Әлеумет

Біз – ұлы дала перзенттері деген атқа лайық болуымыз керек

Біз – ұлы дала перзенттері деген атқа лайық болуымыз керек

Олжас Сүлейменов, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері.

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын тойлау – еліміздің жаңа тарихындағы айтулы оқиға екені анық. Бұл мерейтойды күллі түркі тілдес халық өкілдері қолдап, қуаттайды. Түркі тілдес мемлекеттердің көшбасшылары мен олардың арнайы өкілдері бір қолдың саласындай бірігіп, ел халқын арнайы құттықтап келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алқалы жиындағы баяндамасы да тарихымыздың мәнін ашуға, келген қонақтардың назарын соған аударуға арналды деп ойлаймын. Бұл алдымен жас өскін ұрпақты, жалпы қазақстандықтарды «Ұлы дала елі» ұғымының мәнін тереңірек түйсінуге, оны ақиқат ретінде қабылдауға, солай сезінуге үндегені, шақырғаны талас тудырмайды. Мұнымен қоса, Елбасы сөзі ел халқының, жастардың өз елінің тарихы тереңде екенін сезініп, сол сан қатпарлы кезеңдерге құрмет көрсетуіне сеп болары сөзсіз. Менің жас күнімде жазып, өмір бойы ұстанып келе жатқан қымбат қағидам – тауларды аласартпай, даланы асқақтату. Елбасы сөзі дәл осы ойдың орайынан шыққандығымен көңіл толтырып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев тарихи сөз сөйледі. Бұлай дегенде мен ол сөздің тарихқа арналғандығын, тарихи оқиғаға байланысты айтылғандығын меңзеп тұрған жоқпын. Президенттің бұл сөзі Мемлекет басшысының қазақ тарихын жалпы бағалау арқылы оның мән-маңызын терең ашып көрсеткендігімен ерекше құнды. Елбасы қазақ мемлекеттілігінің түп-тамыры өте арғы замандарда екенін нақты дәлелдеді. Тарих мәселелерімен айналысқаныма жарты ғасырдан асып барады. Осы жылдарда талай еңбектерімде мемлекеттіліктің бірінші белгісі жазуы болуы екендігін айтқанмын. Менің түркі жазуының бастауларын қазақ даласынан алыс жерлерден іздегенім белгілі. Мұның өзі біздің бабаларымыздың жеті жұртпен жалғасып жатқан дәстүрлері мол болғанын білдіреді. Жұбан ақын жақсы айтқан, «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп. Біздің ары-бері жөңкіле көшіп-қонуымыз Еуразияның алып даласында әртүрлі мемлекеттіліктердің пайда болуымен, өркендеуімен, жоғалуымен жалғасып жатқан. Түркілер сияқты ұлы этностың жиналусыз, құрылусыз өмір сүруі әсте мүмкін емес еді. Мемлекет дегеніміздің басты белгісі де сол. Қазір біздің қайта жиналып, қайта құрылып жатқанымыздың маңызы да осында. Бұл, әсіресе, он сегізінші, он тоғызыншы ғасырлардағы катастрофалардан кейін ерекше мәнді. Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ дегенді қайталай айтқаны өте жақсы болды. Иә, тарихымызда біз ұялатын ештеңе жоқ. Бабаларымыз жаулаушылық, тонаушылық соғыстарын жүргізіп, тарихта қанды ізін қалдырмады. Сонымен бірге, біздің тарихымызда біз қайғыра еске алатын кезеңдер баршылық екенін де ұмытпауға тиіспіз. Біз сол кезеңдерде етек-жеңімізді жинай алмағанымыз, басымыздың бірікпегені үшін қысылуға, сол трагедиялы тұстардан тағылым алуға тиіспіз. Президент сөзінің қуатты бір тезисі осы. Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесінің тұтастығына да тоқталды. «Араб көктемінен» кейін сондай сынақты сырт күштер түркі дүниесіне де дайындамайды деп ешкім де айта алмайды. Осы тұрғыдан қарағанда біз түркі тілдес елдердің қуаттанып келе жатқанына қуанамыз. Менің досым Гейдар Алиевтің ұлы Ильхам Алиевтің басқаруымен Әзербайжанда өте ірі істер атқарылып жатқанын атап өту жөн. Қарабақ қырғынынан кейін елдің еңсе көтеріп, бой тіктеп кетуі үлкен жетістік. Мені ақын ретінде Нұрсұлтанның өз мемлекетімізді Ұлы Дала елі деп бейнелі атау жөніндегі ұсынысы өте қуантады. Бұл өте дұрыс. Енді біз Ұлы Дала перзенттері деген атаққа лайық болуды ойлауымыз керек. париж.