Саясат

БҰҰ және тәуелсіз қазақстан

БҰҰ және тәуелсіз қазақстан

Біріккен Ұлттар Ұйымы – бірегей халықаралық ұйым болып табылады. Оның негізін Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға, елдер арасындағы достық қатынастарды дамыту мен әлеуметтік прогреске көмек көрсетуге, өмір сүру мен адам құқығы саласындағы істің жағдайын жақсартуға арналған бағытты жақтаушы болып табылатын 51 елдің өкілдері қалады. Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының күшіне енуінің бір жылдығы — 1945 жылғы 24 қазан күні атап өтілді. Ал 1948 жылдан бастап бұл күн Біріккен Ұлттар Ұйымы күні ретінде аталып өтілуде. Дәстүр бойынша ол күні Ұйымның жетістіктері мен мақсаттарына арналған мәжілістер, пікір-таластар мен көрмелер ұйымдастырылады.

1992 жылы 2 наурызда, тәуелсіздігімізге қол жеткеніне екі жарым ай толғанда еліміз БҰҰ толыққанды мүше болды. Сол арқылы әлемдегі ішкі, сыртқы кереғарлықтан, қайшылықтардан таза, қалыпты өмір кешіп жатқан мамыражай тынысты аз мемлекеттің бірі екенін дәлелдеді. Содан бергі 24 жылда еліміз осы бағытынан жаңылмай, ТМД елдері аумағындағы тұрақтылық пен айқындықтың эпицентрі ғана емес, әлемдік аренада беделді мемлекет ретінде мойындалды. Әрине, мемлекеттілікті қалыптастырудағы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің орны ерекше. Қазақстан БҰҰ-ға мүшелікке қабылданғанда оның құрамында 168 мемлекет болса, қазір оның қатары өсіп, 193 елге жетті. Сол алғаш мүшелікке өткеннен бері еліміз Ұйым жұмысына белсенді атсалысуымен келеді. Бұл – еліміздің сыртқы саясатындағы басым бағытының бірі. Қазақстан тәуелсіз ел атанғанда бұрынғы Одақтан аса ірі ядролық арсенал мұраға қалып, Семей ядролық полигоны жұмыс істейтін. Міне, осы кезде Елбасымыз ядролық қарудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Осылайша, 1991 жылдың 29 тамызында тарихи құжатқа қол қойылып, еліміздің ядросыз саясатының негізі қаланды. Арада 20 жыл өткен соң БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстан бастамасын қолдап, өзінің 64-ші сессиясында 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады. Ядролық қару мен сынақ алаңынан өз еркімен бас тарту әлемдік тарихта бұрын-соңды орын алмаған айтулы оқиға еді. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның 2010 жылы елімізге келіп, Семей ядролық полигонының орнына барған сапарында осы бастаманы аса маңызды тарихи қадам деп бағалады және «Қазақстан ядролық қарусызданудың айқын лидері. 1991 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы және ядролық қарудан бас тарту туралы батыл шешім қабылдады. Бұл – көрегендік қадам», деді бас хатшы. 2010 жылы БҰҰ Бас хатшысы қазақ жеріне екі рет, сәуір және желтоқсан айларында келіп кетті. Бұған дейін ол ешбір елге, егер ондағы жағдай тұрақты болып және ешқандай кикілжің орын алмаса, бір жылда екі мәрте атбасын бұрған емес. Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілдігі өз жұмысында әлемдік қоғамдастықтың назарын Семей ядролық полигонының зардаптарын жоюға аударып, 1997 жылдан бері Ұйымның осы мәселе бойынша 6 қарар қабылдауына мұрындық болды. Оның соңғысы Бас Ассамблеяның 66-шы сессиясында қабылданды. Ал 2009 жылы Семей қаласында бес Орталық Азия мемлекеті басшыларының мәмілеге келіп, Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құру жөніндегі шешімге қол қоюы халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам еді. Қазақстан ядролық қауіпсіздік бойынша және ядролық материалдардың таралуы мен ядролық терроризмге қарсы өңірлік іс-жоспардың жасалуына бастамашылық етті. 2010 жылдың сәуірінде Вашингтонда өткен жаһандық саммитте Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа ядролық қарусыз аймақтар құру жөніндегі бастам жасап, оның Таяу Шығыста да қажеттілігін мәселе етіп көтерді. 2011 жылы Бас Ассамблеяның 66-шы сессиясында Бас хатшының бастамасымен ядролық қарусыздану бойынша жоғары деңгейдегі кездесу өткізіліп, оған БҰҰ-ға мүше қауіпсіздік мәселелері бойынша жаһандағы көшбасшы мемлекеттердің басшылары қатыс-ты. Бас хатшының жеке өзінің шақыруымен Қазақстан, Франция, Корея, Жапония, Бразилия, Украина және Ресей мен АҚШ-тың сыртқы саясат ведомстволарының басшылары кездесуге жиналды. Осы отырыста Қазақстан Президенті ядролық қауіпсіздік мәселесімен қатар, оның әскери және әскери емес аспектілерін де көтеріп, оның ішінде атомды бейбіт мақсатқа қолдану, атом электр стансаларының қауіпсіздігі туралы мәселе қозғап, ядролық қаруы бар мемлекеттердің оны қолданамын деп қорқытуы мен жалпы қолданбау жайында құқықтық міндеттеме алған құжат қабылдау қажеттігіне тоқталып, оны уақыт оздырмай тезірек әзірлеу керектігін мемлекет басшыларының назарына салды. Қазақстанның БҰҰ-дағы басымдық беретін бағыттарының бірі – этносаралық және дінаралық толеранттылық мәселелері. Біздің еліміз БҰҰ аясында 80 мемлекетті құрамына біріктірген Өркениеттер альянсы достарының қатарында. Сондай-ақ, еліміз 2010 жылдың Мәдениеттердің халықаралық жақындасуы жылы деп жариялануына бастамашылардың бірі болды. Жақын арада Ұйым мәдениеттердің халықаралық жақындасуының онжылдығына дайындығын бастайды. Ол жайындағы ұсыным 2011 жылдың жазында ЮНЕСКО-ның Тұрақты кеңесінің отырысында қабылданған еді. Еліміздің теңізге шығар жолы жоқ мемлекеттердің сауда және транзитті-көлік әлеуетін арттыру бойынша мәселелерді шешу Ұйым аясындағы жұмысының құрамдас бөлігі болып табылады. Осы ретте 2003 жылы дамушы мемлекеттердің қатысуымен теңізге шығар жолы жоқ мемлекеттердің Алматыда өткен БҰҰ-ның министрлер конференциясының, онда қабылданған Алматы декларациясы мен бағдарламасының маңызы зор болғанын айта керу керек. Ол қазіргі күні Ұйымға мүше мемлекеттердің осы бағыттағы ынтымақтастықтарын арттыруына қажетті құқықтық негіз қалайды. Қауіпсіздік кеңесінің назарындағы ендігі маңызды мәселелердің бірі – «Әйелдер, бейбітшілік пен қауіпсіздік». Бұл үдерістің негізі БҰҰ-ның 1325 (2000) қарарында қаланып, орын алған кикілжіңдер мен қақтығыстарды шешуде әйелдер рөлін ұлғайтуға, қақтығыс-жанжалдарды болдырмауға олардың қатыстырылуы мен бейбіт өмірді қалпына келтіруде, кикілжіңдердің салдарымен күресте әйелдердің белсенділігін арттыруға бағытталған. Еліміз БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңес (ЭӘК) жұмысына да белсенді түрде қатысып келеді. Осы Кеңеске 2008 жылы мүшелікке өткен Қазақстан алғашқы 8 елдің қатарында Мыңжылдық даму мақсаттарының (МДМ) Қазақстанда қалай жүргізілуі туралы елдік баяндаманы жасады. Ал МДМ Кеңестің ресми құжаты болып саналады. 2013 жылдың маусым айында өткен БҰҰ тарихындағы айтулы шара «Рио+20» конференциясы тұрақты дамуға арналды. Ол 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен «Жер – Планета» тарихи саммитінің 20 жылдығына орайластырылған болатын. Еліміз бұл кезде 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, Қазақ елін әрі қарай дамытудың экономикалық стратегиясының соңғы кезеңін жүзеге асырып жатқан еді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Рио+20»-ның назарына XXI ғасырда тұрақты дамудың Жаһандық энерго-экологиялық стратегиясын және «Жасыл көпір» бастамасын ұсынды. Жаһандық энерго-экологиялық стратегия әлемдегі барлық елдердің энергетикалық және басқа да табиғи ресурстарға қажеттілігін экологияға зиянын тигізбейтіндей етіп пайдалануға саяды. «Жасыл көпір» бағдарламасы Еуропа, Азия және Тынық мұхиты елдерінің дәстүрлі даму моделінен «жасыл» дамуға ауысу кезеңіндегі әріптестіктерін күшейтуге арналған. Елбасының жаһандық экономикалық және қаржылық дағдарыс зардаптарын жеңуде үйлесімді шаралар қабылдау мен оның болашақта қайталанбауын қамтамасыз ету жайындағы бастамалары – ерекше маңызды. Дағдарысты еңсерудің және халықаралық қаржылық саясатта жаңа модельдерді іздестірудің нақты ұсынымдары ретінде Тұрақты өкілдік Президенттің халыққа арнаған Жолдауын БҰҰ Бас Ассамблеясының ресми құжаты ретінде үш мәрте таратты. Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдері Бас Ассамблеяның әртүрлі сессияларының вице-президенттері болып 4 рет сайланды. Әсіресе, Тұрақты даму комиссиясының 20 сессиясына «Рио+20» конференциясына әзірлік қарсаңында төраға болып сайлануымыздың маңызы ерекше деп білеміз. 2012 жылдың басында Қазақстан ЮНИСЕФ-тің Атқарушы кеңесінің құрамына бір жыл мерзімге сайланғанын да айта кету ләзім. Сонымен қатар, 2012 жылдың 12 қаңтарында Адам құқықтары жөніндегі комитетке мүшелікке Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, белгілі заңгер Марат Сәрсембаевтың сайлануы үлкен табыстың бірі болғаны рас. Ал алда Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүше болып сайлану мүмкіндігі де біз үшін маңызды қадамдардың бірі. Біз БҰҰ-дағы биік лауазымның біріне Қазақстан өкілін ұсыну жөніндегі Қазақстан Президенті жобасының жемісті іске асқанын мақтанышпен айта аламыз. БҰҰ Бас хатшысы орынбасарының орынтағына тарихта тұңғыш рет біздің отандасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев отырды. Ол бұған қоса БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің директоры және Қарусыздану бойынша конференцияның бас директоры қызметін атқаруда. Тоқаевтың мұндай қызметке тағайындалуы қазақстандық өкілдің биік кәсіби және саяси деңгейін айғақтаумен қатар, мемлекет пен оның басшысының да беделі биік екенін көрсетеді. Біздің еліміз бүгінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің «Болашақ энергиясы» тақырыбын таңдауына байланысты тұрақты энергетика саласында озық тәжірибелерді тарату ісіне әлем жұртшылығының назарын аударып, соған қатысуға шақыруда. Бұдан бөлек, Қазақстан БҰҰ-мен адам құқығын қорғау және ынталандыруды қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөледі және Ұйымның жалпыға бірдей адам құқығы декларациясында, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі халықаралық пактіде көрсетілген мәселелерді жұмыс барысында басшылыққа алып келеді. Еліміз БҰҰ-ның аясында адамзатқа ортақ проблемаларды шешуге өзіндік үлесін осылай қоса бермек.