Білім беру саласын жаңғырту жалғаса береді

102
Сулушаш-Курманбекова
Сұлушаш ҚҰРМАНБЕКОВА,
облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы.

Бүгінде Елбасымыз алға қойған, дамыған отыз елдің қатарына кіру жөніндегі «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» – баршамызға ортақ жауапкершілік жүктеп, ұлы істерге бастайтын маңызды шара екені белгілі. Бола­ша­ғымызды бағдарлап, кемел келе­ше­гіміздің көкжиегін айқын­дайтын осынау жалпы­ұлттық іске жұдырықтай жұмы­лып, үлес қосу – білім қыз­мет­керлерінің де не­гізгі міндеті болып отыр.
Мемлекетіміз тарапынан ерекше қамқорлық пен қолдау көрсетілуінің нәтижесінде облысымыздың білім беру жүйесіндегі маңызды мәселелер дер кезінде шешімін табуда. Мейлінше қолайлы жағдайлар жасалғандықтан, көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Білім саласын қаржыландыру көлемі артып, биылғы жылы осы салаға бөлінген қаржы 75 миллиард теңгені құрап отыр. Оның ішінде 7,4 миллиард теңге бөлініп, 24 білім нысанының құрылыс жұмыстары қолға алынғанын ерекше атап өткен жөн. Жаңа оқу жылында 7 мектеп пен 1 балабақша іске қосылды. Білім нысандарының 6-ы (2 мектеп, 4 балабақша) жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бір мектептің құрылысы Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын инвестициялық жобалар тізбесіне 2016 жылға енгізілді. Қалған 7 мектептің мәселесі 2017-2018 жылдары кезең-кезеңімен шешілмек. Апатты жағдайдағы 7 мектептің мәселесі шешімін тауып, осы санаттағы білім ұяларының саны 19-дан 12-ге кеміді. Жаңадан салынып жатқан нысандар есебінен 2-еуінің мәселесі келер жылы оң шешімін табады деп отырмыз.
Осындай қамқорлыққа ұстаздар қауымы да, оқушылар да нақты қайтарыммен жауап беруде. Биыл 36 мыңнан астам оқушы түрлі деңгейдегі интеллектуалдық ойындар мен пәндік олимпиадаларға қатысып, олардың 17,8 пайызы жеңімпаз атанды. Оқушылардың ғылымға деген құштарлығын арттыру мақсатында мектептерде құрылған ғылыми қоғамдар саны артты. Жеткіншектеріміз басқармаға қарасты «Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының» ұйымдастыруымен өтетін бұқаралық-спорттық іс-шараларға да көптеп тартылуда. Жекелеген мұғалімдердің, білім беру ұйымдарының да республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып, жеңімпаздық тұғырынан көрініп жатқандары баршылық.
Міне, мұның барлығы да облыс мұғалімдерінің шығармашылық әлеуеті бұрынғыдан әлдеқайда жақсара түскенін көрсетеді. Олардың кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатындағы жұмыстар ұдайы назарымызда.
Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның» 76-қадамында көрсетілген «12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу, функционалдық сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту» жөніндегі тапсырмасын орын­дау бойынша жаңа оқу жылында нақты жұмыстар белгіленіп отыр. Еліміз көлемінде 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізуді жүзеге асыру үшін белгіленген бастауыш білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты мен оқу бағдарламаларын сынақтан өткізетін 30 пилоттық мектебі қатарында Тараз қаласындағы А.Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназиясы мен Т.Рысқұлов ауданындағы №1 мектеп-лицейі де бар. 2016-2017 оқу жылынан бастап республиканың барлық бірінші сыныптары жаңартылған білім мазмұнына өтеді, ал екінші сыныптарда апробация жалғасады. 12 жылдық білім беруді 2021-2022 оқу жылдарына дейін кесте бойынша кезең-кезеңмен енгізу жоспарлануда. Яғни, еліміздің барлық мектептері 2022 жылдан бастап 12 жылдық оқыту моделіне көшеді деп күтілуде.
Орта білім беру жүйесінде ерекше назар аударатын мәселе – ҰБТ-де білім деңгейін жоғарылату күн тәртібінен түспек емес.
Елбасының «Таяудағы 2-3 жылда дуальдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыру» жөніндегі тапсырмасы да қазіргі уақыт талабына айналып отыр. Облыста дуальдік оқыту енгізілген колледждер тәжірибелік сабақтарға арналған сағат сандары 60 пайызға дейін ұлғайтылған эксперименттік оқу жоспарымен жұмыс істеді. Биылдан бастап Ұлттық кәсіпкерлер, сондай-ақ, Германияның Трир қаласының Қолөнер палаталарымен бірлескен жоба әзірленіп, келісімшарт бойынша Жамбыл политехникалық колледжі дуальді оқытудың эксперименттік алаңы болып бекітілді. Ал былтыр өңірдегі төрт бірдей колледж дүниежүзілік даму банкінің грантына ие болып, Жамбыл политехникалық колледжі «Кәсіпқор» холдингінің серіктес колледжі атанғаны баршаға мәлім. Мемлекеттік колледждерде даярланатын мамандықтарды белгілі бір салаға бағыттау, яғни мамандандыру бағытында жүргізілген жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Қалай болғанда да өңірдің қажеттілігіне сай жаңа мамандықтар ашу – негізгі міндеттердің бірі болып қала бермек. Білім басқармасы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен, өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, өңір сұраныстарына талдау жасай отырып, түлектерді жұмысқа орналастыру, мектеп түлектеріне кәсіби бағдар беру жұмыстарын жоспарға сәйкес өрістететін болады.
Сала ісін жаңғырту барысында оқыту үрдісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды көптеп енгізуге ерекше назар аударылуда. Облыстың білім мекемелерінде 52 эксперименттік алаң жұмыс жасап, 6 білім беру ұйымы мен 55 педагогтың іс-тәжірибесі облыс көлемінде таратылды. Педагогтардың 15047-і (66,2 пайызы) өз сабақтарында 15-тен астам инновациялық технологияларды табыспен қолданса, инновациялық идеяларды оқу-тәрбие үдерісіне енгізу барысында 76 педагог оқу құралдары мен оқу-әдістемелік кешендер жазып, әзірледі. Олардың бірқатары Білім және ғылым министрлігі тарапынан бекітіліп, еліміздің білім беру ұйымдарында қолданысқа да енгізілді. Сондай-ақ, облыстағы мектепке дейінгі мекемелерінің жүйелі жұмыстары осы жылдың тамыз айында Сочи қаласында өткен педагогтардың халықаралық слетінде ең үздік болып танылуы да – мектепке дейінгі білім беру саласында инновациялық жұмыстардың жоғары деңгейде жүргізілгендігін көрсетеді. Осындай шығармашыл ұстаздар арқылы білім саласына қатысты «100 нақты қадамда» белгіленген 5 қадам жүзеге асырылуда.
Мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына 89-шы қадамға сәйкес «Мәңгілік Ел» құндылықтары енгізілді. Сондықтан, жаңа оқу жылында облыс мектептерінде 6-шы сыныптарға арналған «Мәңгілік Ел» бағдарламасы, 7-ші сыныптарға арналған Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың өмірлік жолы үлгісіне құрылған «Көшбасшылық мектебі» бағдарламасы бойынша сабақтар өткізілуде. Жамбыл, Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Т.Рысқұлов аудандарында мектеп жанынан ашылған «Мәңгілік Ел» тәрбие және білім беру орталықтары жұмыс істейді. Ал 79-шы қадамға сәйкес табысты мектептерді ынталандыру, PISA, TIMSS, PIRLS сияқты халықаралық зерттеулер қорытындысы бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін елдердің деңгейіне жету мақсатында жұмыстар жалғасуда.
Бүгінде «көптілділік» саясатына сәйкес облыста үш мамандандырылған мектеп-интернатта негізгі пәндер ағылшын тілінде оқытылады, жеті мектепте «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» іс-тәжірибесі трансляциялануда.
Қысқасы, алдағы бағыт-бағдарымызды айқындап берген Ұлт жоспарын нақты іс жүзіне асыруға облыстың білім саласының барлық қызметкерлері еңбегімен, ізденісімен, шығармашылық құлшыныспен өзіндік үлестерін қосып келді, қоса да бермек.

Comments are closed.