Құқық

Заң бұзушылар жазасыз қалмайды

Заң бұзушылар жазасыз қалмайды

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы Тәртіптік кеңесінің кезекті отырысында түрлі құқық және заң бұзушылыққа жол берген, сондай-ақ, заң бұзған мемлекеттік қызметкерлерге қатысты және бірқатар мекемелердің есептерін қоса алғанда жиырма мәселе қаралды. Аталған агенттіктің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары-Тәртіптік кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаевтың төрағалығымен күн тәртібінде өткен жиында кеңес мүшелеріне өте күрделі мәселелерді сарапқа салып, тиісті шешім қабылдауға тура келді. 

Ең әуелі Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Амандық Медетбековке қатысты тәртіптік іс тыңдалды. Прокуратура қызметкерлерімен жүргізілген тексеріс нәтижесінде оның өз құзыретіндегі міндеттердің бірнешеуінде заңбұзушылықтарға жол бергендігі анықталған. Негізінен ол 2014 жылдары орын алған олқылықтарға жазасын алуы тиіс еді. Бірақ, 2015 жылдың 9 маусымынан еңбекке жарамсыздық парағының болуына байланысты іс кейінге қалдырылып келген. Алайда, кеңес мүшелері А.Медетбековке тиісті шешім қабылдау үшін оның ісін тиісті орындарға жолдау керектігі туралы шешім шығарды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын бұзған мемлекеттік қызметшілер: Сарысу аудандық әділет басқармасының басшысы Аслан Борчашвили, Тараз қаласы әкімдігінің ветеринария бөлімі басшысының орынбасары Ануарбек Қалтаев, сондай-ақ, Шу ауданы әкімінің орынбасары Алихан Балқыбеков, Шу ауданына қарасты Бірлікүстем ауылдық округінің әкімі Дархан Алипбаев, Қорағаты ауылдық округінің әкімі Ерғазы Анатаев, Көкқайнар ауылдық округінің әкімі Талғат Итекеев, Алға ауылдық округінің әкімі Ержан Оңалбеков, Ескі Шу ауылдық округінің әкімі Жандархан Рысмендиев, Ақсу ауылдық округінің әкімі Нұрым Шимашев, Шу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Утепов, Шу аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы Мұхан Дүрбаев, Шу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Иманалы Қоспанов, Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбеков, Меркі ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Садықжан Бұтабаев, аталған бөлімнің бас маманы Достай Сәрсембиев бар. Ал Қордай ауданы әкімдігінің білім бөліміне қарасты «Ертөстік» балабақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Рахия Щимеева тәртіптік кеңес отырысына келуден үзілді-кесілді бас тартқан. Р.Щимеева өзінің қызмет бабын пайдалана отырып бірнеше заңбұзушылыққа жол берген. Аталған балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істеген Д.Двумарова балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы оны еш негізсіз өз қызметіне сай еместігі туралы тұжырымдамамен жұмыстан босатқанын айтып, арызданған. Алайда, Қордай аудандық соты оның арызын қанағаттандырусыз қалдырған. Сондай-ақ, Р.Щимеева өзінің қызын хатшы ретінде 0,5 мөлшерлемеге жұмысқа қабылдаған. Алайда, Еңбек кодексіне сәйкес ол бос жұмыс орны бар екенін мәлімдеп, уәкілетті органға үш жұмыс күні ішінде хабар бермеген. Мұнымен қоймай, қызын 0,5 мөлшерлемедегі жалақымен музыкалық жетекші етіп тағайындаған. Кейіннен анықталғандай, оның музыкалық білімі жоқ болып шыққан. Одан бөлек, меңгерушінің міндетін атқарушы 2014 жылдың қараша-желтоқсан айларында Ф.Хурова есімді азаматшаға 28908 теңге жалақы аударған. Алдын ала тергеу барысында Ф.Хурова Масаншы ауылындағы №12 орта мектебінде жұмыс істейтінін, «Ертөстік» балабақшада жұмыс істемегенін және ол жерден жалақы алмағанын айтып көрсеткен. Одан өзге бірнеше адам бұл сөзді растап куәлік еткен. Лауазымын пайдалана отырып, осындай бей-берекетсіздікке жол беріп отырған Р.Щимеева Тәртіптік кеңестің хатшылығына түсінік беру, тәртіптік іс қозғау, қызметтік тексеру жүргізу туралы актілермен танысу үшін бірнеше мәрте шақырылғанына қарамастан келмеген. Бұл жолы да тиісті тұлғаның келмеуіне байланысты іс қараусыз қалдырылды. Ал мәселесі қаралған өзге азаматтардың жол берген заңбұзушылығына қарай олардың біріне сөгіс берілсе, келесісінің ісі шешім қабылдау үшін тиісті орындарға жолданып, енді бірінің атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру жөнінде шешім қабылдады.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».