Білім

Шәкіртке шуақ сыйлаған

Шәкіртке шуақ сыйлаған

Кеше облыс орталығындағы №54 орта мектептің акт залында Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің ұйымдастыруымен Мұғалімдер күні мерекесі құрметіне «Ұстаз жаны – нұр» атты мерекелік іс-шара өтті. Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін, саналы ғұмыры шәкірттерінің қадір-құрметіне бөленумен өтетін аяулы тұлға – ұстаздарды марапаттауға арналған басқосу ардагер ұстаздарды құттықтаудан, оларға сый-сияпат көрсетуден бастау алды. Тараз қаласының әкімі Н. Календеров бастаған бір топ білім мекемелері басшылары өздеріне әліппені жаттатқызған алғашқы мұғалімдерін құттықтады. Бұдан кейін талапты жастан танымал ұстазға айналып, бүкіл өмірін жас ұрпаққа білім беруге арнаған және ағымдағы жылы ғана зейнет демалысына шыққан қала мектептерінің бір топ мұғалімдері туралы түсірілген бейнероликтер көрсетілді, оларға гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар ұсынылды.

Салтанатты жиында қала әкімі Н. Календеров құттықтау сөз сөйлеп, тәуелсіз елімізде мұғалімдерге қамқорлық жасауға, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ұстаз еңбегін бағалауға айрықша көңіл бөлініп отырғандығына тоқталды. «Елбасының Жарлығымен республикамызда Еңбек Ері атағы мен «Алтын жұлдыз» және «Отан» орденінің ең алдымен білім саласының қызметкеріне берілгендігі, мектеп мұғалімдері еңбегінің елімізде жоғары құрметке ие екендігін айғақтайды», деді ол. Бұдан әрі Нұржан Сәбитұлы қала мектептері педагогикалық ұжымдарының білім саласына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдауға іспен жауап беріп отырғандығын айта келіп, аумақтағы білім мекемелерінің қол жеткен жетістіктеріне тоқталды. Іс-шара барысында жас ұрпаққа білім беруде үздік көрсеткіштерге жеткен ұстаздар Тараз қаласы әкімінің, қалалық мәслихаттың, облыс әкімдігі білім басқармасының және Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің грамоталарымен, Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мерекелік жиын марапатталған мұғалімдердің құрметіне арналған концерттік бағдарламаға ұласты.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».