«Галатасарай» – алынбайтын асу емес
«Галатасарай» – алынбайтын асу емес
Футболдан чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп жатқан «Астана» футболшылары екінші тур аясында Стамбулдың «Галатасарайын» қабылдайды. Қос команда да алғашқы турда қарсыластарына жол берген болатын. Енді екі ұжым үшін де шегінерге жол жоқ. Дәл осы «Галатасараймен» 2009 жылы Қостанайдың «Тобылы» Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде кездесіп, Қазақстанда өткен ойында 1:1 есебімен тең түскен. Аталмыш матчта Нұрбол Жұмасқалиев кездесудің 2-минутында мергендігімен танылса, 58-минутта сол кездегі «Галатасарай» футболшысы, чехиялық легионер Милан Барош таразы басын теңестірген. 30 қыркүйек күні «Астана-Арена» стадионында өтетін ойында қазақстандық команданың футболшылары қағазда аутсайдер саналғанымен, жасыл алаңда жасындай жарқырап, алғашқы жеңіске қол жеткізгісі келеді. «Астана» кем дегенде «Тобылдың» ерлігін қайталайтынына сенеміз.
Табиғат Абаилдаев,
"Ақ жол".