қазақ хандығы» атты республикалық жас ақындардың жабық жыр мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі де осы күндері өтеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ұлы Жібек жолындағы пікірлесу: Орталық Азия: аймақ халқының ынтымақтастық тәжірибесі» халықаралық культурологиялық жобасының пленарлық мәжілісі болады. «Қазақ хандығы» энциклопедиясының тұсаукесері мен баспалардың кітап көрмесі ұйымдастырылады. «Тарих. Әйелдер. Қазақстан» республикалық әйелдер конференциясы да той тағылымының бірі болмақ.
«Тараз-Арена» спорт кешенінде қазақ күресінен өтетін «Еуразия барысы» халықаралық турнирі де той тамашасы мен тағылымын арттыра түсіп, халқымыздың боз кілемде жауырыны жерге тимеген балуан ұлдары көп болғанын дүниежүзіне паш етеді деп отырмыз. Боз кілемде Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Польша, Ресей, Түркия және Өзбекстан елдерінің командалары кездеседі деп күтілуде. Әрбір құрамада жеті балуан күреседі. Турнирде қазылық жасайтын халықаралық төрешілер құрамына қатысатын мемлекеттің өкілдері кіреді.
Солармен қатар, тарих тағылымдарын дәріптеп, тың деректер мен дәйектерді ортаға салатын республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар да той мазмұнын байыта түсетін болады.
Қарахан баба кесенесінің маңынан жаңа мешіт бой көтеріп, айналасы абаттана түсті. Ондағы заманға сай субұрқақты, құмырадан сылдырап аққан мөлдір суды тарихи шындыққа тән архитектуралық шешім деп қабылдауға болады. Қаланың ортасындағы Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтың кіреберісі де қайта жаңғыртылып, тараздықтардың сүйікті демалыс орнына айналды. Онда облысымыздың және Тараз қаласының Құрметті азаматтарының, Олимпиада ойындарының, Әлем және Азия чемпионаттары жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің есімдері жазылған бірнеше мәрмәр тақталар қойылған. Тұңғыш Президент саябағының қарсы бетінен жаңа сквер ашу туралы ойымыз да оң шешімін тапты. Осы жердегі «Ақ шатыр» сахналық алаңы шеңберіндегі концертіміз де той қонақтарының талғамынан шығады деп ойлаймыз. Ұлы Жібек жолы сілемінің бойына орналасқан «Тараз» қонақ үйінің алды да тотыдай таранып шыға келді. Әсіресе, ерекше үлгіде жасалған субұрқақ пен әктастан жасалған киіз үй көше көркін аша түскен.
Мерейтой қонақтарын қабылдайтын әуежай терминалының құрылысы аяқталуға жақын. Ол пайдалануға берілгеннен кейін Әулиеата әуежайы алып әуе лайнерлерін қабылдап, сол арқылы жамбылдықтар Мәскеу, Анталия, Дубай сияқты тағы басқа қалаларға тікелей ұшу мүмкіндігіне ие болады. Дәл осындай жөндеу, жаңғырту жұмыстары теміржол, автобекет маңында да жүргізілді.
Елдігімізді ұлықтап, тарихи жадымызды жаңғыртатын торқалы тойға еліміздің облыстары бар, қалалары бар барлығы 14 өңірден көмекке келіп, Тараз қаласының гүлдене түсуіне ат салысты. Бұл Алатау мен Арқа, Алтай мен Атырау арасындағы алыс-берісті, барыс-келісті бұрынғыдан да жақсарта түсіп, халқымыздың игілікті іс-шарада жұдырықтай жұмыла білетінін көрсетті. Оған қоса өзіміздің 10 ауданның тұрғындары да үлкен үлес қосты. Ортақ қуанышқа облыстағы басқармалар да бір кісідей жұмылды. Мерейтой қарсаңында Тараз қаласының орталық және басты көшелерінің тазалығын, абаттандырылуын және көгеріштендірілуін қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігіне қарасты 17 басқарма мен 10 аудан әкімдіктеріне 24 көше бекітіліп берілді. Сонымен бірге, қаланың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған көптеген жұмыстар атқарылуда. Жалпы ұзындығы 46 шақырым жол күрделі және орташа жөндеуден өткізілуде.
Сонау Қытай мемлекетінің Сань Ян қаласынан бұрынғы Жібек жолы бойымен сапарға шыққан «Ұлы Жібек жолындағы мәдениет» атты керуен көктем, жаз бойы мыңдаған шақырымдарды көктей өтіп, бүгінде Жетісу өңіріне жетті. Олар енді Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов, Байзақ аудандарының жерлері арқылы қазан айының алғашқы онкүндігінде, яғни той қарсаңында Тараз қаласына келіп жетеді деп күтіп отырмыз. Бұл Ұлы Жібек жолы бағыты бойынша тарихи-танымдық бауырластықты дамыту мақсатында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің идеясымен, Сань Ян қаласы әкімшілігінің, Қазақстандағы дүнген қауымдастығының және «Jing Sheng Yu» шай компаниясының бастамасымен керуен ұйымдастырылған болатын. Өткен жылы ҚХР Шэньси провинциясына арнайы жұмыс сапарымен барып, бірқатар меморандумдарға қол қойылып, бірлескен халықаралық фестиваль өткізу, өнер мен мәдениет саласында тәжірибелермен алмасу, ҚХР-ның өнер қайраткерлерінің Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілетін салтанаттарға қатысуы туралы келісімге келген едік. Бауырлас қалалар арасында жолға шыққан бұл керуен құрамындағы 55 түйе, 11 автокөлік және 70-ке жуық керуенші Ұлы Жібек жолының тарихи орындарын аралап, Тараз қаласында өтетін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына қатысады.
Тараз қаласының орталық стадионында М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің «Қилы жол» драмалық қойылымын сахналайтын болады. Қойылымда Әбілхайыр ханның қоластынан Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған қазақ руларының бөлініп шығып, Моғолстанның ханы Есен Бұғаға барып, сол жерден қоныс алуы, қазақ рулары Керейді ақ киізге хан көтеріп, Қазақ хандығының құрылуы туралы көріністер бейнеленеді. Жалпы, Тараз қаласында өтетін қазақ хандығының тойында Алматы қаласы, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және өз облысымыздың таңдаулы өнер жұлдыздары мен ұжымдары ән шырқап, терме, жыр айтып, күй тартып, би билеп жұртшылықты қызық думанға бөлейтін болады. Мысалы, халқымыздың мақтанышына айналған «Сазген», «Тұран», «Қоңыр» және Қырғыз Республикасынан келетін «Қамбар» фольклорлық өнер ұжымдары жұрт бір көрсек шіркін деп жүрген талантты топтар. Сондай-ақ, той шеңберінде өтетін түркітілдес халықтардың музыка кешінде өнер көрсететін Якутия, Башқұртстан, Татарстан, Алтай, Түркия, Хакасия, Дағыстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдері таланттарының ән-жырларын тамашалау да халыққа ғажайып рухани байлық сыйлайды ғой деп ойлаймын.
Әрине, игілікті істердің бәрі Үкімет қорынан бөлінген қаржымен бірге еліміздің әр өңірі көрсеткен көмек арқылы атқарылуда. Бұдан басқа, еліміздің көптеген ірі компаниялары демеушілік жасауда. Мысалы, «Мәңгілік Ел» қорына 576 миллион теңгеден астам қаржы түсті. Осы ретте мен елдік іске үлес қосу туралы бастама көтерген жергілікті кәсіпкер Асаубай Майлыбаевты және осы бастаманы қолдаған «Эскулап» емдеу орталығын, «Диал» стоматологиясын және «Жамбыл керамзит компани» серіктестігін ерекше атап өткім келеді.
«Елді іс біріктіреді, сөз бұзады» дейді халқымыз. Қазақ қазақ болғалы тұңғыш рет тойланып отырған Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойының тамашасы да, тағылымы да мол болып, биік деңгейде өтуі – бір өңір үшін ғана емес, барша халық үшін үлкен сын. Сондықтан осы тойға атсалысқан қазақстандықтардың барлығына жамбылдықтардың алғысы шексіз. «Келгенше қонақ ұялады, келген соң қонақ иесі ұялады» деген, әлемдік қаржы дағдарысына қарамай дүбірлі той өткізіп, қонақ күтуге білек сыбанып кірісіп кеткен Тараз қаласының бес жұлдызды қонақ үйлер мәселесінде ептеп қысылатын жәйі бар екенін жасырмаймыз. Сондықтан келушілер бұған түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Тойға келетін елдің қарасы өте мол. Әйтсе де құшағымыз кең, пейіліміз ақ, келген қонақтардың бұл тойдан тағылым алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Елбасымыз үнемі есімізге салып отыратын «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген мақалдың тағы бір рет сыналған тұсы да осы тойды ұйымшылдықпен өткізу деп білемін.
– Әңгімеңізге рахмет!

IMG_8908+ IMG_7156 IMG_6285 IMG_6214 IMG_6142 IMG_4403 IMG_3515 IMG_3513

Әңгімелескен Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.

Comments are closed.