Ғибратты ғұмыр
Ғибратты ғұмыр
Жаңарып, жасарып жатқан өмір көшіне қарап ойға шомасың. «Елу жылда ел жаңа» деген бұрынғылардың айтқаны дұрыс екен-ау. Сонау артта қалған балалық, жастық шақты ойға ала отырып, мына дүниенің шын мәнінде өзгергеніне көзің жетеді. Бүгінде селеудей селдіреп аз ғана қалған көнекөз қариялардың қай қайсысы болмасын бұл пікірмен келісетіні рас. Мен егер тірі болғанда бүгін 90 жастың төріне шығатын Ұзақбай аға Сыздықбаевты сонау 50-ші жылдардың басынан танып, білетін едім.
Ақмола уезіне қарасты Шоқай болысының 4-ші ауылында 1925 жылы дүние есігін ашқан Ұзақбай ел өмірінде кезең-кезеңімен келген байларды тәркілеу, колхоздастыру, аштық, соғысты бастан кешіп есейді. Аға буынды тағдыр осылай қатайтты. 1930 жылы ашаршылық нәубетінде Арқадан ауған жұртпен ата-анасы Қаратаудың баурайына ежелгі Саудакент жеріне қоныс аударды. Бала Ұзақбай 1942 жылы Байқадам ауылында орта мектепті бітіріп, 18 жасқа толғанда майдан қатарына алынды. Фрунзе қаласындағы әскери дайындықтан өткен соң ІІ Украин майданының Қызыл Тулы Кутузов корпусы құрамында №144 зеңбірекшілер полкі құрамында ұрысқа кіреді. Ленинград, Сталинград, Ростов, Ровное, Харьков қалаларын жаудан азат ету ұрыстарына қатысып, жеңіс күнін Еуропа жерінде қарсы алды. Соғыстан 1947 жылы елге оралады. Майдан өтінде болып ширап қайтқан жас жігітті аудандық партия комитеті нұсқаушы етіп қызметке қабылдайды. Ол көп ұзамай бөлім меңгерушісі болып істейді. Соғыстан кейінгі күйзелген халықтың әл-ауқатын көтеру, экономиканы жақсарту жолында аянбай тер төгеді. Осы қызметте жүріп 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетін үздік бітіріп шығады. 1954 жылы Ұзақбай Сыздықбаев Сарысу ауданынан Свердлов аудандық партия комитеті ұйымдастыру-партия бөлімінің меңгерушісі болып ауысып келді. Кейіннен хатшы, ІІ-ші хатшы болып істеп, 1959 жылы Мәскеудегі СКОП орталық партия комитеті жанындағы жоғарғы партия мектебіне жіберіліп, оқып шықты. Содан соң Жамбыл аудандық партия комитетінің төрағасы, Қордай аудандық партия комитетінің ІІ-ші хатшысы, Сарысу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. Сарысу ауданын алты жыл уақыт басқарғанда көптеген игі істерге мұрындық болды. Жаңатас қаласын көкөніспен қамтамасыз ететін Жаңатас кеңшарын құрды. Қала тұрғындарын көкөніспен қамтып, ауданда алғаш рет егін шаруашылығын қолға алды. Шаруашылық басшыларына бидай, арпа, жүгері, жоңышқа егуді міндеттеп, орындатты. Кеңшарлар қаладағы өндіріс орындарымен тығыз байланыста болып, ет өнімдерін жұмысшыларға арзан бағамен босатса, олар кеңшарларға құрылыс материалдарымен көмектесті. Осының нәтижесінде көптеген ауылда жаңа көшелер пайда болып, әлеуметтік нысандар өмірге келді. 1970 жылы Ұ.Сыздықбаев Свердлов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Осы қызметті табаны күректей он үш жыл атқарып, 1983 жылы құрметті демалысқа шықты. Ол кісі ауданды басқарған осы жылдар ішінде аудан келбеті танымастай өзгерді. Оған дәлел, аудан барлық көрсеткіштер бойынша облыста Меркі ауданынан кейінгі орынды алатын. Ауданда ақ егіс көлемі 42 мың гектарға жетіп, жыл сайын әр гектардан 15-20 центнерден өнім алынды. Мемлекетке астық тапсыру жоспарын артығымен орындап жүрді. Қант қызылшасы ауданның негізгі көрсеткіші еді. Оның көлемін 10 мың гектарға дейін жеткізген жылдар болды. Мал шаруашылығынан мол өнім алынып, халықтың әл-ауқаты артты. Бірінші хатшы ауданда мәдени-ағарту, білім, денсаулық саласына қатты көңіл бөлді. Аудан орталығында, «Трудовой пахарь», Абай атындағы, Аманкелді атындағы ұжымшарларда, Жамбыл қызылша кеңшарының бірінші бөлімшесінде, Чапаев атындағы кеңшардың Тегістік бөлімшесінде, Сухамбаев ауылында 2-3 қабатты мектептер, аудандық Мәдениет үйі жанынан «Шолпан» ән-би ансамблін құрып, К.Әзірбаев атындағы саз мектебін ашуға ұйытқы болды. 1975 жылы аудан орталығынан 600 орындық Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Осы жылдары Ұлы Отан соғысының 30 жылдығына орай «Қаралы ана» бюсті орнатылды. Орталық стадион жастардың игілігіне берілді. Еңбегіне қарай құрметі еңбек озаттары сауыншы Елена Свинковская, қызылшашы Нұрмаш Түйтебаев Социалистік Еңбек Ері атанды. Қылшашылар Алтын Әбішева екі мәрте, Тынышкүл Бақтиярова Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне депутаттар болып сайланды. Осынау аудан жетістігінде білікті басшы, абыройлы азамат Ұзақбай Сыздықбаевтың еңбегі ерен еді. Күмісжан жеңгеймен 51 жыл тату-тәтті өмір сүріп, алты ұл-қызды өмір көшіне қосты. Бұл күнде ержеткен немерелері ата-апаларының ғибратты өмір жолын жалғауда. Ел үшін еңбек еткен ерен ердің еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Өзі іргесін қалаған Жаңаарық ауылына Ұзақбай Сыздықбаевтың аты берілген. Саудакент ауылының бір көшесі, Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылынан көше ардақты азаматтың атымен аталады. Келешек ұрпақтың бақыты үшін тер төккен атпал азамат қашанда ел есінде деген осы.
Есіркеп Серікбайұлы, Байзақ ауданының Құрметті азаматы.