Полицейлердің мерейтойға құрметі
Полицейлердің мерейтойға құрметі
Ардагерлер Тараз бен Меркі арасын велосипедпен жүріп өтеді
Қазақ хандығының 550 жылдығы және қарттар күніне орай облыстық ішкі істер департаменті ішкі істер органы ардагерлерінің бір күндік веложарысын ұйымдастырды. Осы шараға орай Тараз қаласындағы Төле би ескерткішінің алдында салтанатты жиын өтті. Алдымен полиция ардагерлері қазақтың бас биінің рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қалижан Шоңғарбаев жақын күнде Таразда дүбірлеп өтетін мерекенің маңызы өте жоғары екенін айта келіп, веложарысқа қатысуға ниет білдірген полиция ардагерлеріне алғысын білдірді. Мұндай шараның жас полицейлерге үлгі екенін, жастарды патриоттық, отаншылдық сезімдерге жетелейтінін айтып өтті. Келесі сәтте облыстық ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Өрнек Смайлов Елбасымыздың бастамасымен өткізілгелі отырған Қазақ хандығының 550 жылдығы терең тарихымызды танытатын мереке екенін айта келіп, жастарды ата тарихымыздан тағылым алуға шақырды. Сондай-ақ, бір топ полиция ардагерлері Алғыс хаттармен марапатталды. Бұл веложарысқа Тараздағы «Дмитрий және К» компаниясы демеушілік жасапты. Жиын барысында жас әншілер Гүлдерайым Нұрмолдаева мен Гүлназ Мамыралиева патриоттық әндер шырқады. Салтанатты шарадан кейін полиция ардагерлері спорттық велосипедпен Меркі жеріне бет алды. Олар жалпы 350 шақырым қашықтықты велосипедпен жүріп өтпек. Полиция ардагерлерінің отаншылдығы осындай белсенділіктерінен байқалса керек.
Есет Досалы, «Ақ жол».