- Advertisement -

Шағын қалалар шырайлана түсуде

112

- Advertisement -

Моноқалалар тізіміне енген қос қала – Қаратау мен Жаңатаста «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша атқарылып жатқан істер кезекті аппарат кеңесінде талқыланды. Бұл жөнінде хабарлама жасаған облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірхановтың айтуынша, жұмыстар үш бағытта жүргізілуде. Бірінші бағыт – моноқалалардың брендингі, олардың кешенді дамыту жоспарларын әзірлеу болса, екіншісі бойынша моноқалаларда экономиканы әртараптандыру және кәсіпкерлікті жетілдіру бағдарламалары аясында шағын және орта кәсіпкерлікті даму қолға алынуда. Атап айтар болсақ, Қаратауды дамытудың кешенді жоспарында екі «зәкірлік» жоба анықталған. Оның бірі – «Таlas Investment Company» ЖШС-да бүгінде 470 адам жұмыс істеуде. Екіншісі – өңірлік индустрияландыру картасына енген «Жамбыл Недр» ЖШС-да 141 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Үшінші бағыт – моноқалалардың инфрақұрылымын дамытуға биыл 673,5 миллион теңге қарастырылып, игерілуде. 

Жалпы, 2015 жылы екі моноқаланы дамытуға бюджеттен барлығы 1511,6 миллион теңге қарастырылған. Оның 1437,1 миллион теңгесі республикалық, 74,5 миллион теңгесі облыстық бюджеттен бөлінген. Мұның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға екі қалаға 215,0 миллион теңге қаралған. Оның бүгінде Қаратауда – 80,6 миллион теңгесі, Жаңатаста – 8,4 миллион теңгесі игерілген. 19 жобаға қолдау көрсетілген. Гранттық қаржыландыру бағыты бойынша бөлінген 12 миллион теңгенің тең жартысы игеріліп, 3 жобаға қолдау білдірілген.
Жаңатас қаласында 650 адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде 407-сі тұрақты жұмысқа орналасқан. 179 жаңа жұмыс орны ашылған. Осылайша жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құраған.Қаратау қаласына келер болсақ, мұнда 1585 адам жұмысқа тартылған. Оның 71,7 пайызы тұрақты жұмыста. 243 жаңа жұмыс орны ашылған.
Қаратау қаласында кәсіпкерлер қатарына 7 адам қосылса, Жаңатаста 180 адам жаңадан өз ісін бастаған.
Екі моноқалада да ауыз су, кәріз су, жылу жүйесі мәселелері де ретімен жүзеге асуда.
Сонымен қатар, Сарысу және Талас аудандары әкімдерінің сөзіне сүйенсек, Жаңатаста бұзылуы тиіс 20 үйдің 15-інің орны тазаланған. Қаратауда да бұл жұмыс аяқталуға таяу, тек соңғы бір үйдің орны тазартылуда. Екі ауданның әкімдері – Бейбітбек Жайлыбаев пен Болат Рысмендиев өзге де салаларда атқарылып жатқан жұмыстарға кеңірек тоқталды.
Ал аппараттық кеңесті жүргізген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев тиісті тұлғаларға шырайы кіріп келе жатқан шағын қалалардағы әрбір істі күнделікті қатаң бақылауда ұстауды тапсыра отырып, азық-түлік бағасын, Қазақ хандығының 550 жылдық тойына дайындық барысын, өзге де бірқатар мәселелерді пысықтап өтті.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support