Ғылымға... әркімнің-ақ бар таласы
Ғылымға... әркімнің-ақ бар таласы
Бүгінде білімнің бәсекелестікте дамуы, алдыңғы қатарлы мемлекеттермен тереземізді теңестіруге деген құлшыныс – заман талабына да айналды. Ұлт жоспарындағы бес халықтық реформаны жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның 77, 78, 79 қадамдары сала ісін дамытуға арналған. Атап айтқанда, экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнында білікті кадрлар даярлау, жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кезең-кезеңімен кеңейту, даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру міндеттері алға қойылып отыр. Бұл – баршамыз үшін де ортақ іс. Күнбе-күнгі жұмысымызда да міне, осыған бағдар ұсталынуда. Білімордамыздың материалдық-техникалық базасы уақыт талабына сай заманауи қондырғылармен жарақтандырылып, саланың дамуына барлық жағдай жасалған. Химия, биология, физика мамандықтары бойынша оқитын студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруына арналған озық үлгідегі зертханалар іске қосылды. Мұның бәрі де білім сапасын арттыруға, оқытушылардың кәсіби шеберліктерін нығайтуға, әлеуметтік мәртебесін жоғарылатуға едәуір ықпал етпек. Биылдың өзінде Білім және ғылым министрлігі жариялаған гранттық қаржыландыру конкурсында ректорымыз Д. Қожамжарова бастап, К. Бұзаубақова, М. Мұратбеков секілді оқытушы-ғалымдарымыз бірқатар жобалар бойынша жеңімпаз атанып, грантқа ие болды. Олардың ендігі жерде шетел мемлекеттерінің жетекші жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтулеріне де мүмкіндіктері бар. Бұл ұстаздарымыздың ғылыми-педагогикалық әлеуеті бұрынғыдан да арта түскендігін көрсетеді. Бізде студенттерге арналған танымдық мәні зор мәдени-көпшілік шараларына да айрықша мән беріледі. Олардың бір парасы бүгінде жаһандық ауқымда айрықша елеулі маңызға ие болып отырған, таяуда облыс орталығында да кеңінен аталып өтілетін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылуда. Күні кеше Астанада осынау тарихи датаға арналған салтанатты жиында Елбасымыз оны мерекелеу – халқымыздың даңқты шежіресіне тағзым және қазіргі ұрпақ үшін тарихтан тағылым алу екенін айтып, «Қазақстан – ол Ұлы Дала Елі! Ол – түлеген Ұлы Дала Елі. Біздің сүйікті Отанымыздың халықтық аты да дәл осы... Мен біздің жаңа Қазақстанның осындай бейнесінің әрбір қазақстандықтың ой-санасы мен жан-дүниесінен орын табатынына, бүкіл әлемде мойындалатынына сенімдімін» деп атап көрсеткен-ді. Шын мәнінде, бұл сөз ел мен жеріміздің осы уақытқа дейін болмаған өркендеуіне қол жеткізудегі біздің күш-жігеріміз бен мүмкіндіктерімізге деген сенімімізді еселей түскендей болды. Айтулы күнге арналған іс-шаралар біздің оқу орнымызда да көптеп өткізілуде. «Тарихқа тағзым» атты композициялық шеру-қойылым соның бір айғағындай болды. Оған факультет оқытушылары мен студенттері белсене атсалысты. Мұның алдында институт ұжымының елімізге танымал тарихшы-ғалымдармен кездесуі өтіп, қазақ хандығының қалыптасуы туралы мәнді де тұшымды ойларымен бөліскен-ді. Тікелей институт ректорының бастамасымен ұйымдастырылған осынау іс-шараның жастар үшін тағылымы да, берері де мол болды. Қазіргі таңда өзім жетекшілік ететін Өнер және мәдениет факультетінде 684 студент 8 мамандық бойынша білім алуда. Оның 181-і мемлекеттік білім грантымен, 503 ақылы негізде оқиды. Факультеттің ғылыми-әдістемелік әлеуеті де жоғары. Шығармашыл студенттерге ғылым докторлары, профессорлар білім мен тәрбиені ұштастыра дәріс береді. Осындай еңбектері ескеріліп, былтырғы оқу жылында «Музыкалық білім» кафедрасының бірқатар оқытушылары мемлекеттік марапаттарға ие болды. Бұл да еліміздегі ұлық мамандық иелеріне деген құрмет екені анық. Қалай болғанда да жоғары мектептің жан-жақты дамуына елімізде басымдық беріліп отыр. Бұл бізді ерекше қуанышқа бөлейді. Сондай-ақ, бүгінде ел мерейін үстем етіп отырған белгілі мәдениет және өнер саңлақтары, әйгілі суретшілер, спорт қайраткерлері мен педагогтар бір кездегі біздің білімордамыздың түлектері екенін мақтаныш етеміз. Олар еліміздің білімі мен мәдениетін көтеруге елеулі үлес қосып келеді, үлестерін қоса да бермек.