Әлеумет

Елдігімізді көрсететін кез

Елдігімізді көрсететін кез

Өтеген батыр атындағы аудандық Мәдениет үйінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған конференция өтті. Ауданның барлық ауылдық округтерінен, ұйымдар мен мекемелерден, оқу орындарынан келген жұртшылық өкілдеріне алдымен киелі Жамбыл жерінде осыдан бес жарым ғасыр бұрын құрылған Қазақ хандығынан тамыр тартып, тәуелсіз еліміздің бүгінге дейінгі қалыптасу тарихы туралы деректі фильм көрсетілді. Жиынды аудан әкімі Қайрат Досаев ашып, Астанада бастау алған дүбірлі тойдың тағылымдық мәніне тоқталса, ауданның Құрметті азаматы, Халық ағарту ісінің үздігі Тілеужан Түстікбаев арнайы баяндама жасады. Қаракемер мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Мұрат Қибеков, Өтеген батырдың ұрпағы, еңбек ардагері Бақытжан Бекбатыров өз ойларын ортаға салды. Ал аудандық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Дамир Әбдірайымовпен «Ветеринария қызметі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Бақыт Байтөле «тас түскен жеріне ауыр» демекші, тойдың басты салмағын көтеріп отырған біздің облысқа артылған жүкті ел болып көтеруде қордайлықтарды айрықша белсенділік танытуға шақырды. Конференцияда тарих тойынан тағылым алып, ел бірлігін нығайта түсу жолында барлығымызды «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» ынтымақтасуға шақырған үндеу қабылданды.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.