- Advertisement -

Мектептің жүрегі

89

- Advertisement -

Шынында да озық тәжірибелі, үлгілі ұстаз – мектептің бағы, шәкірттің де мерейі. Ал мектепте ұлағат бар, тәлім мен тәрбие бар. Оның бәрі де шәкірттерге жүрегі мейірімге толы, білімді де білікті ұстаздардан жұғысты болатыны баршаға аян. Біздің мектебіміз де ондай білікті мұғалімдерден кенде емес. Мысалы, ардагер ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Гүлсім Нұржанова білімұямызды жиырма жыл басқарды. Ол кісі басшылық еткен кезде мектепте, әсіресе, білімге, өнерге, спортқа айрықша көңіл бөлінген еді. Оның нәтижесі де жоқ емес. Сол тұстағы оқушымыз Бақтияр Артаев бүгінде Олимпиада чемпионы, Баркер кубогінің иегері атанып, ел мерейін асқақтатып отыр. Жоғары санатты ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі Сания Жанаділова даңқты спортшымыздың алғашқы ұстазы болды.
Саналы ғұмырының отыз жылын бала тәрбиесіне арнаған, тағы бір жоғары санатты ұстазымыз Зияш Әбілдаева да мектеп мақтанышы. Біз осындай ұлағатты ұстаздардың ісін басып келеміз. Олардан алар өнеге, тәрбиеміз, үйренеріміз де көп-ақ. Шәкірттері де олардың әрбір сабағын асыға күтеді.
Мектебімізді тәжірибелі педагог Баймұрат Жақсыбеков басқарады. Ол кісінің қадағалауымен оқушылардың білім сапасы жылдан-жылға артып, порттағы, өнердегі көрсеткіштері де жақсара түсті. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша бірқатар дарынды оқушыларымыз қала, облыс, республика көлеміндегі түрлі байқауларда жүлделі орындарды иеленіп, ұстаздарын қуантты. Талантты оқушылардың көптеген байрақты бәсекелерде топ жара озып келуі директордың әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Мәулен Райқұловтың жанашырлық танытуының нәтижесі екені анық. Бұл жетістіктерге қол жеткізуде, әлбетте, қызығы мен қиындығы қатар жүретін еңбектің, ұстаздардың мол үлесі бар.
Қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтілетін мұғалімдер күні қарсаңында елімізде, оның ішінде облысымызда да осынау ұлық мамандық иелеріне ерекше құрмет көрсетілуде. Бүгінде жер-жерде әр жылдардағы түлектердің өздеріне алғаш әріп танытқан ұстаздарына ілтипат танытуын басты мақсат еткен республикалық «Алғашқы ұстаз» акциясы өткізілуде. Мұның да мұғалім мәртебесін көтерудегі орны ерекше іс екені анық. Осынау акция аясында құрамында қалалық білім бөлімінің бас маманы Н.Дәулетбаев, әдіскер Э.Тортаева, № 54 мектеп директорының әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Д.Майманов бар түлектердің бір тобы өздерінің қолына алғаш «Әліппе» ұстатып, тәлім-тәрбие беріп, білім нәрімен сусындатқан Эльмира Алиева, Гүлмира Қалышева, Гүлнар Шолпанбекова, Сәуле Сыдықова сынды ұстаздарын төл мерекелерімен құттықтап, гүл шоқтарын табыс етті.
Ұстаздарды ұлықтау ауқымды шара түрінде аталып өтті.

Жазира КЕРІМБАЕВА,
Шона Смаханұлы атындағы
№44 орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support