- Advertisement -

Жаңа төраға жұмысты жандандыруға сөз берді

93

- Advertisement -

Жаңатас қаласындағы көп салалы колледжінің мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясы Сарысу аудандық филиалының кезектен тыс ХVІ конференциясы болып өтті. Конференцияға «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы саяси кеңесі Бюросының мүшесі, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, партия аудандық филиалы саяси кеңесінің, партиялық бақылау комиссиясының, жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері, партияның облыстық және аудандық мәслихаттарындағы депутаттық фракциялардың мүшелері, бірқатар аудандық мекеме, кәсіпорын басшылары, «Жас Отан» жастар қанаты кеңесінің мүшелері мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 

Партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Аукенов аудан партия ұйымдарында партиялық жобалардың орындалу барысы және алда тұрған міндеттер жайлы баяндама жасады. «Қаратау» бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары Ғани Несіпбай, партияның саяси кеңесі бюросының мүшесі, аудандық «Сарысу» газетінің бас редакторы Жамалбек Өзбеков, «Байқадам» бастауыш партия ұйымының төрайымы, «Нұр Отан» партиясының аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі, Байқадам орта мектебінің директоры Лаура Асанова жарыссөзге шығып, қоғам өміріне қозғау салған саяси ұйымның беделі туралы ойларымен бөлісті.
Конференцияда аудан әкімі, партия мүшесі Бейбітбек Жайлыбаев «Нұр Отан» партиясы Сарысу аудандық филиалының төрағасы болып бірауыздан сайланды. Жаңа төраға өзіне сенім білдіргені үшін конференция делегаттарына алғыс білдіріп, партия жұмысын жандандыруға бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты. Жиынды Б.Қарашолақов қорытындылап, аудандағы «Нұр Отан» партиясы мүшелеріне алдағы атқаратын жұмыстарында Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын бағдар ретінде ұстану керектігін ескертті.

Сәулембай Әбсадықұлы,
«Ақ жол».

Жаңатас қаласы,
Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support