Алматыда Орталық Азиядағы алғашқы Samsung Инновациялық академиясы ашылды
Алматыда Орталық Азиядағы алғашқы Samsung Инновациялық академиясы ашылды
Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Орталық Азияда тұңғыш рет Samsung Инновациялық академиясы ашылды.
«Бұл академияның ашылуын ел деңгейіндегі үлкен уақиға деп айтуға болады. Енді мұнда арнайы орта білім беру мекемелерінің студенттері сервистік қызмет көрсету саласымен етене танысатын болса, ұлттық университетіміздің студенттері әзірлеу жобаларынан бастап, бағдарламалық жасақтамаларға дейінгі барлық үдерістерге қатыса алады. Сонымен қатар, ақпараттық-коммуникациялық технология және сандық шешімдер саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады», - деді өз сөзінде университет ректоры Ғалым Мұтанов.
Ол сонымен қатар университет пен компания арасындағы мұндай әріптестік - әлемде қазақстандық студенттердің әлеуетінің жоғары екендігін білдіретіндігін жеткізді.
«Бұл академияның ашылуы әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігінде Қазақстанның әлеуетін нығайтуға және экономикамыздың дамуына септігін тигізеді. Және де ол елімізде жүргізіліп жатқан индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының талаптарына толық жауап бере алады», - деді Ғ. Мұтанов.
Айта кетелік, академия заманауи қондырғылармен жабдықталған және теориялық және практикалық деп аталатын екі аймаққа бөлінген.
«Мұндай Samsung зертханасы Орталық Азияда тұңғыш рет Алматыда ашылып отыр. Мұны өзара тиімді ынтымақтастық деп санаймын. Өйткені, мұнда студенттер тәжірибе жинақтап қана қоймай, сонымен қатар біздің компанияда, қала берді жалпы ақпараттық технология саласында ойдағыдай жұмысқа орналасып кетуге мүмкіндік алады», - деді кезегінде Samsung Electronics Central Eurasia компаниясының президенті Юнсу Ким.