Cиянь шәйін тиеген керуен таразға таяды
Cиянь шәйін тиеген керуен таразға таяды
Ұлы Жібек жолындағы байырғы дәстүрді жаңғыртып, Қытайдың Сиянь қаласынан шыққан керуен Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланғалы отырған Тараз шаһарына таяп қалды. Кеше облыс орталығына жапсарлас жатқан Байзақ ауданының аумағындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойына орын тепкен Үшбұлақ-«TauDos» демалыс кешенінде аталмыш керуенді күтіп алу салтанаты өтті. «Қытай-Қазақстан: Ұлы Жібек жолының шәй мәдениеті» атты керуен тарихи-танымдық бауырластықты дамыту мақсатында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің идеясымен, Сиянь қаласы әкімшілігінің, Қазақстандағы дүнген қауымдастығының және «Jing Sheng Yu» шай компаниясының бастамасымен ұйымдастырылған болатын.
Алдымен облысымыздың Алматы облысымен шекаралас Қордай ауданына табан тіреген керуеннің бұл екінші аялдауы болып отыр. Оларды мұнда қазақи кимешек киген әжелер шашу шашып, ауылдың алты аузын айтып қарсы алды. Қазақи қонақжайлылыққа бөленген керуен мүшелері Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарының өнерпаздары әзірлеген қолөнер көрмесін тамашалап, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы дайындаған өңірімізді мекендейтін түрлі ұлттар мен ұлыстардың ұлттық тағамдарынан дәм татты.
Бұдан соң жиналғандар мен қонақтар фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерінің концерттік бағдарламасын тамашалады. Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеев алты мыңнан астам шақырымды артқа тастап келген керуеннің қадамына құт тілеп, қос елдің ынтымағының одан әрі нығайып жатқанын сөз етіп, ізгі тілегін жеткізді.
– Қытай мен Қазақстанның бүгінгі берекелі бірлігі өзгелерге үлгі боларлықтай. Соның бір көрінісі деп осы бір игі шараны атасақ қателеспейміз. Сіздер аспанасты елі болсаңыздар, біздер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай Ұлы Даланың ұрпақтарымыз. Ілкіде елдер арасындағы сауда-саттықтың күре тамырына айналып, талай керуен көшінің куәгері болған бұл Жібек жолының тарихы тым тереңнен тамыр тартады. Сол бір ескі дәстүрдің қайта жаңғырылуы, оның Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына сәйкесуінің өзі тарихи сәт десек те болады, – деген М.Шүкеев көпшілікке мерекелік көңіл-күй тіледі. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығының меңгерушісі Лариса Лысова да өзінің жүрекжарды ықыласын білдірді. Бұдан соң қытайлық керуенбасы Джоу Дэ Шенгке қазақтың ұлттық қалпағы мен шапаны жабылып, құрмет білдірілді. Ал қазақи қонақжайлылық қасиетке тәнті болған керуенбасы өзінің алғысқа негізделген ниетін әсерлі сөздерімен жеткізді. – Осыдан екі жыл бұрын Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға ресми сапары кезіндегі Назарбаев университетінде сөйлеген сөзінде Ұлы Жібек жолын жаңғыртып, экономикалық дәліз жасау қажеттігін алға тартқан болатын. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы да оны қостай кеткен еді. Осыдан кейін қабылданған қытайлық «Жаңа Жібек жолы» экономикалық белдеуі» тұжырымдамасы мен қазақстандық «Нұрлы жол» бағдарламасы өзара үндесіп, екі елдің стратегиялық ынтымақтастығын нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Ағымдағы жылы Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бейжіңде өткен қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатқа құрметті меймандар қатарында қатысты. Мұның барлығы екі ел арасындағы достықтың көріністері. Біздің компания Қазақстандағы дүнген қауымдастығымен және Жамбыл облысы әкімдігімен бірлесе «Достық және ынтымақтастық керуені» аталған жобаны жүзеге асыра отырып, мемлекет басшыларының идеяларын іспен негіздеуді қолға алды. Сөйтіп, біз бұл сапарды екі үлкен дата – ҚХР-дің құрылуының 66 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап отырмыз, – деді Джоу Дэ Шенг. Сонымен қатар, керуен былтырғы жылдың 19 қыркүйегінде Шэньси провинциясының орталығы Сиянь қаласынан шыққанын айтты. Қаншама қиын да күрделі жолдардан өткен керуен мүшелері жалпы ұзындығы алты мың шақырымнан асатын ұзақ жолды артқа тастағанын білдік. 63 адам, 22 түйе, 4 ат арба және он бестей жеңіл жүк көліктерінен құралған керуен Тараз төріндегі торқалы тойдың басы-қасында болатынын ақтарыла айтқан керуен басы: «Біз сіздердің бізге деген құрметтеріңізді ешқашан ұмытпай, есте сақтап, елімізге мақтанышпен айтып барамыз. Осы керуеннің ізімен екі елдің достық қатынастары одан әрі арта түседі деген ниеттеміз» деп өзінің риясыз көңілін бүгіп қала алмады.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Байзақ ауданы.