Білім

12 ЖЫЛДЫҚ ОРТА МЕКТЕП ЖОБАСЫ

12 ЖЫЛДЫҚ ОРТА МЕКТЕП ЖОБАСЫ

оқу-тәрбие үдерістері бүге-шігесіне дейін ойластырылғаны жөн

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында: «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек?.. Біріншіден, барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр... Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс...» деп айтқан қадау-қадау ғылыми-әдіснамалық ой-пікірлері еліміздің мемлекеттік ұлттық саясатын да, білім беру саясатын да кемелдендіре түсіп, тиімді тәжірибелік қадамдар жасауға жол ашады. Бұл тұрғыда елімізде жаңа жобалар мен бағдарламалар нақты іс жүзіне асырылуда. Соның бірі әрі бірегейі де еліміздің білім беру саласында жалпы және орта 12 жылдық білім беру жүйесінің енгізілуі екені белгілі. Жалпы АҚШ, Канада, Жапония, Швеция, Францияда – 12 жылдық, Германия, Чехия, Италия, Швейцарияда – 13 жылдық, Голландияда – 14 жылдық жүйе қабылданғаны белгілі. Ал біздегі 12 жылдық білім үш сатыдан тұрады. Бұл жүйе бойынша бастауыш мектеп 5 сыныпқа ұзартылады. Алғашқы саты – бастауыш сынып оқушыларының оқуға деген ынтасын арттыруды, екіншісі – 5-10 сынып оқушыларының базалық білімін анықтап, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, ғылыми әдістерді түсінуге баулуды, үшінші саты – 11-12 сынып оқушыларының болашақ мамандығын таңдауды негізге алады. Айта кетерлігі, жаңа жүйеге көшу 2027 жылы тәмамдалады деп жоспарланған. Қазірдің өзінде елімізде 12 жылдық білім беру эксперименті бойынша оқытып жатқан 104 мектеп бар. Тәжірибе 2003 жылдан бері жалғасып келеді. Мұның жайы бұрнағы жылы облыстық білім басқармасының Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаменті, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарымен бірлесе өткізген, 12 жылдық оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартының жобасы таныстырылып, талқыланған кеңесте де таратылып айтылды. Осы жоба шын мәнісінде іске асырылса, онда біздің республикада орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу және мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселелері түбегейлі шешілер еді. Бұл еліміздің саладағы оң жетістіктерінің бірі де болмақ. Аталмыш жобаға бес күндік оқытуды енгізу, жексенбі күнін «отбасы күні» деп белгілеу де тиімді болар еді. Бес күндік оқытуда сенбі күні мектеп қабырғасында саламатты өмір сүру дәстүрлерін қалыптастыруға арналса дейміз. Осы күнді «Денсаулық күні» (басқаша да атауға болар) деп белгілесе де еш артықтығы жоқ. Бұл күні бастауыш мектеп оқушылары мектеп қабырғасында өз таңдауымен жүзумен, спорттық ойын түрлерінің бірімен, классикалық және ұлттық музыка тыңдаумен, аэробика немесе балетпен, туризм элементтерінің бірімен, т.с.с. басқа да (мектеп мүмкіндігіне, ерекшелігіне сай) денсаулық сақтау және шынығу іс-шараларымен міндетті түрде көрсетілген көлемде бекітілген кестеге сәйкес айналысуы тиіс. Барлық спорт және мәдениет ошақтарының, транспорттық инфрақұрылымның таңертеңгі сағат 8-ден кешкі сағат 20-ға дейінгі уақыт аралығында міндетті жұмыс істеуі де қамтамасыз етілгені жөн. Әрине, бұл үшін әрбір мектепте осыған сәйкес материалдық-техникалық және кадрлық база жасалынуы қажет болады. «Денсаулық күнінде», сондай-ақ, ата-аналардың 6-13 жас аралығындағы балаларымен бірге болып, бірге демалуын міндеттеу (балаларымен бірге үй тірлігімен айналысу, бірге дүкенге, базарға, кітапханаларға, музейлерге, көрмелерге, театрға, киноға, спорт залдарына бару, демалу, сабаққа дайындалу, кәсіпкерліктің қыр-сырымен таныстыру, бірге қонақ күту және қонаққа бару, тағы сол секілді) ескерілсе. Мұндағы басты мәселе, ата-ананың баламен бірге болуын, оған жеткілікті көңіл аударуын қамтамасыз ету болмақ. Бұл күні баланың да ұсынысы, сұранысы, тілегі, көңілі ескерілуі тиіс, яғни ата-ана баланың тілін табуға тиісті болады. Бұл жерде қатып қалған ереже жоқ, басты мақсат, міндет – от басында балаға мақсатты, мазмұнды тәрбие беруді жүйелі жүргізу ғой! Біздің ең қымбат (жанымыздан да қымбат) дүниеміз – бала! Қай ата-ана өз баласының жақсы азамат, тұлға болып өсуін тілемейді. Бірақ та іс жүзінде осы аса жауапты – баланы жүйелі түрде тәрбиелеу мәселесімен, жұмысымен барлық ата-аналар бірдей айналыспайды, «қымбат» уақыттарын бөле бермейді. Тіпті, бала тәрбиесін өз міндеті деп санамайтын ата-аналар да кездеседі. Міне, осындай жағдайда ата-аналардың жауапкершілігін ең болмағанда 7-13 жасқа дейінгі аралықта (балалардың психологиялық тұрғыда қалыптасуының күрделі кезеңінде) қосымша күшейте түсу мақсатында 1-6 сынып аралығында бүкіл оқу жылы бойына міндетті түрде аптаның бір күнін (негізінен жексенбі күнін) «Отбасы күні» деп белгілеп, «Білім беру туралы» Заңға да, мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартының жобасына да енгізуді ұсынамыз. Мұндағы басты идея – баланың бойында кішкентай кезінен отбасылық құндылықтарды құрметтеу, жауапкершілік сезімін қалыптастыру, екі жақты (баланы да, ата-ананы да) нақты жауапкершілікте болуын ресми түрде заңдастыру болмақ. Білім беру – «Қазақстан – 2050» ұзақ мерзімді Стратегиясының маңызды басымдықтарының бірі болып табылады. Сондықтан Қазақстандағы білім беру реформаларының жалпы мақсаты – білім беру жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімдеу болып отыр. Міне, соған сәйкес, мемлекеттік жалпыға міндетті жалпы орта білім беру стандартының жобасына біз ұсынып отырған толықтыруларды енгізу өте-мөте қажет деп есептейміз.

Билібай МҮСІЛІМОВ, Тараз мемлекеттік педагогикалық иститутының математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының доценті.

Тараз.