- Advertisement -

ЖӘҢГІР ЖҮРГЕН ЖЕРЛЕРМЕН

103

- Advertisement -

Халық ағарту министрінің бұйрығымен қазақ ордасының ханы, генерал-майор Жәңгір Бөкеевке берілген
«Ғылымға сіңірген еңбегі үшін» құрметті дипломы араға бір жарым ғасыр салып Қазақстанға жеткен

Біздің Қазанда алғашқы бас сұққан жеріміз – Қазан университеті болды.
1804 жылы 5 қарашада Ресей императоры Александр І-дің жарлығымен ашылған Қазан университеті – әлемдегі ең ежелгі оқу орындарының бірі. Кезінде КСРО-ның атақты 39 академигі оқып, қызмет істеген оқу орнында Ленин, Толстойлармен қатар, қазақ ханы Жәңгір Бөкеев те болған.
Қазан университетінде оқу орнының тарихи мұражайымен қатар, геология-минерологиялық, этнографиялық, ботаникалық, зоологиялық, археологиялық, химиялық 7 мұражай бар екен. Осылардың ішінде бізді қызықтырғаны – тарихи мұражай болды. Бұрынғы акт залында ашылған мұражайда белгілі тұлғалар туралы танымдық материалдар көп болып шықты.
Біздің алыстағы Қазақстаннан келгенімізді білген мұражай қызметкері бірден Жәңгір ханға арналған бөлімге әкеліп, экспонаттармен таныстырды. Онда көз көріп, таныс болған суреттермен бірге жазысқан хаттар және бірнеше араб тілінде жазылған кітаптар сақталыпты.
Ақыл сияқты талғам да үлкен мәдениеттілікті талап етеді. Оны кім нәзік сезіне білсе, жақсыны да қаттырақ аңсайды. Адам неғұрлым терең болса, оның тұлғасы да соғұрлым биік келеді. Ой жоқ жерде сөз де тез бітеді.
Жәңгір хан Қазан университетіне үлкен оймен келіпті. Бұл оның жоғары білім ордасына ең алғашқы сапары болған. 1826 жылы хан Мәскеуде І Николай патшаның таққа отыруының ұлықтау салтанатына қатысып, жолай Қазан университетіне соғады. Бұрын-соңды оқу орнында мұндай жоғары мәртебелі ханның алғашқы есік ашуы болар, университет басшылығы оны өте жоғары деңгейде қарсы алып, зор құрмет көрсетеді. Хан университет ғимаратына бар болмыс-бітімімен – ақсүйектерге тән парасатымен, бес қаруын асынып келіпті. Сөйтіп, ол Ресей императоры әлі бас сұқпаған оқу орнын еркін аралайды. Оқу орнымен танысу кезінде университет баспасынан шыққан кітаптардың мұқабасын мүдірместен оқып, оларға өз қызығушылығын танытады. Ректор оған Қазан баспасынан шыққан «Әбілғазы. Түрік шежіресі» кітабын сыйға тартады. Қазақ ордасы ханының бұл сапары болашақта университет ғалымдарымен үлкен сыйластыққа алып келеді. Ағартушылыққа, білімге деген жаны құмар Жәңгір хан университетке Бұхара, Самарқанд, Хиуадан алдырған түрлі кітаптар тарту етеді.
Осы жерде бір нәрсені айта кету керек. Көп адамдар Жәңгір ханды Қазан университетінде оқыған деп шатастырып жүр. Шын мәнінде, хан мұнда білім алмаған. Оның білім ордасына деген шынайы қамқорлығы 1844 жылы университеттің құрметті мүшесі болып қабылдануына алып келген. Оның үстіне Ресей императорлық Ғылым академиясына алғашқы буында тек шетелдік ғалымдардың ғана мүшелікке қабылданғанын ескерсек, Жәңгір ханды Қазан университетінің шығыс ұлтынан сайланған тұңғыш мүшесі ретінде санауымызға да болатын іспетті.
Мұражай қызметкерлерінің бізге білім ордасының қабырғасына Жәңгір ханның 2013 жылы орнатылған ескерткіш-тақтасын көрсетуі көңілімізді марқайтты. Халық ағарту министрінің бұйрығымен қазақ ордасының ханы, генерал-майор Жәңгір Бөкеевке берілген «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін» құрметті дипломы араға бір жарым ғасыр салып, Қазақстанға жеткен. 1995 жылы оны Татарстанның бұрынғы президенті Мыңтемір Шаймиев ұлы Абайдың 150 жылдық тойы үстінде Қазақстан Президентіне табыстапты.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,
Қазан-Нижний Новгород-Алматы.
(«Алматы ақшамы» газеті.
Ықшамдалып жарияланып отыр).

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support