Мәдениет

Тағылымы мол тойға дайынбыз

Тағылымы мол тойға дайынбыз

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов осылай деді

Қазақстан Республикасы Президенті аппараты жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі мен облыс әкімдігі бірлесіп «Тараз қаласының Қазақ хандығының 550 жылдығына дайындығы туралы» тақырыбында көшпелі брифингті облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында ұйымдастырды. Бұл шараның мақсаты – еліміздің барлық аймағы құлағын түріп отырған маңызды тойға біздің облыстың дайындығымен ақпарат құралдары өкілдерін таныстыру. 

IMG_8851

Брифингте облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов аталған тақырып бойынша БАҚ өкілдерінің алдында баяндама жасады. Ерқанат Нұрбапаұлы Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асып, қыркүйек айында Елордамыздан бастау алған Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тойдың тарих үшін, келешек ұрпақтар үшін маңызы зор екеніне тоқталды. Сондай-ақ, ол 8-9 қазан күндері Тараз жерінде салтанатпен өтетін маңызды тойға облысымыз, оның ішінде Тараз қаласы толық дайын екенін нық сеніммен айтты. Облыс әкімінің орынбасары жалпы аумағы 8,4 шақырымды құрайтын «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында жүзеге асқан қарқынды жұмыстар барысына тоқталып, «Мыңбұлақ» гүлзарының, «Шолу мұнарасының», ашық аспан астындағы «Ежелгі Тараз» мұражайының ерекшеліктеріне баса назар аударды. Той қарсаңында бірнеше ғылыми конференция мен акциялар өткенін, маңызды тойға арналып мазмұны бай 8 кітап жазылғанын да назардан тыс қалдырмады. Той қарсаңында Тараздың гүлденуіне, абаттануына атсалысқан Астана мен Алматы қаласының және барлық облыстардың әкімдіктеріне облыс әкімі атынан шынайы алғысын білдірді. Баяндамадан кейін БАҚ өкілдері тарапынан сұрақтар қойылды. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі Оралхан Дәуіт, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы бастаған журналистер тарапынан қойылған маңызды сұрақтарға Ерқанат Нұрбапаұлы жан-жақты әрі нақты жауап берді. Сауалдардың көпшілігі қонақтарды қарсы алу, қонақ үйлерге орналасуы, шетелден келетін қонақтар саны, мәдени-спорттық шараларды өткізетін орындардың дайындығы жөнінде болды. Ерқанат Манжуов өз сөзінде шетелдегі өкілдіктерден қандастарымыз келетінін, олар бұл маңызды тойды өз елдерінің ақпараттық құралдарында тарататынын айтып өтті.

Мәселен, Тараз төріндегі маңызды тойға Ұлыбританиядан, Иран, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан секілді бірнеше мемлекеттен қонақтар келетініне журналистер қауымының көңілі толды. Ол күндері Тараздағы 27 қонақ үйдің барлығы меймандарға толы болмақ. Сондай-ақ, «Әулиеата» әуежайынан бірнеше бағытқа арнайы рейстердің ұшырылуы тиісті тараппен келісіліп, шешімін тауып отыр. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Нұрбапаұлы көшпелі брифингке қатысқан барлық БАҚ өкілдеріне рахметін айтып, барша қазақстандықтарды ортақ тойды ұйымшылдықпен өткізуге шақырды. 

* * * Көшпелі брифингтен кейін республикалық, облыстық БАҚ өкілдері Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында салынған құрылыстар мен той өтетін нысандарды аралап көрді. Мәселен, «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы барлық нысандар сәулетімен, сұлулығымен көз тартады. Жамбыл Жабаев алаңы, «Шолу мұнарасы», «Мыңбұлақ» гүлзары, ашық аспан астындағы мұражай бәрі-бәрі бір-бірімен гармониялық үйлесім тауып тұр. Мұнда Астана мен Алматы қаласының, Алматы, Батыс Қазақстан облыстарының қолтаңбалары өрнектеліп қалды. «Қарахан» кесенесі маңындағы гүлзарға Тараз тұрғындары ерекше қызығушылық танытып отыр. Бұл – Қызылорда және Қостанай облыстарының сыйлығы. Еліміздің Тұңғыш Президенті саябағы жанындағы гүлзарды Атырау облысы сәтімен аяқтап сыйға тартты. Тараздағы «Атшабар» алаңы той қарсаңында жаңаша құлпырды. Көрермендер отыратын 1500 орындық, тұңғыш рет Тараз төрінде тұсауы кесілетін поло ойыны өтетін алаң талапқа сай абаттанды, әрленді. Бұл алаңның көлемі 20 мың шаршы метр. Биік төбеге қойылған ақбоз аттың символдық бейнесі де көзге көрікті көрінеді. Қысқасы, мұндағы дайындыққа БАҚ өкілдерінің көңілі толды. Келесі сәтте БАҚ өкілдері Тәуке хан көшесі бойындағы «Қазақ хандығына 550 жыл» монументіне атбасын бұрды. Журналистерді жұмыс барысымен облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Ахметов таныстырды. Мұндағы жұмыстарға 501 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда «Мәңгілік Ел» монументінің биіктігі 30 метрді құрайды. Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы арнайы комиссия мақұлдаған Керей хан мен Жәнібек сұлтанның тақта отырған бейнесі таза қоладан құйылып орнатылған. Монументтің бас сәулетшісі – Серік Үрістембеков, Керей мен Жәнібек бейнесінің авторы – Мұрат Мансұров екен. Монументтің төңірегін абаттандыру жұмыстарына да көңіл толады. Халықаралық «Әулиеата» әуежайында да тойға дайындық қарқынды жүргізілді. Әуежайдың жаңартылу жұмыстары аяқталу үстінде. Біз ұшақтың қону алаңын, жолаушылардың қалаға қарай өту залын, ұшақты күтуге арналған залды, тіркеу орнын, билет сату орнын аралап көрдік. Өз әуежайымыздан бірнеше шет елдерге рейстердің ұшатыны көңілімізді өсірді. Сонымен, бірнеше нысанда арнайы болған БАҚ өкілдерінің Тараз қаласының тойға дайын екеніне көздері жетіп, көңілдері марқайды.

Есет Досалы, «Ақ жол». Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ рысмахан.