- Advertisement -

Қажылықтың қабылдануы

120

- Advertisement -

(әңгіме)

6Мархабат Байғұт,
жазушы.

Үшеуі дос еді. О баста. Жетіжылдықта. Ол кездері достық пен махаббат қатты қадірленетін. Махаббат, әрине, шешімі табылмайтын ғажайып жұмбақ қой. Достығыңыз одан сәл түсініктірек болғандықтан шығар, биігірек бағаланатын.
Үш досқа жеті жылдық мектептің жұрты қызыға қарайтын. Үшеуі үш ауылдан еді. Қияндау қыстақтардағы төрт кластық бастауышты бітірген соң шағын қалқоздың орталығына есекпен қатынап оқыған.
Бесіншіде достасты. Бетегелі белде анттасты. Себебі сол, орталықтың жылдамырақ жетілетін жүгермектері жабылып сабаған. Жекелеп. Желкелеп. Жұдырықтап. Тұмсықтан. Арғымақтай көретін көк есектерінің тікірейген жалдарынан жылап аққан қан біріктірген. Ауылдардағы жылқыны шұрқырата шұбыртып, етке айдатқан Хрущевыңыздың тұсытұғын.
Анттарынан айнымады. Үш досқа ешкім ешқашан тиіспеді. Еркін жүрді. Достықтың арқасында.
Бірінші Дос жетіжылдықтан кейін Түркістанның педучилищесіне кеткен. Одан соң Қызылорданың пединститутын бітіріп, біржолата мұғалімдіктің қамытын киген.
Екінші Достың ерекше даусы елді елең еткізетін. Әнші еді. Жетісайдағы мәдени-ағарту училищесіне ілінді. Ары қарата оқи алмады. «Баритондық бірегей үніңмен Алматыдағы Абай театрын жарып шығасың. Орның операда» дейтіндер көптұғын. Барғызбасы барғызбады.
Үшінші Дос Жамбыл қаласының жанындағы мал мамандары техникумын тәмамдап, бірден астанадағы (Алматы ғой) зоотехникалық-малдәрігерлік институттың есігін айқара ашты.
Үш достың араласуы азаймады. Сағынысып табысатын. Асығатын. Бір-біріне қарата. Студент шақта.
Үйленісті. Бірте-бірте өздерімен-өздері болмаққа үйреністі. Алайда, араларын суытпауға тырысыңқыраған. Кездесетін. Кейде. Бірсін-бірсін сиреді. Сағыныса табысу.
Жылдар жылжыды. Жылдамдата. Уақыт шіркініңіздің түсініксіз түрде тез сусып өтетінін бәріңіз білесіздер. Мойындайсыздар. Таңырқайсыздар. Неге-неге-негелеп, шүйделеріңіз құлақтарыңызға қосыла шыңыл қағады-ай. Алайда, артынша деп-демде ұмытып кете барасыздар.
Заманыңыз заулады-ай. Зырыл қағып. Шыр айналып. Адамдарыңыз басқашаланбаққа көшті. Өйтпеске шара жоқ-ты. Достығыңыздың дағдарысқа түскен кезенейлі кезеңі ғой. Үш досыңыздың арасындағы анттан тоқылған асыл жіп бытыр-бытыр үзілді.
Үшінші Достың жағдайы бартерлік барымта жылдарында жақұттайын жайнады. Алыс ауданның кемелденген кеңшарындағы мыңғырған малдың жартысын жалмап, Шымкенттейін шаһарыңыздан жоғары лауазымдар шиыруға шұғыл кірісті. Талай да талай тұстардан телім де телім жер иемденіп, түрлі-түсті көркемсуретті коттедждер мен кешендердің жобаларын жасата жөнелді. Көк тіреген ғимараттардың бірталайын тиын-сиынға бағалатып, өзіне қаратып үлгерген. Бартерлік барымтасы тендерлік тегене құйрықтардың олжасына орады. Бертініректе. Тойханалары тізілген. Сауналары сүзілген. Кафелері көбейген.
Мырзалығын мәшһүр етпек мақсатпен мешіттер салған. «Мен мешіттер салғанмын» деп кергитін мінез тапқан.
Екі досы ентіккен. Әр жақта, сан тарапта тентіреңкіреп жүріп, олар-дағы осы шырайлы шаһарыңызға қоныс аударған. Жұрт секілді. Урбандануға ілесіп. Ілбіп. Жолығысқан. Үш дос. Үшінші Дос қорсынып қарағанын сездіріп қойды. Екеуіне екі телім жер әпермекке әрекеттенетінін мағлұмдаған. Тегін бергісі бартұғын. Кілт айныды. Сатты-ау ақыры. Сатты ғой. Сонысының өзіне бұлданды. Бірінші Дос та, Екінші Дос та бәрін-бәрін білді. Терең-терең түйсінді.
Зорсынушылықтан қорсынды. Екеуі де ендігәрі жоламасқа бекінді. Екеуі де ілдәлдалап қарапайым, қатардағы қараша үйлер салудың өзіне сансырады.
Бірінші Дос мектеп директорлығына да іліне алмай, шаршаулы күйде шау тартуға айналды. Ұл-қыздары әке-шешелеріне тартып туған, тым-тым қанағатшылдар еді. Әкелерінің досына олар-дағы бармаған.
Екінші Достың дауысы ішкіліктен тарғыл тартқан. Мәдениет саласының шиырларынан шыққысы жоқ-ты. Аз ғана айлық жалақысын місе тұтып, ескі досына телмеңдемеді. Телмірмеді. Алғашқы әйелі әлденеше мәрте құрсақ көтерді-ақ. Асырай алмаймыз деп, бала тапқан не теңіміз деп, алдыра берген. Қайта-қайта. Ақырында барлыққан баритон дауыс көжеге қатық болмайтынын күйеуінің бетіне шыжғырып басып, басқа біреуге тиіп тынған. Әншіңіз жүдеңкіреп жүріп-жүріп, жадаңқыраған қарашаруа қатынға үйленген. Жастау, адал-аңғалдау боп жолыққан жары баланы көбейтті. Бірінен соң бірін тапты. Екі ұл. Үш қыз. Ала дорбаны арқалап асырады. Сауда жасады. Табанынан сыз өтіп, төбесінен мұз түсіп, бақиға аттанды. Әншінің жүрегі тосын қасіретті көтере алмаған. Ерлі-зайыпты екеуі жарыса жөнелгендей көрінген. Үлкен ұлдары бір мүшелге, кенже қыздары үшке қадам басқан-ды.
Бірінші Дос пен Екінші Дос баяғы, бетегелі белдегі берген серттеріне селкеу түсірмейтін. Септесетін. Селбесетін. Сүйсінісе сүйенісетін.
Қажылыққа бармақты қайта-қайта қозғайтын. Бірінші Дос. Бес уақыт намаз оқитын. Ниеттенетін. Армандайтын. Әжептәуір әзірлік қамдастыратын. «Таяу жылдары бәрібір барамын. Қаржы жинаймын», дейтін.
Екінші Дос онша құптамайтын. «Мен бүгіндегі бүлінген діншілдерден қорқам», − дейтін Екінші Дос. – Байқаймысың? Сақал суық тартты. Баяғыда есек мінген қариялардың сақалдары қандай еді?! Шалдардың көздерінен шуақ, сақалдарынан сәуле төгіліп тұрмаушы ма еді?! Намаз оқығандағы қазақы қырағаттары құлағымызда емес пе? Айтшы өзің!» Дейтін.
«Айта бер, айта бер», − деп қоятын Бірінші Дос мойындай міңгірлеп.
«Айтам. Неге айтпасқа! Ата-аналарымыз Аллаһ, Аллаһ деп тамақтарын тырналамай-ақ, Алла деп үлпіл-лүпіл үйлесіммен, мамық мәнермен мәністеуші еді ғой…» дейді Екінші Дос.
«Бәрібір. Күндердің күнінде, жылдардың жылында қажылыққа барамын», − дейтін Бірінші Дос.
Екінші Дос бұрынғыдан бетер қызбаланатын: «Алла кешіргей. Бірақ бар ғой ә, қазір қажылықтың қадірін кетіретіндер көбейді. Қандай пиғылмен, нендей ниетпен барады? Міне, мәселе сонда-а-а. Әлденеше рет барып қайтқандар аз емес. «Қажымын» деседі. Бәрі. «Пәленше қажы Түгеншеев» деп жазады. Тіпті аты-жөніне «қажылықты» қоспақ мақсатпен ғана туристік тұрпатта сапар шегетіндер, сол үшін ғана жазумен айналысуға кірісіп кеп-кеп кететіндер бар…»
Осылайша күйінетін Екінші Дос ана жайға асықты. Зайыбына ілесіп. Қашанғы қыстақтағы туыстары шаһарға қоныс аударып үлгерген екен. Әншінің қазасына қатты қайғырды. Жылап-сықтасты. Бірақ жетімектерге қарайласардай қайрандары жоқтығын жайбағыстады.
Жеті жыл бойы жетімдерді әуелі Алла, сонсоң Бірінші Дос желеп-жебеді, демдеп-демеді. Марқұм Екінші Достың үлкен ұлы екі сыныпты бір жылда бітіріп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Нью-Йорктің ең кәтта университетіне түсті. Екі курсты бір-ақ жылда тауыс-тәмәм етіп, американдықтарды аң-таң еткен. Одан кейінгілері де шетінен «Дарын» мектептері мен қазақ-түрік лицейлерін қайран қалдыра бастаған.
Бірінші Дос мың шүкірлік етеді. Қажылыққа жыл сайын ниеттенетін. Бірақ, досының көгенкөздеріне көмек керек қой. Қажылыққа жиналып жүріп, жеме-жемге келгенде жетімдерге қарайлап, қап қоятын.
* * *
Есесіне Үшінші Дос мәлімдеме жасады. «Қажылыққа аттанам!» деді ең үлкен, аса салтанатты тойханасындағы арнайы жиын үстінде. Дайындық қыза жөнелген. Апаратын арнайы фирманың президенті қонаққа шақырылған. Сый-сияпат жасалған.
Фирма президенті бәрін тұтас түсінді. Кім екенін, нысай-ниетін сезді. Қошемет деген аса пысық, үш тілді білетін жігітті жанына қосатын болды. Әйтпесе, қиын. Қажылық сапарының ғажабынан азабы басым. Деп, дәлел-дәйектер тізді.
Қазан айы ортасынан ауған. Шымкентіңізде алтын күз еді. Алайда, Үшінші Досыңыз өзінің ғана еншісіндегі ендіктер мен байлық бойлықтарынан, алуан-алуан кешендерінің ішіндегіден басқа табиғатқа, сұлулыққа сүйсіну сезімінен жұрдайланғаны қашан. Әуежайыңыздың жанындағы тікбалтыр теректер мен былайырақтағы аққайыңдардың алтынсары жапырақтарына меңірейе қарағаннан аспады. Сүлесоқ сезімі селт етпеді.
Уайымсыз ұйқы соқты. Ұшақта. Қасындағы Қошемет әр қимылын қабағынан бағады. Басқа да бірді-екілі танитындар табылған.
Ұзақ ұшты. Ұшақ. Бахрейн корольдігінің әуежайына қонды.
«Ихрамға кіресіздер» деді. Оның не екенін, қалай кіретінін Қошемет қайталай тәптіштеді. Арнайы бөлмеге талас басталды. Шымкенттегідей шым-шытырық интерес қой, баяғы. Шырайлы шаһарыңызда болса, кезексіз кірер еді-ау.
Қошемет қана саңылау тауып, сығалай саусақ иілтті. Қатардағы қара бұқаралықтан құтқарғанына қуанды. Бұлқына жұлқынды. «Ұят қой, үлгереміз ғой. Мал секілденіп не көрінді?!» деді бір кісі.
Бәрібір, азаптанды. Бұл. Ихрамға кіру айтуға оңай көрінді. Жалаңаштанды. Тырдай. Екі бөлек ақ матаның бірін сол иықтан асыра созып, кеуде мен жон арқаны жабады екен. Екіншісін белге орайды. Өзгелерден көріп икемделмек еді. Болмады. «Қошемет!» деп айқай салды. Ол ұялыңқырай шегініп тұрған. Лажсыз өз қолымен орап беруге мәжбүрленді. Ихрамданған соң басқалар екі рәкәт Сүннет Әл-Ихрам оқыды. Үшінші Дос бастаған бірқаншалары намаздан бейхабарлығын білдіріп үлгерді.
Саудияның Жиддасына жеткендері хабарланды. Ажарлы араб қызы – жүзі жылы жолсерік күлімсіреп: «Уа тауасау биссабр» деп сабырға шақырғанымен, шымкенттіктер шыдасын ба?! Көбісі сабыр сақтамай, дүрк көтеріліп, төбе-текшедегі қу дүниелеріне жапатармағай жармасты.
Бірталай әурешіліктер, кедендік кедергілер шаршатып үлгерді. Зәулім мейрамханаға жайғасып біткенше титықтады-ау. Үшінші Досыңыз. Қошеметтейін қолпаштаушысыз қиын екен. Жайбарақат демалмақ пиғылы жүзеленбеді. Жуынып-шайынып әзер біткенде, тағы асықтырды. Умра қажылық басталмақшы. Автобустары аз ғана жүріп, қайта түсірді. Қағбаға дейін және жаяу-жалпыламақ жөн. Бір шақырымнан аса. Құжынаған құмырсқадай адамның ұшы-қиыры жоқ. Шет-шегі көрінбейді. «Адасып қалмаңдар! Бір-біріңнен ұстап алыңдар! Менен көз жазбай жүруге тырысыңдар!» − дейді жетекші. «Қап кетеміз. Тездетейік», − дейді қолтықтай қолпаштаған Қошемет.
Тынысы тарылып, демі қиындағанда кенет: «Әл-Қағба! Әл-Қағба!» дескен дауыстар естілген. Жетекшіден, бірер таныс желкеден көз жазбай келе жатқан Қошеметтің де деміккені білінген. Ауыр жүкті арқалағандай қиналғаны аян. Әл-дірманы азайып, аяғын сезінуден қалғандай. Үшінші Досыңыз. Құласа, таптап өтетін шығар. Қошеметтің қолтықтауынан айырылып, адасып қалса ше?! Мына қалың нөпір не оңдырар?!
Басы мең-зеңденді. Айнала аппақ әлем. Мың-миллион адамдар ағыны. «Анау көк жолақты көрдіңіз бе?» − деді Қошемет су терге малшынып. Бұл байқамаған. Көрмеген. «Қазір тәуәп ету басталады, аға», − деді Қошемет. Бұл меңірейген күйден танбады. «Жарық жаққа қараңыз, аға», − деді Қошемет. Жолағы қайда? Жарығы қайда? Қараңғысы қайда? Қағбасы қайда? Білмеді. Сезбеді. Сезінбеді. «Бисмилла деңіз», − деді Қошемет. Бұл ернін жалап, болмашы ғана жыбырлатқан. «Жеті мәрте айналамыз», − деді Қошемет мұның сүйенген салмағынан жаншылып. «Қажылық барысында жеті айналманы үш мәрте жүзелейміз, ағасы. Бүгін және Құрбан айттың алғашқы күні. Одан соң елге қайтарда. Қоштасу үшін…»
«Үш мәрте?! Жеті айналымнан үш мәрте?!» − деп, ішінен ышқынды Үшінші Дос. – Шыдай алармын ба?!»
Зәмзәм суын ішкенде, адамдар бірін-бірі басып-жаншитындай шошынған. Тізілген шүмектердің әрқайсысына кезекке тұрған сансыз жандар жайбарақат, тіпті қуанышты секілді. Ал Үшінші Досқа азап сияқты.
Жұрт жабылып мақтайтын, жалынып-жалбарынып ем-дом тілейтін зәмзәм суы Үшінші Досқа жақпады. Қолқасы қабынып, тамағы жұтқызбай жатып қалды. Әлде әртүрлі салқындатқыштар мен желдеткіштердің әсері. Мешітке бармады.
Ертеңіне тәуірленгендей еді. Намазға қатысқан сыңай танытты. Терезесі Қағбаға қараған бөлме алдында қайтыс болғандардың жаназасы шығарылды. Жүрегі шіркін шым ете түсті. Ентігіп тұрған. Шып-шып терледі. Шымкенттіктер сыбырласты. Қажылыққа келгендерден күнде көп кісі дүние салатын көрінеді.
Одан кейінгі күндері де жабық көліктерге көптеп тиеп жатқанын көрді. Ойы осқыланды. Санасы сансырады. Қалтырай қорқып, қолқасы шиқылдай: «Нем бар еді?! Нем бар еді?! Нем бар еді?!» деді.
Мина тауындағы жазықтарда жыпырлаған ақ шатырлар ақылын айран етті. Сыртынан салтанатты сезілер ақшаңқандардың іші тас еден екен. Таз кілемдер ғана төселген. Үшінші Досыңыз азапқа буылды. Мамық-мақпал төсектерге үйренген есіл денесі ихрамға ғана оранып, тақырға жатқан. Қошемет әлдеқайдан жұмсақтау жамылғы әкеліп, жұбаныш таптырды.
Шайтанға тас лақтыру тұсында Үшінші Дос үздік қимыл танытты. Әр тасты атқан сайын «Аллаһу акбарды» айқайлай айтты. Екі күндей айызы қанды.
Құрбан айттың алғашқы күні өтті. «Шайтанның арбауынан азатпыз, аға. Барлық рәсімді орындадық. Шүкіршілік», − деді Қошемет.
«Қошемет, − деді Үшінші Досыңыз сонда, − Құрбан айттың екі күні алда ғой, осы уақытта сен қайткенде де бір көріпкел табасың. Тіл білесің. Епсектісің. Бәрін түсінесің. Табасың сен. Осыншама азаптанғанда, менің қажылығым қабыл болды ма, жоқ па? Соны қалайда біліп қайтуым керек. Елге жеткен күні екі миллион теңге қалтаңда болады. Уәде – Құдай сөзі!»
Қадалғаннан қан алар. Үшінші Дос. Ойдағысын орындауға үйренген.
Талмай іздеді. Табан тоздырды. Тілін безеді. Қошеметіңіз.
Екінші күннің ымыртында тапты. Табылды. Көріпкелдердің көкесі. Ол жақта да жоқ емес екен-ей ондай-ондайларыңыз.
«Аға, зорғадан, зорыға жаздап… Әйтеуір, сәтін салды-ау! – деді Қошемет. – Бұл өзі біздің Бейбарыс бабамыздан тарайтын үрім-бұтақ көрінеді…»
«Оп-по-о-о! Онда жүдә қатырыпсың ғой, Қошемет бауырым! Және жарты миллион қостым!» − деді Үшінші Дос.
Келбеті көрікті Көріпкел іске кіріскен. Қошемет тереңдете түсіндірсе керек-ті. Біраз-біраз әсерлі әңгіме шертіп барып: «Қажылығыңыз қабылданды, мырзам!» дейтін шығар. Деп күтулітұғын.
Олай болмады.
«Ей, пендем, − деді Көріпкелдердің көкесі. – Сенің қажылығың қабылданбады. Еліңнен есеппен ғана, атыңды шығарып, атағыңды бұрынғыдан бетер, басқаша жолмен биікке көтеру үшін ғана аттаныпсың. Сенің орныңа баяғыда анттасып-достасқан, өмір бойы шәкірт тәлімдемекпен бейнет кешкен, бес бірдей жетім баланы мәпелеп жеткізген Бірінші Дос ныспылы мұғалім мұсылманның қажылығы қабылданды!»
«Ойбай-ау! – деді Үшінші Дос іштей шыңғырып, сырттай ысылдай тістеніп. – Ол… Ол… Ол дуана ғой, дуана! Мұғалім. Ол ит бұл жаққа аяқ басқан емес қой! Қалайынша қажылығы қабылданады?!»
«Босқа ысыл қақпа, қазағым. Түп-тұқиян тегім Бейбарыс әміршімнен тараған. Көріпкелдікті қойып кетіп ем. Қазақ деген соң ғана көніп ем. Бар қажыр-қайратымды салдым. Айқындадым. Сол диуананың жетімдерге жасаған жақсылығы қажылықтан биігірек тұрыпты», − деді Көріпкелдер көкесі.
«Жарайды, көнейін. Бір кездері дос едік. Мұғалім де қажы бола қойсыншы. Мені де қосуға бола ма? Соның қасына? Қажылыққа? Ештеңемді аямаймын. Мен… Мен… Мен бір емес, бірнеше мешіт салдырған адаммын. Мен…» деді Үшінші Дос.
«Уа, күнәһәр пенде! Сен өзің менің шексіз, менмендігің түпсіз тәкаппар екенсің. Мешіт тұрғызғанына үш мәртеден артық мақтанғанның еңбегі зая. Салмағанмен бірдей-дүр. Біреулерге қайырымдылық көрсетіп, жақсылық жасағанын төртінші рет айтып, міндетсіну де солай. Риясыздық қана сауап ретінде жазылар», − деді Көріпкел.
Қошемет қолтығынан сүйеп қайтқан. Қағбаға қарата ағылған қалың нөпір бұларды тау селіндей іліп әкеткен. «Құламайық, аға! Құласақ, өлдік», − деді Қошемет.
Кенет қалың топтың қысымына қамалып, ақ дамбалының балақтарын біреулер басып, жалаңбұттанды. Үшінші Досыңыз. Адамның абыройсыз қалмағы деп-демде ғой. Қошемет өзін кінәлі сезініп, қожайынның хал-ахуалын асып-сасып әзер түзеген.
Келесі күні Мәдина шаһарында көңіл-күйі болмады. Қошемет сүйемелдеп жүрді. Әлдебір мешіттегі әңгімені өзгелер ұйып тыңдады. Бейбарыс бабаның мінберге қатысы барлығы да, Ухуд тауындағы уағыздар да құлағына кірмеді…
Қажылық сапардан қайтып келгеннен кейінгі үшінші күні Шымкенттейін шырайлы шаһарыңыздағы керемет кешендерінің бірінде шүкіршәй берілді. Қошемет бел ортада белсенді. Зәмзәм суы, тағысын-тағы тарту-таралғылар таратылды. Мадақ маздады. Қожайынның құрметіне.
Шүкіршәй шарасына Бірінші Дос шақырылған. «Қайдан іздесеңдер де, жердің астына түсіп кетсе де, табасыңдар!» деген Үшінші Дос.
Табылған. Айрықша айтылған. Алайда, бармайтынын бірден білдірген. Бірінші Досыңыз.
Бәрібір, Үшінші Досыңыздың ныспысына «қажы» сөзі қосыла жазылып жүр.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support