Ұлы дала елінің ұлағатты басылымы
Ұлы дала елінің ұлағатты басылымы
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ Президенті Сауытбек Абдрахманов сөзін Қазақ хандығының 550 жылдық тойын көрсеткен «euronewsтен» бастадыӨткен аптада «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ Президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов жұмыс барысымен өңірімізге келді. Алдымен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қабылдауында болған ол келесі күні өңірімізде өтетін тарихи той — Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған дайындық жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ, Ақыртас кешенінде болған Сауытбек Абдрахманов бұдан кейін ТарМПИ-ге табан тіреді. Аталмыш жоғары оқу орнының мәжіліс залында оқырмандармен кездескен ол өзінің салихалы ойларымен бөлісті.Жиынды ТарМПИ-дың ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова ашып, жүргізіп отырды.
– Мен бүгін ерекше сезімді бастан кешіп отырмын. Неге десеңіз, бала кезімнен бері бір арманым – атақты Ақыртас кешенін көру еді. Соның сәті бүгін түсті. Ерте кездегі сәулет өнерінің керемет үлгісі, тарих тереңінен сыр шертетін ғажайып нысан Ақыртастың басқа тарихи ескерткіштерден айырмашылығы сол – оның әлі күнге жұмбақ күйінде қалып отырғандығы, – деп өз сөзін бастаған Сауытбек Абдрахманұлы әрі қарай хандықтың торқалы тойы туралы тоқталып өтті. – Еліміздің бас қаласы – Астанадан бастау алған мерейтойдың жалғасы киелі Тараз шаһарында тойланбақ. Астанада өткен той қарсаңындағы шараларға мыңдаған қонақтармен қатар бірнеше елдің басшылары мен өкілдері қатысты. Сондағы шаралар легін атақты «Euronews» телеканалы бір минуттық ақпарат ретінде шартарапқа таратқанын көзім шалып қалды. Әлемде 1 миллиардтай көрермені бар танымал телеарнаның біздің тарихи тойымызды жаһанға жарнамалағаны мерейлі сәтіміз екені даусыз. Алдағы Тараз төрінде өтетін шаралар да сондай телеарналардан беріледі деген сенімге үміт артып отырмыз. Әлбетте, бұл бәріміз үшін, әсіресе тараздықтар үшін үлкен міндет, жауапты да сындарлы шақ болмақ. Бұйыртса, бұл жауапты сәтті бәріміз атсалыса отырып еңсереміз деген ниеттемін. Бәрі ойдағыдай болып, осы тарихи той барысында мерейіміз тасып, елдігіміз асады деп ойлаймын, – деді С. Абдрахманов. Сонымен қатар, ол республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің жаңаша бағыты, тиянақты ұстанымы хақында сөз қозғап, оқырманмен ой бөлісті. Оның айтуынша «Егемен Қазақстан» газетінің қазіргі таралымы ертеректегі кездегіден әлдеқайда артқаны – ол халықтың әл-ауқатының, тұрмыс-тіршілігінің жақсарғаны, руханиятқа деген көзқарасының өзгергені, басылымның бағытының айқындылығын көрсетеді. Біздің облысымыздың өзінде соңғы оң жылда аталмыш басылымның таралымы екі есеге артып отыр. Осыны қаперге алған басылым басшысы өңірдегі оқырмандарына редакция ұжымы атынан ризашылығын жеткізуді де ұмытпады. – Біздің басылымның негізгі бағыты жалғыз. Халықпен тығыз қарым-қатынаста отырып, ел азаматтарының көңіл-күйін бағдарлап, жақсылықтың жаршысына айналу – біздің бірден-бір міндетіміз. Нендей жағдай болмасын халықтың бойындағы әлеуметтік оптимизмді арттырып отыру, ертеңгі күннен ешқашан үміт үздірмеу, жалпының сағын сындырмау деген секілді қағидаттар бойынша жұмыс жасаймыз. Ең бір жақсы жаңалықтарды жариялау арқылы мемлекеттің болашағына деген сенімді арттыру – біздің әркүнгі жоспарлы мақсатымыз. Өйткені, әрбір игі істерді жарқыратып көрсете отырып кез-келген адам сондай игілікке өзі де жете алады деген түсінік қалыптастырып отыру керек. Бір нәтижелі істі – бір ынталы ниетке үлгі етіп отырсақ ұтылмаймыз. Әркім өзінің мүмкіндігін жете түсінген жағдайда, соған жетер қуатты өз бойынан тауып, талпынып отырғанда ғана мемлекеттің ертеңі ешқашан көмескіленбейді. «Үкімет – өлтірмейді» деген кемтар түсініктен ада болғанымыз абзал. «Жақсылық көрсем өзімнен, Жамандық көрсем өзімнен, Біреу қылды дегенді, Шығарамын сөзімнен» деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай біз де осы бағытта шөміштеп болса да өз үлесімізді қосуды алға қойып келеміз. «Егемен Қазақстанның» негізгі ұстанымы – еңселі елдің елеулі ертеңіне сергек те сенімді көзқарас қалыптастыру, – деді С. Абдрахманов. Сонымен қатар, жиын барысында оқырмандар да өздерінің сүйікті басылымдарының бағытына ризашылық танытып, бірді-екілі ұсыныстарын алға тартып, ой-пікірлерін білдірді. Көкейдегі сұрақтарына мардымды жауаптар алды. М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметқали Сарыбеков, аталмыш газеттің әр жылдардағы облысымыздағы меншікті тілшісі қызметін атқарған қаламгер-журналист Мақұлбек Рысдәулет, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы және ақын Қайырбек Асановтар да орамды ойларын ортаға салды. Соңыра Сауытбек Абдрахманұлы өзінің Елбасы жайлы «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабын жоғары оқу орындарының басшыларына сыйға тартса, Дария Пернешқызы да өз кезегінде институт атынан естелік-сыйлықтар жасап, қонақтарды аталмыш оқу ордасынан ашылған Жүсіп Баласағұн атындағы орталықпен танысуға шақырды.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».