Ұлы бабалардың ұрпағымыз
Ұлы бабалардың ұрпағымыз
Осыдан бес ғасырдан астам уақыт бұрын Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханға бағынудан бас тартып, Моғолстан ханы Есенбұға ханға Бұрындық сұлтан бастаған елшілерін аттандырып, Талас пен Шу өзендері аралығын және Қозыбасы жерін қазақ хандығының аумағы ретінде бөліп алды. Жалпы, еліміздің тарихына зер салар болсақ, бағзы дәуірдің күреске толы азапты жолын пайымдағандай боламыз. Оны Мұхаммед Хайдар Дулати еңбектері де дәлелдей түседі. Керей мен әз Жәнібек сұлтандар Шу өзенінің бойындағы Қозыбасы жерінде 1465 жылы қазақ хандығының туын тікті. Бұл саяси мәні жағынан теңдессіз оқиға болды. Мемлекет құруда қандай атрибуттар қажет болса, соның барлығы да осы жолғы қазақ сұлтандарының әрекетінен аңғарылды. Өз алдымызға ту тігіп, ел боламыз деген аса бір қиын кезеңде Керей мен Жәнібек Моғолстан ханы Есен бұғаның қолдауын сезінді. Есенбұға Керей мен Жәнібекке Моғолстан мен Темір әулеті иелігіндегі жерді қоныстануды ұсынды. Керей мен Жәнібек тиісті шешімді тез қабылдады. Есенбұға ханға елші жіберіп, Моғолстан аймағын қоныстануға даяр екендіктерін жеткізді. Елшілікті Бұрындық бастап барды. Ол Есенбұғаға қоныстанатын халықтың санын айтты. Талас өзенінен Балқаш көліне дейінгі аймақ қазақ хандығының аумағы ретінде белгіленді. Ертістен Еділге, Сібірден Қызылқұмға дейінгі аймақта қазақ елінің тарихта алатын орны ерекше. Түптеп келгенде қазақ хандарының бәрі де Жошы әулетінің үлкені Жошыдан, оның үлкені Орда Еженнен тарайды. Жалпы алғанда, осы бір мәні үлкен саяси оқиға – Қазақ хандығы құрылуының басталуына жол салды. Бұл оқиғаның жалпы тарихи және саяси мәні орасан зор. Қазақ ұлтының, қазақ хандығының құрылуының басында тұрған Керей мен Жәнібекке біз басымызды иіп,олардың атқарған еңбегін тереңнен зерттеп, зерделей түсуіміз қажет. Алғашқыда Керей мен Жәнібекке ерген халықтың саны екі жүз мың адам екен. Қазақ ордасы құрылғанда алдымен жасы үлкен Керей сұлтан ақ киізбен хан көтерілген. Онан кейін Жәнібек хан билік құрған. Тарих сахнасына шыққан біртұтас қазақ мемлекетінің ұлттық ұраны «Алаш», Мемлекеттік елтаңбасы Төре таңба, яғни көк түрік заманынан келе жатқан бас таңба. Бас байрағы – төре таңбалы қызыл ту, астанасы – қасиетті Түркістан қаласы болған деп жазылған тарихи деректерде. Қазақ хандығының шерлі шежіресінде жиырмадан астам хан болған екен. Керей мен Жәнібек хандар миссиясы осы бір тарихи сәтте елдіктің туын жықпай тарихи аренаға жаңа мемлекеттік құрылым – қазақ хандығын өмірге әкелді. Біз сол ұлы дала ұрпақтарының жалғасымыз!
Әлима Жұмабаева, Қаратау технология, білім және бизнес колледжінің қызметкері.
Қаратау қаласы.