- Advertisement -

Қамкөңіл жандар қамқоршысы

108

- Advertisement -

Қалай дегенде де жасы келіп, жүріп-тұруы қиындаған, тағдыр тәлкегіне ұшыраған қарт кісілерге бел жазбай қызмет көрсетіп, күтім жасауға екінің бірі шыдас бере де алмайды. Мұндайда мінездің салмақтылығы, еңбеккештік, төзімділік аса қажет болады. Міне, осы қызметте Шолпан Мырзаханқызы жеті жылдан бері аянбай еңбек етіп, қарттардың да ұжымның да ыстық ықыласына ие болумен келеді.

Оның жоғары білімі бола тұра бейнеті ауыр осы саланы таңдағанына бастапқыда әріптестері де таң қалысқан еді. Өйтетін де жөндері бар. Ол Қазақ политехникалық институтын бітіріп шыққаннан соң, жолдамамен қаладағы «Казгипропроект» жобалау институтына жіберіліп, біраз жыл инженер-жобалаушы болып қызмет те атқарды. Тоқырау жылдарында институт жабылып, біржағынан балалы болуы бар, біраз уақыт жұмыстан қол үзіңкіреп, өзіне ұсынылған мамандығына сәйкес келетін қызметтерге орналасу мүмкіндігін де жіберіп алады.
Амал жоқ, осыдан сегіз жыл бұрын жұмыссыз ретінде еңбек биржасына тіркелген-ді. Қаладағы №2 қарттар үйінде санитар-тазалаушы болып жұмыс істеу ұсынылғандағы қуанышын айтып жеткізу қиын. Кейіпкеріміз Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласымен де жақсы таныс болып шықты. «Бүгінде еліміздегі әлеуметтік жаңғыртулар бүкіл қоғамның, әрбір қазақстандық отбасы мен әрбір қазақстандықтың өміріне шынайы сезінерліктей оң өзгерістер әкелуге бағытталып отыр ғой. Жұбайым теміржолшы. Ол да менің үй шаруасымен ғана айналысып отырғанымды қалайтынын айтқан. Алайда, қандай да бір жұмыстың өміріме өзгеріс әкелетінін ұқтым. Қай-қайсымыз да елімізге еңбегімізбен пайда әкелуге тиіспіз емес пе?! Мен отбасымда да балаларымды еңбектің қадірін ұғуға тәрбиелеймін» деп ағынан жарылды ол.
Оған қарттармен жұмыс істеу аса қиынға соға қоймады. Өйткені, ол кішкентай кезінен ауылдағы қариялардың әңгімесін тыңдап, «сырласып» өскен болатын. «Қадери-халіңше қызмет көрсетіп, қарттардың батасын алғанға не жетер. Жұмысым жақсы, өзіме ұнайды. Ата, апаларыма бауыр басып та қалдым. Олардың да мені ешқайда да жібергісі жоқ. Көп уақытымды солармен бірге өткіземін. Көргені көп, көкірегі қазына ғой олардың. Арасында қазағы да, орысы да, тәжігі де бар», – дейді Шолпан Айханова.
Ұжымы оны «үздік әлеуметтік қызметшіміз» деп мақтаныш та етеді.

Баймаханбет АХМЕТ, 
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support