Әлеумет

«Қазақ тілінде сөйлейміз...»

«Қазақ тілінде сөйлейміз...»

облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдерін қабылдап, құрмет көрсетті

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мен Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен облыс әкімдігінің мәжіліс залында өзге ұлт өкілдерімен жиын өткізілді. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысып, жүргізіп отырды.

Ерқанат Нұрбапаұлы жиынға қатысушыларды Қазақстан халқы тілдері күні мерекесімен құттықтап, ұлттар арасындағы достық пен ынтымақты сөз етті. Кездесуде Тараздағы «Локомотив» депосының жетекші инженер-технологы, грек ұлтының өкілі Иван Шамлиди, екі перзентін қазақ балабақшасына бергенін айтса, «Suhan grouр» ЖШС-ның бас директоры, орыс ұлтының өкілі Борис Суханов келешекте ұл-қыздарының мектепке дейінгі қазақ тілді мекемеден тәрбие алатынын сөз етті. Бір айта кететіні, екеуі де өз ойларын қазақша еркін жеткізді. Жиналғандар назары жеті тіл білетін әзірбайжан өкілі Эмина Мамедоваға ерекше ауды. Жуалы ауданындағы №1 Орджоникидзе атындағы мектеп гимназиясында ағылшын тілінен дәріс беретін Эмина Теймурқызы ана тілінен бөлек орыс, қазақ, ағылшын, ауған, өзбек, тәжік тілдерінде жатық сөйлейді екен. Ол жиын барысында «Алға,қазақ!» әнін шарықтата шырқап, баршаның патриоттық рухын көтерді. Сондай-ақ, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті, өзбек қызы Шахзода Додажанова М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзіндіні мәнерлеп оқып көпшілікті таңдандырса, Тараз қаласындағы №9 балабақша түлегі, облыстық «Қазақшаң қалай, балақай?» байқауының алты жасар жеңімпазы Ульяна Нескина Қазақ хандығының 550 жылдық тойына арнаған өлеңін қазақ тілінде жатқа айтып, жұртты сүйсіндірді. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін жетік білгені облыстық «Мемлекеттік тілді оқыту орталығының» жемісті жұмысы екенін айтады. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, бір топ тіл жанашырларына облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Сондай-ақ, ол Таразда өтетін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына келген қонақтармен қазақ тілін жақсы меңгерген осындай үлгілі өзге ұлт өкілдерін жүздестіру қажеттігін айтып, тілі де, жүрегі де, тілегі де бір ұлт өкілдерін тарихи той Қазақ хандығының 550 жылдығының Тараз қаласындағы іс-шараларына ортақтасып, белсенділік танытуға шақырды.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз.