- Advertisement -

Есімде әліппені жаттатқызып…

223

- Advertisement -

Ең  алғаш қолға қалам ұстатқаның

Жыл сайын қазан айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін еліміздің мұғалімдер күні мерекесі қарсаңында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты «Менің алғашқы ұстазым» атты республикалық акция аясында бастауыш сынып мұғалімдерінің өңірлік форумын ұйымдастырды. Тараз қалалық Мәдениет үйінде өткен іс-шараға облыс орталығындағы және аудандардағы білім мекемелерінің өкілдері, облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің білім басқармасы мен бөлімдерінің басшылары қатысты. Форум барысында облыс мектептеріндегі үздік бастауыш сынып мұғалімдері, сондай-ақ, республикалық және халықаралық интеллектуалды байқаулар мен жарыстардың жеңімпаздары, ғылым, өнер, спорт, саясат саласындағы тұлғаларға тәлім-тәрбие берген және «Алтын белгі» иегерлерін дайындаған ұстаздар ерен еңбектері үшін марапатталды. 

Алғашқы ұстазына деген шексіз алғыс-ризашылық сезімдерін бейнетаспа арқылы жеткізген «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепбергеновтің, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреты, ақын Маралтай Райымбекұлының және басқа да бір кездегі шәкірт, бүгінде танымал тұлғаларға айналған азаматтардың жүрекжарды лебіздерін ұстаздарының назарына ұсынуда цифрлық электронды технология мүмкіндіктері кеңінен қолданылған жаңа форматтағы форумда мұғалімдерге мадақтама, алғыс хаттар, қаржылай сыйлықтар салтанатты жағдайда табыс етілді. Форумның неліктен шәкірт үшін алғашқы ұстаз болып табылатын бастауыш сынып мұғалімдеріне арналғандығы туралы іс-шараның өтуіне ұйытқы болған облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Ғалия Сыздықбаева кеңінен таратып айтып берді, «Бастауыш сынып мұғалімі оқушының жеке тұлға болып қалыптасуының негізін қалаушы, оның ғылым негізі – білім алуға деген құштарлығын оятушы болып табылады. Егер мектеп түлектері түрлі салаларда айтарлықтай жетістіктерге жетіп жатса, бұл ретте – бастауыш сынып мұғалімдерінің де қосқан сүбелі үлесі бар. Біз, бүгінгі форумда жұртшылық назарын осы үдеріске аударғанды мақсат тұттық», деді ол.
Қоғам назарын білім беру саласында еңбек етіп жүрген педагогтардың мәртебесін көтеруге, азаматтарды өз ұстаздарын сыйлауға және оларға қолдау көрсетуге үндеуді мақсат тұтқан іс-шара жергілікті өнер шеберлерінің, Тараз қаласы мектептері талантты оқушыларының ән-шашуымен өріліп отырды.

Сапарғали Әлібай,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support