Әлеумет

Түбімізді білдік, түбірімізді таптық

Түбімізді білдік, түбірімізді таптық

Балнұр Қыдырбек, композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан композиторлар одағының Төрағасы.

Әлі есімде, 1977 жыл, ақпан айы, мен 4-курс студентімін. Мәскеуге композиторлар одағының жастар шығармашылығына арналған пленумына барғанмын. Сол кезде Еркеғали Рахмадиев те бір іссапармен сонда жүрген. Тілес Қажығалиев екеуміз ағаймен амандасуға «Москва» мейманханасына бардық. Нөмірінде бірнеше адам отыр, кинорежиссер Эльдор Уразбаев, күйші Мағауия Хамзин, әнші Рахима Жұбатырова. «Транссібірлік экспресс» киносының музыкасын таспаға жазуға бәрі «Мосфильмге» келген. Рахмадиев өте ашулы. Тілес екеумізді үлкен люкс нөмірдің түпкі бөлмесіне шақырды. Есікті жауып қойып, «Ақсақ құлан» күйінің мазмұнын айтты. Түк түсінбестен үндемей отырмыз. «Ол оқиға 1227 жылы болған, биыл қазақ кәсіби музыкасының 750 жылдығы, шіркін, жеке мемлекет болсақ мұны дүрілдете тойлар едік!», деді. Мұндай ішіңнен ойлауға қорқатын диссиденттік сөзді Еркеғали ағай айтып тұрғанына, тіпті бәріне де аң-таңбыз. Сөйтсек, күндіз ол кісі ЦК КПСС-тің мәдениет бөлімінде болып осы ұсынысты айтыпты. Әрине жауабы белгілі: ЖОҚ! Ашуын қалай басарын, кімге айтарын білмей отырғанында біз келіппіз. Айтарын ақтарып алып: «ал, қайтыңдар, мыналармен әлі талқылайтын мәселе көп» деп бізді шығарып жіберді. Шыны керек, көпке дейін бір-бірімізден күдіктеніп те жүрдік... Мен Ұлы Отан соғысынан кейін дүниеге келген, еліміздегі ең көп ұрпақтың өкілімін. Әйтеуір қазақ екенімізді білдік, бірақ ол қазақ деген кім, қайдан шықты, тарихы қандай, тіпті тарихы бар ма (?) – ол жағынан толық беймәлім болдық. Орыс әдебиетін жатқа біліп, орыстармен бірге Алтын Орданы жамандадық, орыс тарихындағы тұлғаларға құлшынып, хан, би, бай дегендерден жиіркендік... Дегенмен, Қазақ тәуелсіздігін орнатып, нығайту біздің ұрпаққа бұйырыпты. Қуанышын да, шаттығын да көріп жатырмыз. БҰҰ мінберінен алғашқы рет Қазақ тілі жарыққа шықты. Құтты болсын, ағайын! Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында, экономикалық жағдай нашар болғанымен ел тәуелсіздігінің арқасында рухани болмысымыз шарықтап тұрған кез. Жоғымыз табылып, жабық, жасырын сыр ашылып, бүкіл қазақ болып ата-бабаларға тағзым етіп, ас бере бастаған кез. Сол шамада талай келімсектермен ұрысып та қалған кез. «Ел аштан өлейін деп жатқанда, қазақтың тойы бітпеді, экономика құлдырап тұрғанда Астананы көшіріп жатыр» деп байбалам салғаны есімде. «Астананы көшіру қазаққа түк емес – киіз үйді жығып, қайта тіккендей; ал аты жаңғырған ата-баба әруағы қазақты қолдап, әлемнің алдына шығарады» дейтінбіз. Қазақ бейбіт халық. Ғасырлар бойы өмірі соғыспен өтсе де, тек қана өз жерінің бостандығы үшін соғысқан, бөтен елге, бөтен жерге көз тікпеген. Міне, елдігіміздің Ұлы тойын – Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап жатырмыз. Түбімізді білдік, түбірімізді таптық. Қазақ жасасын, Елбасы аман болсын!