Экономика

Инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартылады

Инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартылады

Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстың ұзақ мерзімді басымдықтары белгіленген. Геологиялық барлау саласы да қамтылған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында 75-қадамда пайдалы қазбалардың барлық түрлері үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, келісімдер жасасудың оңтайландырылған әдісін енгізуді міндеттеді. Бұл орынды да. Бізді жетістікке жаңа технологиялар жеткізеді. Шетелдерде жер қойнауының байлықтарына барлау алуан әдістермен жүргізіледі. Мұның өзі оларды аз шығынмен, жедел анықтауға қол жеткізеді. Бізде барлау жұмыстарына әлі күнге бұрғылау тәсілі қолданылады. Елбасы өзінің Жолдауларында бұл салаға шетелдік инжинирингтік компанияларды тартуға тапсырма берді. Ал елімізде минералдық шикізат базасын одан әрі дамыту мақсатында жаңа кен орындарын ашу және геологиялық барлау жұмысын жандандырудың маңызы зор.

Асқар Құндызбаев, Жамбыл аумақтық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясының басшысы.

Қазақстанда Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы бар. Оңтүстік – күрделі инфрақұрылымы, тау-кен өндірісі бар, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарын қамтитын ірі аймақ. Сондықтан да аймақ экономикасының дамуы минералды шикізаттық кешенге тығыз байланысты. Оңтүстік аймағында республикадағы фосфорит қорының – 82, уранның – 69, плавиктік шпаттың – 68, гипстің – 62, мырыштың – 18, қорғасынның – 15, алтынның – 13, мыстың – 7, молибденнің – 3,7, темірдің – 3,3, көмірдің – 3,4, мұнай мен газдың 2,5-2,8 пайызы шоғырланған. Аталған шикізат 970 кен көзінде өндіріледі. Оның ішінде 650 кен көзінде кең таралған пайдалы қазбалар бар. Бүгінде 600 кен көзінде өндіру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа кен көздері барлануда. Бұрын минералды шикізаттық қорды геологиялық қызмет мемлекеттік бюджет есебінен барлау жүргізіп, өндіріп келді. Оған іздестіру, бағалау және түсіру жұмыстары да кіреді. Кейінгі кезде бұл міндет келісімшарт ұтып алушы компанияларға яғни, заңды тұлғалар мен кәсіпкерлерге жүктелуде. Келісімшарт ұтып алушы әуелі жер қойнауына барлау жұмысын жүргізуі тиіс. Соңғы 10 жылда Оңтүстік өңірде 203 мың шаршы шақырым, оның ішінде Қаратау өңірінде 80 мың шақырымда геологиялық барлау жүргізілді. Геологиялық-минерогендік карта жасалды. Бұл жұмыспен аймақтың барлық тау-кен аудандары қамтылды. Соның нәтижесінде геологиялық болжамдар жасалған және пайдалы қазбалар орналасқан аумақтардың есебі жасалды. Р3, Р2 және Р1 санаттары бойынша негізгі қазба байлықтардың болжамдық ресурстары ұлғайды. Қаратау өңірі және Қырғыз шоқысында алтынның 639 тонна, қорғасынның 14,5 миллион тонна, мырыштың 24,5 миллион тонна, Шу-Іле аймақтары мен Кіндіктаста алтынның 1104 тонна, қорғасынның 24,7 миллион тонна және мырыштың 15,2 миллион тонна қоры, бұған қоса күмістің, молибденнің, марганецтің, темірдің, сирек металдардың және көмірдің мол болжамдалған қоры анықталды. Қаратас телімінде С2 санаты бойынша пайдалы қазбалар қоры: кен – 330 мың тоннаны, оның ішінде металл 80554 килограмм (оның ішінде – алтын 6009 килограмды, күміс 20 845 килограмм) құрайды. Құланкетпес телімінде С2 санаты бойынша кен 176,8 мың тоннаны құрады. Оның ішінде марганец – 38,1 мың тонна. Шатыркөл және Жайсан кен көздеріндегі пайдалы қазбалар қоры мол. Шатыркөлде 200 мың тонна мыс, 6 мың тонна молибден, 20 мың тонна алтын, Жайсан кен көзінде 610 мың тонна мыс бары болжанған. Ақтасты кен көзі аумағындағы зерттеу жұмыстары мұнда да кен көлемінің молдығын анықтады. Придорожная, Байқұтты және Жалқамыс Оңтүстік ІІ аумақтарында да жаңа кен қоры табылды. Ақтасты кен көзіндегі кеннің құрамында алтын бар. Облысымыздың аумағындағы Тымлай титан-магниттік кен көзін барлау жұмысы аяқталып келеді. Бұл да мол темір қоры бар ірі кен көзінің бірі. Мойынқұм ауданы аумағындағы Мыңаралда әктастың мол қоры анықталып, қазір ол цемент өндірісіне қолданылуда. Облысымыздағы Қызылбастау кен көзінде ақ мрамордың бірегей қоры бар. Елімізде тұрғын үй құрылысының кеңінен қанат жаюы, сондай-ақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көліктік дәлізінің қайта жарақтандырылуы, «Жетіген-Қорғас» теміржолының жұмысы жүргізілуіне байланысты кеңінен таралған құрылысқа қажетті материал өндіру үшін пайдалы қазбаларды өндіру жұмысы жандандырылды. Аймақта барланбаған жер баршылық. Келешекте салаға шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартылады. Кен көздерін үздік әлемдік тәжірибеге сүйеніп, озық әдістермен игерсек, оны барлауға және өндіруге жұмсалатын шығын азайып, табыс молаяр еді. Оларды өткеру экономикамызды өркендетіп, мол пайда әкеледі. Бүгінде облысымызда құзіретті органмен мердігерлер арасында 178 келісімшарт жасалып, 137 жер қойнауын пайдаланушы жұмыс атқаруда. Оның ішінде 156 келісімшарт бойынша өндіру жұмыстары және 22 келісімшарт бойынша геологиялық барлау жұмысы жүргізілуде. Кейінгі кезде жер қойнауын игеруге ниет білдіруші әлеуетті мекемелер мен жеке кәсіпкерлер көбейіп келеді. Олар құзырлы орган өткізетін жер қойнауын пайдалану конкурстарына қатысып, ұтып алғандар келісімшартқа ие болуда.

Тараз қаласы.