- Advertisement -

Торқалы тойдың тамыры тереңде

97

- Advertisement -

Нұрлан Оразалин,
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, сенатор.

Қазақтың тарихы тым тереңде жатыр. Кескілескен шайқасқа, күреске толы ғасырларда біздің бабаларымыз алып аймақты аман сақтап, келесі ұрпаққа, халыққа үлкен мұра ретінде қалдырды. Барлық хандарымыз дерлік, ұлттың, елдің болашағы үшін жан аяған жоқ. Бүгін міне, еркіндік, азаттық, тәуелсіздік деп аталатын үлкен ұғымның арқасында өткенімізге үлкен баға беріп, тарихымызды төрге оздырып, Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойын тойлап отырмыз.
Негізі бұл ұлы тойдың басы Ұлытаудағы Елбасының салиқалы сұхбатынан басталды деуге де болады. Ондай үлкен жиынның өтуі – ең алдымен, елдегі тыныштық пен қоғамдағы түсіністіктің, барша халықты бір мұратқа жұмылдырып отырған тұңғыш Президентіміздің еңбегі. Ұлытау сұхбаты бүгінгі қазақ елінің тағдырын, тіліміздің, дініміздің, жеріміздің тұтастығына қатысты тереңнен толғап, ұлтты ұйытар, өзін-өзі сақтауға жұмылдырар, мемлекет ретінде бағыт-бағдарымызды анықтауға жетелер тарихи толғаныс болды. Бұл сұхбатта айтылған тұжырымдар, бағдаршам болар ойлар, пікірлер жинақталып бір қарапайым, халыққа жетімді үлгіде жаңғырып миллион санды аудиторияға бағытталды. Бұл – тарихи сөз. Тарихи сөз болатын себебі өте өтімді, өте жетімді. Елбасы Жолдауларында, әр кезең, әр тұста айтқан халыққа арнауларында, мақала сұхбаттарында айтқан сөздеріне орала отырып, қазіргі аса күрделі кезеңде халықты тыныштыққа, байсалдылыққа, сабырлылыққа шақыратын сөз болды.
Ұлытау төрінде қаншама ұтымды ойлар айтылды. Тарихқа тереңінен шолу жасалды. Әрине, мұның бәрі еліміздің рухын көтеруге бағытталғаны айқын сезіледі, аңғарылады. Оны біз жан жүрегімізбен түсінеміз. Сезінеміз. Бүгінде 550 жылдық торқалы тойы тойланғалы отырған Қазақ хандығының мерейтойы Ұлытаудағы сұхбатпен тамырлас жатыр. Біз қашанда елдігімізді сақтау жолында бірлікті, берекелі тірлікті ту еткен халықпыз. Қаншама ұлт пен ұлыс бүгінде бейбітшілік аспаны астында баянды ғұмыр кешіп отыр.
Қазақ хандарының арманы еліміздің болашағын баянды ету болса, сол ұлы мұратты, асқаралы арманды тәуелсіз елдің Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сәтімен іске асырып, еліміздің мерейін арттырып келеді. Енді міне, Қазақстанның терең тарихқа толы мемлекет екенін күллі дүниежүзі, шартарап сезінетін күн де келіп жетті. Ол – Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы. Бұл елдіктің, ерліктің мерейтойы екені айтпаса да түсінікті ғой.
Осы орайда ұлы тойдың лайықты деңгейде тойлануына назар аударып, қолдау көрсеткен, мұрындық болған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдіре кеткеннің ешқандай да сөкеттігі жоқ. Елдіктің тойы тасы да, құмы да тарихтан сыр шертетін, көне шаһар Таразда тойланатыны біз үшін үлкен қуаныш, мәртебе. Тарихи сәт. Тараз – шын мәнінде де тарихымыздың темірқазығы.
Асыл мұраттарымыз орындала берсін, торқалы той құтты болсын! Тәуелсіздігіміз баянды болып, еліміздің абыройы аспандай берсін деген игі тілек білдіргім келеді.

Астана.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support