Еңбегі елеуге тұрарлық еді...
Еңбегі елеуге тұрарлық еді...
Қазақта «Өзін ғана ойлаған – надандықтың белгісі, өзгені ойлаған – адамдықтың белгісі» деген қанатты сөз бар. Өзім біраз жыл қызметтес болған Рүстем Сеңгірбайұлы ел мүддесін ойлаумен өткен асыл азамат еді. Ол алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. Кейіннен әр жылдарда бірқатар білім мекемелерін басқарды. Қай қызметті де бар жан-тәнімен беріле атқарушы еді. Ардан, адалдықтан, адамшылықтан аттап кеткен кезі жоқ. Жеке басының өнегесімен ұжымына ғана емес, аудан, облысқа танылды. Тамаша басшы, педагог, еліне сыйлы азамат ерен еңбегінің арқасында КСРО және ҚР білім беру ісінің үздігі төсбелгілерімен, Ы. Алтынсарин медалімен марапатталған. Бірнеше мәрте қалалық, облыстық Кеңестердің депутаттығына сайланғаны да бар. Депутат болғанда да халықтың нағыз жанашырына айналды. Әсіресе, сол өкілеттілігін пайдаланып, қазіргі «Жұрындысай» лагерін жекешелендірілуден аман алып қалғанының куәсіміз. Зейнетке шыққаннан кейін де текке қарап отырмай, қаладағы орталық мешіттің құрылыс жұмыстары тоқтап қалмауына жанашырлықпен атсалысты. Халыққа ғана болсын, елім өссін, көркейсін деп ғұмыр кешкен асыл азамат осыдан он жыл бұрын 68 жасында дүниеден озды. Бейнесі көзден кетсе де, көңілден кетпек емес. Рүстем Сеңгірбайұлының ел мен жер, жас ұрпақ игілігі жолында еткен еңбегі қандай құрметке де лайық. Оның есімін мәңгі есте қалдыру жайы да қозғалуда. Бір кезде өзі жекешелендіру қармағынан аман алып қалып, біраз жыл басшылық еткен Қаратау кәсіптік-техникалық училищесіне, болмаса «Жұрындысай» демалыс-сауықтыру лагеріне есімі берілсе деген ұсыныстар да айтылып жүр. Бірақ, оны естір құлақ жоқ әзірге. Жұртшылық пікірі қашанғы қағажу қала бермек?
Құрал НҰРПЕЙІСОВ, ҚР білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз.
Қаратау қаласы.