Ұлы жібек жолының бойымен алты мың шақырым
Ұлы жібек жолының бойымен алты мың шақырым
жүріп өткен керуен облыс аумағына келіп жетті
Алматы және Жамбыл облыстарының шекарасында Қытайдың Цзиньян (Сиянь) қаласынан шығып, Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекеленетін тарихи шаһар Таразға келе жатқан «Қытай-Қазақстан: Ұлы Жібек жолының шәй мәдениеті» атты түйелі керуенді Қордайда қарсы алу салтанаты өтті.
«Алматы-Ташкент» автомобиль жолының 143-ші шақырымындағы екі облыстың шекаралық белгісі тұсында, күре жолдың бойына бір түнде үлкен ауыл көшіп келгендей. Қордай, Шу және Меркі аудандарының қос-қостан тіккен ақшаңқан киіз үйлері мен ортадағы ашық сахна сонадайдан көз тартады. Әудем жерде құрылған алтыбақан, әр ауданның өлкетану мұражайларынан әкелінген тарихи экспонаттардың, шеберлердің қолынан шыққан жәдігерлердің, ұлттық нақыштағы бұйымдардың көрмесі. Іші-сырты ерекше әдіптелген киіз үйлердің алдында қазақтың ежелгі салт-дәстүрлерін барлық қырынан көрсетуге, қазақ дастарханының берекесін танытуға бәрі дайын. Үш ауданның ұлттық киімдері жарасқан азаматтары мен ән мен жырдан шашу шашатын өнерпаздары бүгінгі шараға бар сән-салтанатымен келген. Оларға Қордайда өткен фольклорлық-этнографиялық ансамбльдердің облыстық байқауына қатысқан өнер ұжымдары өз ұлттық бейнесімен қосылғаны тіпті жарасымды. Қазақпен қатар, орыс та, әзірбайжан да, украин да, дүнген де, түрік те, татар да, бәрі осында. Осылай көпұлтты еліміздің шынайы келбетін бейнелеген жамбылдықтар аспан асты елінен жеткен қонақтарды күтіп алмақшы.
Облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының, Қордай, Шу, Меркі ауданы әкімдіктерінің қолдауымен қарсы алу рәсімі театрландырылған көрініс түрінде өтті. Алдымен ат ойнатып, керуен келе жатқанын сүйіншілеген бала жетті. Дыбыс күшейткіштерден жұрттың бұған қуаныш білдірген абыр-сабыры, ауыл ағаларының жастарға: «қазан көтерілсін, сауық-сайран құрылсын!» деген пәрмені естілді. Облыс әкімінің орынбасары Е. Манжуов, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Д. Бықыбаев, аудан әкімдері бастаған қауым қонақтардың алдынан шықты. Қос бүйірінде теңселген теңдерін бұйым құрлы көрмей маң-маң басқан марқасқа түйелер, жәшік-жәшік жүк артқан атты тарантас арбалар, соңынан осы заманның жүрдек жүк көліктері тізілген ұбақ-шұбақ керуен көші, міне, облыс шекарасына да тұмсық тіреді.Керуен басы Джоу Дэ Шенг бастаған қонақтарға қазақтың нан-тұзы, дәмі тіл үйірген қымыз, шұбаты ұсынылды. Домбырамен бебеулетіп ақын құттықтау жырын төкті. Керуенді ат шалдыратын орынға иіріп болған соң, барлығы орталық сахна алдына келді. Мұнда ақ шашты әжелер шашу шашып, қыпша бел арулар мың бұралған би тартулады. Алғаш сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың және жамбылдықтардың атынан киелі мекенге аяқ басқан қонақтарға ізгі тілегін жеткізді. – Ұлы Жібек жолының басында Цзиньян қаласы (Сиянь) тұрса, сол жолдың бойында аймақта үлкен сауда және мәдениет орталығы саналған біздің көне Тараз қаласы орналасқан, – деді ол. – Жүздеген жылдарда Ұлы Жібек жолы тарихта ғана аталып, бұрынғы маңызын жоғалтып алғандай еді. Соңғы жылдары заманауи үлгіде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі іске қосылуына байланысты Жібек жолының мәні қайтадан артып отыр. Біраз бұрын екі елдің басшылары Ұлы Жібек жолын жаңғыртуда уағдаластыққа қол жеткізді. Ал былтырғы 23-24 мамырда біздің облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев бастаған делегация Шэньси провинциясымен бірнеше экономикалық және инновациялық келісімдерге келіп, меморандумға қол қойған болатын. Солардың бірі – осы Ұлы Жібек жолын жаңғырту жобасы еді. Енді екі ел арасындағы мәдени, рухани, экономикалық және саяси қарым-қатынастарымызды нығайтып, жаңа деңгейге шығаратынына сенеміз. Қасиетті Жамбыл жеріне қош келдіңіздер! Бұдан соң сахна төрінде қытайлық керуенбасы Джоу Дэ Шенгке қазақтың ұлттық қалпағы мен шапаны табысталып, құрмет көрсетілді. Ол қазақ жерінде өздеріне осыншалық көңіл бөліп жатқан қонақжайлылыққа алғысын білдіріп, былай деді: – 2013 жылы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға ресми сапары кезіндегі «Назарбаев университетінде» сөйлеген сөзінде Ұлы Жібек жолын жаңғыртып, экономикалық дәліз жасау қажеттігін айта келе, екі елдің бірлескен күшімен мұның жаңаша мазмұнмен жүзеге асарына сенім білдірген еді. Президент Назарбаев та оны қостаған болатын. Осыдан кейін қабылданған қытайлық «Жаңа Жібек жолы» экономикалық белдеуі» тұжырымдамасы мен қазақстандық «Нұрлы жол» бағдарламасы өзара үндесіп, екі елдің стратегиялық ынтымақтастығын нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Биыл Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бейжіңде өткен қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатқа құрметті меймандар қатарында қатысты. Мұның барлығы екі ел арасындағы достықтың көріністері. Біздің компания Қазақстандағы дүнген қауымдастығымен және Жамбыл облысы әкімдігімен бірлесе «Достық және ынтымақтастық керуені» аталған жобаны жүзеге асыра отырып, мемлекет басшыларының идеяларын іспен негіздеуді қолға алды. Сөйтіп, біз бұл сапарды екі үлкен дата – ҚХР-дің құрылуының 66 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап отырмыз. Біздің керуен былтырғы жылдың 19 қыркүйегінде сіздердің Таразбен тамырлас Шэньси провинциясының орталығы Цзиньян қаласынан шыққан болатын. Содан бері қиын да ұзақ жолдардан өттік. Күрделі асуларды, атақты Гобби шөлін артта қалдырып, енді қазақ даласын көктей өтіп келеміз. Қытайдың бес провинциясы мен Қазақстанның екі облысымен жүрген жолымыздың жалпы ұзындығы алты мың шақырымды құрайды. Ұзақ жолда керуеншілер үйлерін әбден сағынды. Бірақ, қазақ жерінде ат шалдырған сайын жергілікті жұрттың пейілі мен асқан қонақжайлылығына кенеліп, өз үйімізге келгендей қуаныш сезіміндеміз. Бір өзінен Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі табылатын әрі көпұлтты сіздердің елден алған әсеріміз айрықша. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз, достарымызға ұдайы мақтанышпен айтып жүреміз. Біздің керуеннің ізімен екі елдің достық қатынастары нығая түседі деп сенеміз. Бұдан соң керуенге Қазақстан жағынан қатысушылардан қордайлық азамат, Қазақстан дүнгендері қауымдастығының төрағасы Хусей Дауров пен Алматы облыстық кәсіпкерлік палатасының өкілі Зарина Жансеркеева сөйледі. – Әрине, біздің бұл керуеннің сапары символикалық мәнде, – деді Дауров. – Бұдан былай жаңа жолмен баяғыша осылай жүк артқан аттылы, түйелі керуендер жүре бастайды деген сөз емес. Байырғы Ұлы Жібек жолының ғасырларға созылған үнсіздігінен кейін «Жаңа Жібек жолы» бағдарламасымен қайта түлеуін, дәстүр сабақтастығын көрсету – міндет. Біздің киелі Қордай жері керуеншілерді мамыражай табиғатымен, ақ пейілді кең құшағымен қарсы алғанына қуаныштымын. Ұйымдастырушылардан керуеннің құрамы мен ондағы жүктері жайлы мәлімет алдық. Басында керуен құрамында жүз отыздай түйе болса, еліміздің шекарасында оның көбі кейін қайтарылыпты. Жамбыл жеріне жеткені 63 адам, 22 түйе, 4 ат арба және он бестей жеңіл жүк көліктері. Жол-жөнекей түйе санын еселеу көзделген. «Қытай-Қазақстан: Ұлы Жібек жолының шәй мәдениеті» ұранымен шыққан керуен Тараз қаласына тарту ретінде кезінде Ұлы Жібек жолымен тасылған бағалы тауарлардың бірі болған емдік қасиеті жоғары қара шәйді түйеге де, арбаға да, көліктерге де тиеп молынан алып келеді екен. Қытайдың қара шәйі қан қысымын төмендетіп, қан құрамындағы қант деңгейін азайтып, ас қорыту жүйесін жақсартатын және артық салмақтан арылтатын қасиеттері бар көрінеді. Облыс шекарасында үш сағаттай аялдаған қонақтарға үш ауданның өнерпаздары қонақ кәдесін бірінен-бірі асыра ән мен күйден шашу шашты. Арасында әр ауданнан келген ұлттық фольклорлық өнерпаздар ұжымдары да әр тілде әндер шырқап, билер тартулады. Бір күн бұрын облыстық байқауда бас жүлде алған сортөбелік «Чунтян» ансамблі нақышына келтіре қытай биін билегенде аспан асты елінен келгендер аса риза болды. Одан соң қонақтар киіз үйлерге беттеп, ондағы мол дастарханды қайыстырған ұлттық тағамдардан дәм татып, ұлттық салт-дәстүр көріністерін тамашалады. Қолына қаршыға қондырған құсбегілерді, құсмылтық асынып тазы ерткен аңшыларды, киіз басып, келі түйіп жатқан қазақ әйелдерін, ши тоқып, өрмек құрған әжелерді, домбыра, қобыз шерткен абыз аталарды суретке түсіріп, олармен бірге өздері де суретке түсіп мәре-сәре болысты. Керуен құрамындағы қытай азаматтарының да ішінде өнерлілері аз емес екен. Түйе мен тұлпарды тізгіндегендердің өзі іріктелген. Керек кезінде ұлттық киімдерін киіп барабаншылар тобына айнала қояды. Жергілікті тұрғындармен бірге алтыбақан теуіп, арқан тартып, күрес кілеміне шығып жатқандары қаншама. Шетінен ат құлағында ойнайтындар ат спорты ойындарына да белсене қатысты. Бірақ, «Қыз қууда» қытай шабандозы сұлутөрлік қызымыз Жәнияға жете алмай, қыз қамшысына жотасын төсеуге мәжбүр болды. Қонақтар мен қордайлықтар болып теке тірескен көкпар да қан қыздырған қызығымен есте қалды. Түс әлетінде қонақтар қайтадан жинала бастады. Түйенің жүрісімен күніне 25 шақырымды артқа қалдырып келе жатқан керуен жолынан қалмауы тиіс. Енді олар тақтайдай тегіс «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізімен сапарын жалғастырып, көз ұшынан алыстай берді. Алты мың шақырым жерді артта қалдырған, жанкешті керуен мүшелерінің еңбегі, қажырлығы көпке үлгі. Біз оларға сәттілік тіледік.
Құрманбек Әлімжан,
"Ақ жол".
Қордай ауданы.