Қонақ аз отырып, көп сынайды
Қонақ аз отырып, көп сынайды
Қазақ хандығының тойына санаулы күн қалды. Мемлекеттік маңызы зор іс-шараға елімізбен қатар шетелдерден де көптеген сыйлы қонақтар келеді. Олардың арасында Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһарды алғаш рет көретіндер де бар. «Келгенше қонақ, келгеннен кейін үй иесі ұялады». Қонақтарды құрметтеп қарсы алып, күтіп, риза етіп шығарып салу – баршамызға үлкен сын. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қаланың жылу беретін мекемелерінің басшыларына үстіміздегі жылдың 1 қазанынан ыстық су, қажет болса, тіпті жылу беруге тапсырма берді. Демек, коммуналдық мемлекеттік мекемелер тапсырманы уақытында бұлжытпай орындауы тиіс. Келушілердің орналасатын орны таза, жайлы және жылы болуы керек.
Алыстан келген қонақтардың назары әуелі шаһар ажарына ауады. Кейінгі кезде Таразды еліміздегі ең көрікті қалаға айналдыру жолында үлкен шаруалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Той қарсаңында көптеген мәдени-әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізіліп, олардың бәрі пайдалануға берілді. Маңызды іс-шараға үлес қосу – әрбір тараздық үшін мақтаныш әрі мәртебе. Демек, әр мекеме қызметкерлері, көп қабатты және жеке тұрғын үйлердің тұрғындары өздері еңбек етіп, тұратын аумақтағы көшелерді тазалап, тал-дарақты бұтап, түптерін әктеп, ғимараттардың қас беттерін сырлап, тәртіпке келтіруге бір кісідей атсалысса, нұр үстіне нұр.
Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».