Әлеумет

«Ахайға» ауыл риза

«Ахайға» ауыл риза

Жанатпен жолығып, шаруа жайлы әңгімелесу көптен бері ойымда жүрген. Соның сәті жақында түсті. Мойынқұмның бұйрат-бұйрат құмдарында қыс қыстап, жаз жайлайтын малшылар ауылынан келген беті кеше екен. 

– Япырмай, таңдайыңды жабыстырып, миыңды қайнатардай аптап ыстықта, шілде мен тамызда құмды жайылым еттіңдер ме? Сонау Қостанайдан, жазы қоңырсалқын аймақтан алып келген сиырларыңыз ыстыққа қалай шыдады? – дедім таңданысымды жасыра алмай. – Өзіңіз білесіз аға, – деді ол жылы жымиып, – төрт түлік малды өсіре бастағаныма биыл бір мүшелден асты. 2001 жылы шаруа қожалығымызды ашқанда қолда 200 қой ғана бар еді. Мал санын көбейтіп, өнімді еңбек етуді қой тұқымын асылдандырудан бастадық. Ол үшін қазақтың еділбай қойын өсіргенді жөн көрдік. Қаржы шығарып, асыл тұқымды төлдерін сатып алып, жерсіндірдік. Еділбай қойы Талас өңірінде өсіп-өнбейді деген бекер сөз. Екі-үш жылдың ішінде-ақ төлімен көбейіп, 1000-ға жетті. 2004 жылы асыл тұқымды шаруашылыққа айналдық. – Асыл тұқымды малды қайдан алдыңыздар? – Құлан ауылындағы «Шәушен» шаруа қожалығынан алдық. Асыл тұқымды мал өсіріп отырған соң мемлекет әр қойға, тіпті, он сегіз айға дейінгі төлін өзге шаруашылықтарға сатқанымыз үшін субсидия төледі. С. Шәкіров ауылындағы «Ахай» шаруа қожалығының төрағасы Жанат Ахаев әңгімені әріден бастады. Күні кеше өз шаруашылығын ашып, бүгінде 3 отар саулық өргізіп отырған азамат Борлы, Елубай жайлауындағы малының 2 мың басқа жеткенін айтады. Оның 1800-і саулық екен. Малшылары – ағайынды Төлеубаевтар мен Рахымжан Қарғабаевтар. Табыстары айына орта есеппен 50 мың теңге. Өнімді еңбек етсе, қосымша заттай сыйақы берілетін көрінеді. Мәселен, биыл мал төлдету науқанын шығынсыз өткізген әр малшыға 20 бастан төл беріпті. Шаруа қожалықтың қыстауы құмдағы Базарбай, Қилы, Бесойма маңайында. Қора-қопсысы, жайлы үйлері бар. «Мал баққанға бітеді» демекші, қысы-жазы күтімдегі қой өз төлімен-ақ көбеюде. Кешегі 200 қойы екі мыңға жеткен. Мал тұқымын асылдандырудың пайдалы екеніне көз жеткізген шаруашылық басшысы ірі қара өсіруді қолға алады. «Өткен жылы күзге салым Қостанай облысындағы Крымское деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен 293 сиыр әкелдік. Қажетті қаржыны «Қазагроқаржы» АҚ-дан алдық. 115 миллион теңге несиенің жылдық сыйақысы 14 пайыз. Мемлекет сыйақының 7 пайызын қайтарады. Және жылына әрбір ірі қараға 157 мың теңге субсидия төлейді. Есептеп көрсеңіз алған несиенің 46,7 миллионын мемлекет өз мойнына алған болып шығады. Несие 7 жылға есептелінсе, оның алғашқы 2 жылына каникул беріледі. Оған қоса жем-шөбін дайындауға мал санына қарай жыл сайын 20 мың теңгеден тағы қаржы береді. Орта есеппен 5,6 миллион теңге! Жеке шаруаға мұндай көмек кеңестік кезеңде көрсетілген, көрсетілмегенін білмеймін, ал біз үшін бұл үлкен қолдау. Сатып алған қазақтың ақ бас сиыры қыста 50 градустық аязға сыр алдырған жоқ. Шіліңгір шілденің ыстығына да төзімді екен. Асыл тұқымды мал өсірудің пайдалы екенін білеміз. Сол үшін Павлодар облысындағы «Галицкий» деп аталатын шаруашылықтан 14 асыл тұқымды бұқа әкелдік. Сәтін салса, қыркүйек-қазан айларында алғашқы төлін алғалы отырмыз», – дейді Жанат Ахаев. Шаруа қожалық басшысының айтуынша, шаруашылық ет бағытына бейімделген. Қазақтың ақ бас сиырынан еттің мраморный деген өте сапалы, құнарлығы жоғары, холестерині аз ет алынады екен. Ал мұндай ет әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие екені белгілі. Фермер бүгінде шаруашылықтың іргесінде мал бордақылау алаңы соғылғанын айтады. Жоспар бойынша етті шетелге экспорттамақшы. Н.Тілеков, А.Әбуталиев деген бақташылардың жалақылары 100 мың теңге көлемінде. Қыстаулары С. Шәкіров ауылынан 70 шақырым жердегі Әйтімбетте. Ауыл әкімі Н.Көпәділов мал қорасының да малшының үйі де осы заманға лайықталып салынғанын айтады. «Ахай» шаруа қожалығының Үкіметтен алып отырған бұдан да басқа көмегі аз емес. Мысалы, бұған дейін лизинг арқылы екі трактор алған. Тракторлардың әрқайсысы 3,7-3,8 миллион теңге тұрады. Оның алғашқы 15 пайызын шаруа қожалық өз қаражаттары есебінен төлеп алғанымен, жалпы шығынның 50 пайызын мемлекет өтейді екен. Сонда шаруашылық үшін 1 трактордың құны 1,5 миллион теңгеден ғана айналатын көрінеді. Елбасы биылғы Жолдауында инфрақұрылымдарды дамытуды тапсырғаны мәлім. Шаруашылық басшылары Жолдаудан туындаған міндеттерді орындауға кірісіп те кетіпті. Биыл жазғы жайылымдығын суландыру үшін құбырлы құдық қаздыруға тапсырыс беріпті. Бұл шаруаны атқаруға кететін шығынның 80 пайызын да мемлекет өтейді екен. «Қолынан іс келетін шаруаға мемлекет тарапынан аз көмек көрсетіліп жатқан жоқ. Тек істің көзін тауып, ілкімділік көрсету керек. Қарамағыңдағы жұмысшылардың да әлеуметтік жағдайын жақсартуды ұмытпаған жөн. Сонда ғана жұмысың жемісті болады», – дейді Жанат Ахаев. Еңбекқорлығының арқасында шаруасын шалқытқан Жанаттың негізгі мамандығы – құрылысшы. Қаратау политехникалық институтының түлегі. Құрылыс саласында біраз жыл еңбек еткен. Жекешелендіру кезінде көптеген мекемелер жабылып қалғанда, ауылға оралып, ата кәсіпті жаңғыртуды жөн деп санапты. Оның ендігі арманы сауын сиырдың санын 1000-ға жеткізу. Қойды да көбейтсем дейді. Ауыл әкімінің айтуына қарағанда, бір Жанаттың өзі ауылдағы 20 отбасын жұмыспен қамтып отыр екен. Адал еңбегінің арқасында «Нұр Отан» партиясының республикалық кезектен тыс съезіне қатысып, Елбасымен дидарласып та қайтыпты.

Сәулембай Әбсадықұлы,  «Ақ жол». Талас ауданы.