Қалай қайран қалмайсың?
Қалай қайран қалмайсың?
Бұл шара ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Н.Нығматуллиннің, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі М.Әзілхановтың тапсырмасының аясында, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған болатын. Ондағы басты міндет – ҚР «Тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдарын насихаттау және орындалу барысын зерделеу, әдістемелік көмек ұйымдастыру. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Ерлан Ермағамбетов, Шу ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қуантай Байжол, аудандық мәслихат депутаты Алтыншаш Молдашева, аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Нұртаза Сұлтанбаев сынды тіл жанашырларынан құрылған арнайы топ Шу қаласы мен аудан орталығы – Төле би ауылындағы кәсіпкерлік нысандарының сыртқы жарнамаларын шолып шықты. Олар ауданның басты көшелерінде орналасқан жиһаз, тұрмыстық техника, азық-түлік дүкендерін, дәмханалар мен ойын-сауық орталықтарын және Орталық базарды аралады. Топ жұмысының барысында жарнамалардағы әріп қателерден бөлек, шулық кәсіпкерлердің өз сауда нүктелеріне орыс немесе ағылшын тілінде ат қоюға құмарлығы көңіл көншітпеді. Сонымен қатар, тұтынушыға арналған нұсқаулықтар мен ескертпелердің дені орыс тілінде жазылған. Мәселен, дүкендердің кіреберісіндегі «Закрывайте двери за собой. Работает кондиционер», «Добро пожаловать», «Ведется видеонаблюдение» деген сөйлемдердің кәсіпкерлер қазақша аудармасын таппағандай. Көптеген сауда орындарында, мекемелерде «Нысана бейнебақылауда тұр» деген сөйлем жиі кездеседі. Бұл ретте, «нысана» сөзінің «нысан» сөзінен айырмашылығын не дүкен иелері, не жарнаманы жасаушы «Жарнама PRINT» агенттігінің ажырата алмауын аңғаруға болады. Жарнаманың жай-жапсарын тексеру-түсіндіру тобы ұшырасқан аталмыш олқылықтарға орай кәсіпкерлерге ескертулер жасап, кемшіліктерді жоюды тапсырды. Сонымен қатар, ҚР «Тіл туралы» Заңының баптарының үзінділері және ҚР Мәдениет және спорт министрі М.Әзілхановтың хаты жазылған үгіт-насихат қағаздарын таратты.
Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».
Шу ауданы.