«Самалға» барсаң, сауығып кетесің...
«Самалға» барсаң, сауығып кетесің...
Еліміз жылдан-жылға тамаша жетістіктерге жетумен қатар, тұрғындардың өмір сүруіне, тұрмыс-тіршілігіне, денсаулығына баса көңіл бөлуде. Мұны өзіміздің облысымыз өмірінен де жиі көріп, көз жеткізіп жүрміз. Жасты да, қартты да емдеу-сауықтыру ісі жолға қойылған. Менің өзім де жуырда Тараз қаласының көрікті жеріне орналасқан «Самал» демалыс-сауықтыру кешенінде он екі күн демалып, көтеріңкі көңіл-күймен қайттым. Мекеменің іші-сыртының мұнтаздай тазалығы, дәрігер мамандардың мінсіз қызметі, аспаздар асының дәмділігі мақтауға тұрарлықтай. Есепші Гүлсара Керімқұлова адамгершілігі өте жоғары, мейірманды жан екен. Қабылдаушы жас қыз Маржан Бекқонованың да инабаттылығына дән ризамыз. Өз ісінің шебері, дәрігер-терапевт Жеңісбек Есеновтің адамды іш тарта сөйлесуі, жасаған емі жаныңды рахат сезімге бөлейді. Әсіресе, уқалап емдеуші Марат Естаевтың есігінде таңертеңнен кешке дейін бір тыным болмайды. Өзі де қарапайым, қазақ ән-күйлерін күйтабақта баяу ойнатып қойып, уқалап емдегенде, бүкіл денең жұмсарып, ширай түсесің. Облыс тұрғындарының денсаулықтарын түзеу үшін «Самалға» барса, еш өкінбейтініне бек сенімдіміз.
Қосшығұл МАШАҚАЕВ, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы.
Балуан Шолақ ауылы, Шу ауданы.