- Advertisement -

Алматыда жұмыс істейтін жапондықты несиеге жасалатын тойлар мен такси жүргізушілері таң қалдырған

86

- Advertisement -

pogudx3oj4h2q8l26g.3e71e8c8Қазақстанда Жапонияны жақсы көреді. Мұнда тұрақты түрде мәдениет күндері өткізіліп жатады. Суши – көптеген қазақстандықтардың сүйікті тағамы, ал жапондық көліктер жергілікті тұрғындардың сенімін жаулап үлгерген.

Жапондықтар біздің ел туралы аз біледі. Дегенмен елімізге келгеннен кейін, жақсы пікірде қалады. Қазақстанның Жапониядан ерекеше тұстарын қаржыгер Кацуя Ишизаки NUR.KZ тілшісіне тізбектеді. Алматыға өткен жылдың желтоқсанында келдім. Мен қаржы консультанты болып жұмыс істейтін компания мені осында жұмысқа жіберді. Бұған дейін Ресейде 10 айдай жұмыс істедім. Мені Қазақстанға жіберетіндерін білгенде “не себепті?” деп таңырқағаным бар. Мен Ресейде жұмыс істеуге дағдыланып алған едім, орыс тілін де түсіне бастадым. Бірақ қазір мен Қазақстанда жұмыс істеген жақсырақ деп санаймын. Себебі Ресеймен салыстырғанда, мұнда адамдар әлдеқайда қонақжай.

Алматы – қыста жапондықтар үшін тым суық. Көшедегі қардан бірнеше рет құлаған кезім де болды. Кептелістер де біртүрлі. Жапонияда кептелісті көре қоймайсың. Тек Токиода ғана демесең. Соның өзінде Токиода көбісі қоғамдық көліктермен жүреді.

Алматының табиғаты керемет. Шымбұлақ, Ақбұлақ. Қала орталығынан 30-40 минутта көлікпен тауға дейін жетуге болады. Токионың өзінде таулар жоқ. Шаңғы тебу үшін кемінде 3-4 сағат жол жүресің. Мен Шымбұлақты жақсы көремін. Маған Үлкен Алматы көлі ұнайды – онда мен әлі болған емеспін, бірақ фотоларын интернеттен көрдім. Өте әдемі жер. Көлге дейін велосипедпен жету – менің үлкен арманым. Маған сонымен қатар 28 панфиловшылар саябағы мен Тұңғыш президент саябағы ұнайды.

Мен Қазақстан туралы мұнда келгенге дейін ештеңе білмедім. Барлық дерлік жапондықтар Қазақстан туралы ештеңе білмейді. Кей кездері олар шатастырып, “сен Ауғанстанда жұмыс істейсің бе?” деп сұрайды. Ол қауіпті мекен. Бірақ Сабина Алтынбекова мен Алматының өзін Олимпиаданы өткізуге ұсынуының арқасында бірталайы Қазақстан жайлы біле бастады.

Мен Жапонияда қазақстандықтарды кездестіріп көрген емеспін. Бір қызығы бұл жерде ешкім менің қайдан екенімді сұраған емес. Қазақстанда түрлі ұлттар тұрады, содан бәлкім үйреніп те қалған шығарсыздар? Немесе мен қазаққа ұқсайтын болып тұрмын.

Девальвация – бұл өте жаман. Бірақ Қазақстанның экономикасына келетін болсақ, мен елде дамуға көп мүмкіндіктер бар деп санаймын. Мәселен мұнда уран, мұнай, көмір, сирек металдар бар.

Такси ешқашан уақытылы келген емес

Маған қазақтардың көмек беруге қымсынбайтын дәстүрлері ұнайды. Жапонияда тек туысқандар ғана бір-біріне көмек қолын созады, оның өзінде өте сирек жағдайда.

Мұнда такси ешқашан уақытылы келмейді. Бірақ қазір мен оларға уақытынан бұрын келуді үйретіп қойдым. Жұмыста да дәл солай. Өзгелер асықпайтындықтан, мен де жұмысыммен үлгермей қалып жатамын. Мен бастық емеспін, қаржыгермін, кей кездері ақпарат беруін сұрауыма тура келеді. Алайда өзгелер оны уақытылы бермей, салдарынан мен де кеш қалып жатамын.

Кей адамдар менің сұрағыма тікелей жауап бермейді. Олар ұзақ сөйлегенімен, менің сұрағыма ақыры жауап жоқ болып шығады.

Қазақтар қарт кісілерге сыйластықпен қарайды. Бұл тұрғыда біздің дәстүріміз ұқсас келеді.

Ұлттық тағамдардан маған Наурыз көже ұнады. Мұнда тауық еті де Жапониямен салыстырғанда дәмдірек. Бірақ қой етін ұнатпаймын, онда қанның иісі бар сияқты болып көрінеді. Кей кездері мұнда суши жеймін. Бірақ мұнда теңіз жоқ болғандықтан, балғын балықты табу өте қиын.

Айта кетерлігі, бізде сушиге қатысты бір дәстүр бар. Ешуақытта сушиді жұп санмен беруге болмайды. Тек тақ санмен беру керек. Өйтпеген жағдайда бұл қош айтысу мағынасын беретін болады. Егер мен өз бастығыма 4 суши әкелсем, онымен ендігі қызметтес болғым келмейтінін байқатқан болып шығамын.

Маған Жапониядан көп дүние жетіспейді. Балықтан бастап. Мені арнайы бір тағамды ғана әзірлейтін мейрамханалардың жоқтығы таң қалдырды. Мәселен Жапонияда тек қана рамен сататын мейрамханалар бар. Ал мұндағы мейрамханалардың мәзірінен бәрін табуға болады. Сонымен қатар автоматты түрде жанып, өшетін жарық. Мәселен үйге келіп, есікті ашсам, жарық жанады. Ал шығып, есікті жапсам, сөнеді. Бәлкім ондай бар да шығар, бірақ әлі кезіктірген емеспін.

Кітап дүкендері аз. Алматы туралы жаман айтқым келмейді, бірақ кітап дүкендерінің саны тұрғындардың мәдени деңгейін байқатады.

Несиеге той – бойжеткеннің тұрмысқа шығудан бас тартуына себеп

Жапонияда байлардың саны азырақ. Бірақ өмір сүру деңгейі орташа. Ал мұнда байлар көп. Бізде несиені екі пайыздық мөлшерлемемен береді, қателеспесем. Оны алатындар көп, бірақ тек үй сатып алу үшін. Егер көлік алғысы келсе, ақша жинауы тиіс. Несиеге той жасау тіптен мүмкін емес. Егер жапондық тойға несие алса, бойжеткен оған тұрмысқа шығудан бас тартуы да мүмкін. Тойлар бізде үлкен емес, 80-100 адамға.

Жапониялық компанияда жұмыс істеу жеңіл. Мәселен, мен жол апатына түссем, компания маған барлық шығындарды өтеп береді. Бұдан бөлек егер мен бастығыма келіп, менде күйзеліс болғандықтан әрі қарай жұмыс істей алмайтынымды айтсам, маған жалақымның 60%-ын сақтай отырып, 10 жылға дейін демалыс береді… Сол аралықта қызметкерді жұмыстан шығара алмайды. Кім жұмыс істейді дейсіз бе? Еңбекқор адамдар қашан да табылады…

Менің Жапониядағы жұмыс күнім таңғы сегізден түнгі 11-12-ге дейін жалғасады. Кесте бойынша мен тек тәулігіне 8 сағат, аптасына 5 күн жұмыс істеуім керек. Бірақ егер берген тапсырманы орындап үлгермей жатсам, бітірмейінше, жұмыстан кете алмаймын. Бірақ қосымша жұмыс үшін сыйлықақы алуыма болады.

Адамдар метрода ұйықтап жатуы да таңсық емес. Мен кезінде метрода күн сайын ұйықтап кететінмін. Тіпті жұмыс аптасынан кейін қатты шаршағандар ішіп алып, далада ұйықтап жатады.

Бізде төбелесуге тыйым салынған. Ол үшін жұмыстан қуыласың. Сонымен қатар денеңе тату салуға болмайды. Ірі компания татуы бар адамды ешуақытта жұмысқа алмайды. Көшеде шылым шегуге немесе қоқсытуға болмайды. Ол үшін айыппұл қарастырылған.

Көлікті мас күйде айдағандар 5 жылға жүргізуші құқығынан айырылады. Егер көлік адамды қақса, кез келген жағдайда жүргізуші кінәлі деп танылады. Бізде ережелерді өте сирек бұзады.

Токиода тарихи ғимараттар жоқ. Бірақ Киотода бар. Онда көпқабатты үйлер салуға болмайды. Қаланың келбетін бұзатын 4 қабаттан жоғары үйлерге тыйым салынған. Ал ғибадатхананың маңында үйлерді оған күн сәулесі әр жерден түсетіндей етіп қана салуға болады.

Токиода жер сілкінгенде мен кеңседе болдым. Автобустар тоқтап қалғасын, сол күні үйіме қайта алмадым. Сол күні 200 000 адам үйсіз қалды. Олар үшін арнайы үй салынды. Олар әлі күнге дейін сонда тұрып жатыр.

Менің арғы атам харакири жасады

Менің әкем өнеркәсіпте электр станцияларын басқарады. Анам үй шаруасымен шұғылданады. Олар Токиода тұрмайды. Біздер сирек араласып тұрамыз. Жапонияда тұрғанымда біз жылына бір-екі рет қана кездесетінбіз.

Менің арғы атам өзіне харакири жасаған – ол екі қала бір-бірімен соғысқан кезеңде жауларына берілмеу үшін осындай қадамға барған. Қазір тек якудзалар ғана бұл дәстүрді сақтап келеді.

Жазда және жаңа жылда отбасымызбен міндетті түрде жиналамыз. 21-28 тамыз – Об деген кезең. Ол уақытта өлілердің аруағы үйіне қайтып оралады деген сенім бар. Сол үшін бәріміз жиналып, дұға оқимыз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support