Бекзат өнерімен биіктен көрінген

92

Қордайлық «Чунтян» дүнген фольклорлық-этнографиялық ансамблі облыстық байқауда топ жарды

Қордай ауылындағы Өтеген батыр атындағы аудандық Мәдениет үйінде облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына қарасты халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Жерұйығым – Жамбылым» атты ұлттық фольклорлық-этнографиялық ансамбльдердің облыстық байқауы өтті. Байқаудың кіріспе сөзінде облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мүбәрак Жинақбаева және өзгелер мәдени шараның Қазақ хандығының 550 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналып отырғанын айтты. Облыстың әр қиырынан келген тоғыз өнерпаз ұжымының қай-қайсысы да өз ұлтының халықтық әуені мен саз аспаптарының әуезді үнін насихаттап жүрген ел ішіндегі белгілі өнерпаздар екен.

Облыстық халық шығарма­шылығы орталығының көркемдік жетекшісі Эльмира Дүтбаева бастаған қазылар алқасының құрамында ҚР мәдениет қайраткері Ержан Рысметов, қордайлық жезтаңдай әнші, мәдениет саласының үздігі Қарлығаш Қожағазина, Абай атындағы Тараз гуманитарлық колледжінің аға ұстазы, қобызшы Рәзия Көрпебаева, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Рано Убайдуллаева сынды саз өнерінің әр саласынан кәсіптік терең даярлығы бар өнер мамандары байқауды барынша шынайы бағалауға тырысты.
Сахнада сан ұлттың тілінде әндер шырқалып, билер биленді. Орыс ұлты мен кавказдықтардың билері мен әндері айызыңды қандырса, келесіде ұйғырдың дутары сыңсып, татардың сыршыл әндері жан тербеді. Жүректен шыққан халық әндері жүрекке жетпей қоймайды, мейлі ол қай тілде болса да. Өнерпаздар ұлы дала сарындарымен, халық әндері мен әуендерінің таңғажайып сұлулығымен, сыршылдығымен тыңдарман жүрегін баурап алуға барын салды. Әрқайсысына төрт нөмірден берілген ансамбльдердің ішінде қазақ әндерін нәшіне келтіре орындағандары да («Маричка», «Сударушки», ұйғыр ансамблі) болды.
Әрине, өнер көрсеткендер арнайы музыкалық білім алған кәсіпқойлар емес. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, халық арасындағы ән-күйге бір табан жақын жүрген әрқайсысы әр саланың мамандары, көпшілігі зейнеткерлер. Міне, осы арада ансамбльдердің қартайып бара жатқандығы қаперге алынып, құрамына болашақта орнын басар, халық өнерін қастерлей білетін жастарды тарта білу керектігі де ескерілді. Байқау нәтижесінде тараздық өзбек, татар-башқұрт, Т.Рысқұлов аудандық орыс фольклорлық ұжымдарына ынталандыру сыйлықтары (25 мың теңгеден) берілді. Тараздық украин және Шу аудандық түрік ансамбльдері үшінші орындарды (50 мың теңгеден) бөлісті. Тараздық ұйғыр және Байзақ аудандық түрік өнер ұжымдары екінші орындарды (75 мың теңгеден) иеленсе, тараздық орыс халық аспаптар ансамблі бірінші орынға (100 мың теңге) лайықты деп табылды. Байқаудың бас жүлдесін (150 мың теңге) қордайлық «Чунтян» дүнген фольклорлық-этнографиялық ансамблі жеңіп алды.

Құрманбек Әлімжан, 
«Ақ жол».

Қордай ауданы.

Comments are closed.