Жол сапасы сын көтермейді

93

Кеше Шу ауданындағы №35 cайлау округінен сайланған депутат Асқар Бәзілдің төрағалығымен бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың ХХХХ сессиясы өтті. Оның жұмысына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, облыс әкімінің орынбасарлары, Тараз қаласы мен аудандардың әкімдері, Тараз қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшылары, облыс әкімдігі басқармалары мен жекелеген кәсіпорындардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.


Облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев күн тәртібіндегі алғашқы мәселе: «Жергілікті автомобиль жолдарының жәйі, қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру және оны жақсарту шаралары туралы» баяндама жасады. Жалпы, облыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы – 5351 километр, оның ішінде республикалық маңызы бары – 1237, облыстық – 2210, аудандық 1904 километрді құрайды. Соңғы бес жылда жолдарды дамытуға барлық бюджет көздерінен 34,2 миллиард теңге бөлінген екен. Осы мерзім ішінде облыстың елді мекендерінде жөндеу жұмыстарымен 1583,1 шақырым жол қамтылған, 4,3 шақырым жаңа жол құрылысы салынып, 99,3 шақырым жол күрделі жөндеуден, 1479,5 шақырым жол орташа жөндеуден өткізілген. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жергілікті маңыздағы жолдар желісінің басым бөлігі жақсы және қанағаттанарлық деңгейде екен. Жол саласында атқарылған жұмыстармен қатар проблемалар да жеткілікті көрінеді. Мәселен, ауыр жүк көліктерінің саны артып, көктем мезгіліндегі жол төсемінің қатты ылғалдануы және жаз айларындағы күннің ыстығында жолға түскен артық салмақтан жабындының ерте тозуы жиілеуде. Сонымен қатар, шілде-тамыз айларында сұраныстың күрт өсуінен битум жетіспейді. Ал бұл нысандардың белгіленген мерзімінде пайдалануға берілуіне және тікелей сапасына кері әсерін тигізеді. Аталған басқарма басшысы мәслихат депутаттарына сондықтан облыстық бюджетті нақтылау кезінде келер жылға жоспарланған жол жөндеу жұмыстарына мемлекеттік сатып алуды биыл өткізіп, битум стапы алуды қолға алу керек деген ұсынысын жеткізді. Басқарманың мәліметі бойынша өткен жылы қоғамдық көліктермен жолаушы тасымалдау көрсеткіші 883,5 миллион жолаушы айналымын құрап, 2010 жылмен салыстырғанда 35,4 пайызға артқан. Ал биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде былтырмен салыстырғанда алты пайызға дейін өскен. Жолаушы тасымалдайтын кәсіпорындар мемлекеттік бағдарламалар аясында соңғы бес жылда орташа және үлкен сыйымдылықтағы 415 дана автобус сатып алыпты.
«Алдымен көше жөнделеді, сосын оларды бұзып, коммуникация тартылады», – деп ащы шындықты айтқан Р.Байтелиев, осы мәселе бойынша тиісті басқармалар, қала, аудан әкімдерімен бірлесіп орталықтандырылған шешім қабылдау қажеттігін көтерді және облыстағы көлік тасымалын дамыту және оны жақсарту шаралары туралы ұсыныстарын жеткізді.
Облыстық мәслихаттың өнеркәсіп салаларын, құрылысты, энергетиканы, көлікті, байланыс пен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары, депутат Талғат Құлжабаев аталған бағытта ауқымды жұмыстар атқарылғандығын, дегенмен орын алып отырған мәселелерді де жасыруға болмайтындығын атап айтты. Облыстық мәслихат тарапынан құрылған депутаттық жұмыс комиссиясы облыс әкімдігінің сәулет-құрылыс бақылау басқармасының, облыстық көлік инспекциясының мамандарымен бірлесіп, жол жөндеу нысандарында атқарылып жатқан шаруаларды зерделеп қайтқан. Негізгі кемшіліктер жолдың сапасыз жөнделіп жатқандығында. Мәселен, олардың кейбір жерлерінің ені жобаға сәйкес келмейді, асфальтбетон жамылғысының қиылысқан жерлері тегістелмеген, сапасы төмен құрылыс материалдары пайдаланылған. Мұндай олқылықтар мердігер «Меркі жолдары», «Құлан жолдары» серіктестіктерінде анықталыпты. Аудандық маңыздағы жолдардың да жағдайы сын көтермейді. Аудан әкімдіктері жол бойындағы стратегиялық маңызы бар нысандар саналатын су өткізгіш құбырлар мен көпірлерді жөндеу мәселесіне немқұрайлы қарап отыр екен. Осындай жайттарды тізбелеген Т.Құлжабаев қоғамдық көліктердегі келеңсіздіктерге, заңсыз автотұрақтардың бейберекет жұмысына және жол-көлік апатының жиілеп кеткендігіне алаңдаушылық танытты. Облыс әкімі К.Көкірекбаев Қырғыз Республикасы азаматтарының қатысуымен биыл облыста үш ірі жол апаты болғандығын, жол бойында қауіпсіздікті сақтау үшін автоинспекция жұмысы күшейтіліп жатқандығын және Тараз қаласында автокөліктердің көбейіп кеткендігін еске салып, депутаттардың ұсынысымен қала маңындағы жолаушылар тасымалдайтын пойыздың іске қосылғандығын атап өтті. Аталған мәселе бойынша жарыссөзге шыққан депутаттар Совет Қалманбетов, Бақтияр Алдашов өз ұсыныстарын жеткізсе, облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Жүнісбеков, Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. Сессияда депутаттар тарапынан айтылған сын ескертпелер мен ұсыныстар бойынша шаралар қолдану туралы және күн тәртібіндегі өзге де мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Облыстық мәслихаттың кезекті ХХХХІ сессиясының төрағалығына Байзақ ауданындағы №10 сайлау округінен депутат Оразалы Телеуов сайланды.

Шынар САҒИЕВА,
«Ақ жол».

Comments are closed.