Таластық түйе балуандар республикалық «Қазақстан Барысы» турниріне жолдама алды
Таластық түйе балуандар республикалық «Қазақстан Барысы» турниріне жолдама алды
«Тараз-Арена» спорт кешенінде өткен Елбасы Н. Назарбаевтың жүлдесін сарапқа салатын жарыстың облыстық кезеңінде әр ауданнан келген кіл мықты балуандар боз кілемдегі жарыстың көрігін қыздырды. Қай-қайсысының да көксегені – жеңіс. Өйткені, бұл додада бәс жоғары. Жыл өткен сайын мықты спортшылардың қатары өсіп келеді. Бұрын мұндай жарыстарда басты фавориттер болмаса, басқа спортшылардың белдесулері аса қызықсыз өтетін. Шеберліктері толыспаған балуандар ұзақ аңдысып, ұпай санындағы басымдықпен ғана жеңіске жететін. Бұған дейін боз кілемде негізгі бәсеке Тараз қаласының, Талас және Жамбыл аудандарының спортшыларының арасында өтетін. Бұл жолғы тартыс басқаша. Алғашқы айналымдарда Жасұлан Әбішов, Айдос Теңгебаев, Дәулетхан Жақыпов сынды мықтылармен жолдары түйіссе де Қордай, Т. Рысқұлов, Шу аудандарының үміткерлері жақсы қырларынан танылды. Иә, қазақ күресі қанатын кеңге жая бастаған екен. Қордайлықтар Қуаныш Құбаниязов, Еламан Байшеев, құландық Ғалымбек Молдақұлов, шулық Нұрлан Сауранбаев қазақ күресіне шындап ден қойса, бірер жылда соңдарынан көптеген ізбасарлар ертетіні анық. Дегенмен, республикалық турнирге жолдама үшін талас осы жолы да таластықтар арасында өтті. Ақтық бәсекеде «Қазақстан Барысы» турнирінің 2012 жылғы жеңімпазы, «Eurasia Barysy» халықаралық турнирінің чемпионы Бейбіт Ыстыбаев Таластың жас қыраны Дәулетхан Жақыповты жеңді. Үшінші орын үшін өткен белдесуде құландық Ғалымбек Молдақұлов таластық Айдос Теңгебаевтан айласын асыра алмады. Қазір Тараз қаласының намысын қорғап жүргенмен Бейбіт Таластың тастүлегі екені белгілі. Ағасынан ұпай саны бойынша ғана жеңіліс тапқан, дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Дәулетхан да түйе балуандар мекенінде туып-өскен. Ол былтырғы бәсекеде ақтық белдесуде Айдос Теңгебаевтан басым түскен болатын. Бірақ, Дәулетхан дүниежүзілік универсиадаға баратын болып, республикалық «Қазақстан Барысы» додасына қатыса алмай қалған еді. Ал, Бейбіт өткен жылы бұл сынға іріктеусіз өткен. Дәулетхан финалда Бейбітпен күресу оңай болмады дейді. Ол ағасымен бұрын да бір рет белдесіп, жеңілген екен. «Бастысы республикалық турнирге қатыссам болды. Былтыр универсиадаға барамын деп жолым түспей қалған. Биыл ондай күнтізбелік жарыстар жоқ. Алла қаласа, осы жолы боз кілемде өз бағымды сынап көрмекпін», – дейді Талас қыраны (Д. Жақыповтың лақап аты). Республикалық «Қазақстан Барысы» турниріне аймақтық іріктеу кезеңі аяқталды. Астанада өтетін алыптар аламанында облысымыз биыл тағы да таластық балуандарға үміт артып отыр. Оған дайындық басталып та кетті. Бастысы – уақытты текке жоғалтпау керек. Ыстыбаев та осындай пікірде. «Елімізде қазақ күресі қанат жайып келеді. Талантты балуандар жетерлік. Бәсекелестік бар. Алла қолдап, жеңіске жеттім. Енді Астанада өтетін финалға тыңғылықты дайындық жүргіземін», – дейді ол.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».