Қонақ үйлер дайын
Қонақ үйлер дайын
Елдік тойдың тағылымын түсінетін тараздық кәсіпкерлер қонақ үйлердің дайындығына да үлкен мән беруде. Қазір Тараз қаласындағы даңғыл көшелердің бойында бой түзеген небір зәулім қонақ үйлер талғамы жоғары кез-келген туристке сапалы қызмет көрсетуге әзір. Жалпы, «қонақ үй» қызметі облыс орталығында заман талабына сай өз деңгейінде дамуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облысымызда келушілерді орналастырумен шұғылданатын 84 кәсіпорын тіркелуі – осы сөзіміздің дәлелі. Бүгінде өңірдегі қонақ үйлерде орналастыру орындары 1009 нөмірге жеткен. Олардың бір жолғы сыйымдылығы 1763 төсек-орынды құрап отыр.
Қазақ хандығының 550 жылдық тойы жақындаған сайын түрлі конференция, іс-шараларға қатысушылар еліміздің барлық өңірінен келуде. Әр аймақ мерейтой аясында ұйымдастырылатын театрландырған көрініс, басқа да мәдени шараларға атсалысуда. Оларды жатын орынмен қамтамасыз етіп, талғамға сай қызмет көрсетіп жатқандар – жамбылдық қонақ үй кәсібімен айналысатын кәсіпкерлер. – Тараз қаласында бүгінгі күні 57 қонақ үй жұмыс істер тұр. Оларда келушілерге арналған 879 орын бар. Оның 144-і талғампаз қонақтарға арналған нөмірлер (люкс), 632-сі орташа денгейдегі нөмірлер. Қалған 81-і стандарт нөмірлер, – дейді Қызмет көрсету саласы статистика басқармасының басшысы Әсима Омарова.
Қанат Тілепберген, «Ақ жол».