Кітаптағы қазақ батырларына қатысты дауға Білім министрлігі араласты
Кітаптағы қазақ батырларына қатысты дауға Білім министрлігі араласты
Қазақ батырлары арақ ішті дегеннің еш әбестігі жоқ. Қоғамда дау тудырған «Қазақ әдебиеті» хрестоматиясына қатысты Білім және ғылым министрлігіне бүгін осылай тағы ақталуға тура келді деп хабарлайды КТК арнасы.
Қамбар батыр туралы жырдағы бас кейіпкердің арақ ішкені мен темекі шеккенінде тұрған ештеңе жоқ дейді шенеуніктер. Сірә, өздері ішіп-шеккен соң бағзыдағы қазақтар да солай істеген деп ойласа керек.
Бірақ бұны оқыған зиялылар жағасын ұстап отыр. Айта кетсек, мұның алдында ғана министрліктің тапсырысымен жасалған мектеп оқулығында Қырымды Ресейге қосып, масқарасы шыққан болатын.
9-шы сыныпқа арналған оқулықта «Фигура», «ашына», «арақ-шарап», «шылым» сияқты сөздер жүр. Батырлық дастанын авторлары осылай еш өзгертпестен мектеп бағдарламасына қосып жіберіпті.
“Ол қалай, қайдан кіріп кетті сол әңгіме? Мен сауал беріп, оны әрі қаратай түбіне жетейін, індетіп кірісейін! Ол принципінде қате нәрсе! Қалай болғанда да ол қате ұғым! Заманға ыңғайлап әртүрлі интернет сайттарда біздің намысымызға тиетін, ұлттық құндылықтарымызды аяқ асты етіп, таптайтын осындай-осындай нәрселер бас көтеріп, белең алып келе жатыр”, – дейді сенат депутаты Нұрлан Оразалин.
Оқулықтағы олқылыққа сенаторлар жағасын ұстаса, басты тапсырыс беруші – Білім және ғылым министрлігі керісінше жұртты шулатқан шумақтарды қызғыштай қорғап отыр.
Айтуларынша, «Қамбар батыр» жырының бұл нұсқасы бұған дейін де бірнеше рет басылып шығыпты. Онда да батыр арақ ішіп, шылым тартқан.
“Оны неге қате деп санайсыз, айтыңызшы маған? Оны қате деп санауға болмайды. Жазылған болса, оны біз не істейміз енді? Ол эпоста жазылған нәрсе”, – дейді Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Шоқпаров.
Ал оқулықты басып шығарған сол баяғы «Мектеп» баспасы. Дәл осы баспадан шыққан жоғары сыныптарға арналған оқулық күні кеше ғана Қырымды Ресейге қосып көрсетіп, халықаралық дауға себепкер болған.
Енді мұндағылар баланың ұғымына жат сөздерді кітапқа енгізіп тастап, бар кінәратты кейіпкерлерден көріп отыр.
“Бұл жердегі негізі мәтіндегі көрініс – Назымның әрекеті. Қамбарға өзінің сезімін білдіргісі келетін Назым жолдан өзі тұзақ құрып деп айтуға болады, өрмегін құрып, жаңағы арақ-шарап сандығына сақтап дегендей, бұл Назымның әрекеті”, – дейді «Мектеп» баспасы бас редакторының орынбасары Әуелай Оспанова.
Ал оқулық авторлары тіпті кітаптан олқылық тапқандардың өздерін сотқа береміз деп бұлқан-талқан болды.
“Қазақ халқының келешегіне қызмет етудің орнына осындай арандатушылықпен айналысасыздар! Шоу көтересіздер орынсыз! Бұл өте дұрыс емес! Мен тура сотқа берем сендерді”, – дейді оқулық авторларының бірі Совет Дүйсебаев.
Әдебиеттегі анайы әрекет, әсіресе әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Ашуға мінген ата-аналар жырды қалай болса, солай қолданған авторларды жауапқа тартуды талап етіп отыр.
Өйткені «Қамбар батыр» жырының басқа да әдеби, әрі «арақ, шарап» сөздері жоқ нұсқасы қолданылмай, қолға түскені басыла салған.