Ел жаңалықтары

Қазақ.Қазы.Қымыз.Ғарыш

Қазақ.Қазы.Қымыз.Ғарыш

Қазақ тағамтану институтының жылқы еті мен сүтінен жасаған өнімдері ұлттық брендке айналады. Осы орайда біз қырық жылдан астам тарихы бар Қазақ тағамтану академиясын басқарып, бүгінде отандық ғылым – нутрициологияны қалыптастырумен бірге, оны халықаралық деңгейге көтеруге өзіндік үлес қосып отырған аталмыш мекеменің президенті Төрегелді ШАРМАНОВҚА жолығып, бүгінде көкті тіліп ғарышта жүрген ғарышкерлерге арналған қазақтың ұлттық тағамдары жайлы сұраған едік.

15– Төрегелді аға, сіздердің дайындаған тамақтарыңызды тек қазақ ға-рышкерлері ғана пайдаланды ма? – Жоқ. Ғарыш кемесінде бірге ұшқан әріптестері де пайдаланып, оларға да ұнап, жақсы бағаларын берді. – Ал бұл жолғы Айдынға дайындалған тамақтарыңыздың қандай да бір өзгешеліктері бар ма? – Болғанда қандай! Өйткені, ғарыштық жағдайда жан-жақтан түсетін зиянды әрекеттер адам ағзасына өте қауіпті. Әсіресе, жүрекке қатты әсер етеді. Өздеріңіз білесіздер, біздің мекеменің ғарышкерлерге дастарқан мәзірін дайындаумен айна-лысқанына он бес жылдай уақыт болды. Бірақ бұл жолы негізінен қазақ үшін қасиетті мал – жылқының етінен, сүтінен жасалған ерекше пайдалы тағамдарды ұсындық. Олай дейтінім, бие сүті асты жеңіл қорытады. Ал баршаға аян, дүниежүзінде тамақ негізінен сиырдың еті мен сүтінен жасалады. Сиыр майының құрамындағы қаныққан май қышқылы – өндірістік жолмен дайындалатын трансизомерлер өте қауіпті, қанның құрамын тез өзгертіп жіберетін улы зат. Әсіресе, сиырдың сүтінде көп мөлшерде кездеседі. Ол денсаулыққа зиянды. Ал бие сүтіндегі май қанықпаған. Трансизомер жоқ. Ол қазіргі заманда адам денсаулығына өте ерекше пайдалы қасиет. Жалпы алғанда, бие сүтінің қасиеті мен құрамы осы уақытқа дейін өзінің лайықты бағасын алмай келеді. Бүгінге дейін бие сүті тек қымыз, саумал ретінде пайдаланылуда. Оның құрамы көптеген сирек кездесетін химиялық элементтерге, дәрумендерге, минералдық заттектер мен ферменттерге бай және олардың айрықша физиологиялық бірігуімен берілген. Пайдалы элементтердің осындай ерекше бірігуі табиғатта басқа жануарлардың сүтінде кездеспейтін, тек бие сүтіне ғана тән құбылыс. Жуырдағы өткізілген зерттеулерге сай бие сүтінде анықталған бромның мөлшері оны ұйқысыздық, депрессия секілді жүйке жүйесі ауруларын кешенді емдеу құрамында тиімді қолдануға болатындығын дәлелдейді. Сондай-ақ, бүгінгі таңда арнайы ғылыми-зерттеу жобасының шеңберінде бие сүті мен қымыздың негізінде геропротекторлардың – қартаю үрдістерін тежейтін және өмір жас ұзақтығын арттыруға бағытталған құралдарды ғылыми негізде әзірлеп, ұсындық. Бие сүтінің тағы бір ерекшелігі, ол қайнатуға келмейді, оған стерилизация, пастерилизация жасауға болмайды. Ал басқа жануарлардың сүттерін, мысалы, сиыр, ешкі, қой сүттерін міндетті түрде қайнату, пастерилизациялау қажет. Мен айтар едім, бие сүтінде керемет гамма линолен деген қышқыл бар. Бұл керемет дүние, оның құрамы «омега-6-дан» тұрады. Ол атеросклерозға, бактериялар мен вирустарға қарсы әрекет етуіне байланысты жұқпалы аурулардан қорғайды, ағза үшін иммунитетті арттыратын қорғаныстық қасиеттері басым. Әсіресе, ғарышкерлердің буындары мен сүйектерінің құрамы бұзылғыш келеді. Соны сақтап, нығайтуда үлкен маңызы зор. Міне, біздер осындай құнарлы да қасиетті бие сүтінен ғарышқа арналған тұңғыш рет тағам түрлерін жасадық. Мұны қазіргі тілмен инновация десек те болады. Өйткені, бие сүтінен тағам әзірлеуді ешкім ойламаған. Әлі ешбір елде өндіріліп үлгерген жоқ. Мәселен, биенің сүтінен дәруменге бай балалар көп пайдаланатын тағамдардың құнарлы он бес түрін: балмұздақ, торт, печенье, құрт, ірімшік, йогурт, т.б. шоколадқа дейін жасадық. Бірақ оларға торт, печенье деп атамай, негізінен жылқыға қатысты қазақша атау бердік. Мәселен, тек қана бие сүтінен балалар тағамдарын шығаратын зауытты «Құлыншақ», ал жалпы өнімдерді өндіріп, халыққа тарататын орталықты «Тайбурыл» деп атадық. Осы тағамдардың бірнеше түрі бірінші болып ғарышқа кетті. Жалпы, Халықаралық ғарыш стансасында соншалықты тамақ мәзірі көп бола қоймас. Сондықтан да біздер ұсынған қазақстандық «Дастарқан» тамақ кешені бүкіл елімізге мақтаныш сезімін туғызады деп ойлаймын. – Енді мынаны айтыңызшы, қазақтың ұлттық тағамдарының ғарыштағы өмір сүру ұзақтығы қалай болады екен? Сұраныс болады деп ойлайсыз ба? – Бүгінде академия ғарышкерлердің өмірін сақтап, қауіпсіз етуде үш жылға арналған «Дастарқан» деген жаңа жоба алдық. Бұл жасап жатқан ісіміз әрі қарай жалғасады деген сөз. Ал сұранысты біз ешқандай болжай алмаймыз. Бір қуанарлығы, қазақ ғарышкерлерімен экипажда бірге ұшқан әріптестер біздің ұсынған тамағымызға өте қатты қызығушылық білдірген. – Ғарышқа кеткен бұл тамақтар қайда дайындалады? – Мәскеуде. Біз тек композициясын ұсынамыз. Басқасын солар дайындайды, олардың мүмкіншілігі бар ғой. Яғни, дайындау біздің ұсынысымыз арқылы жүреді, бақылау жасалынады. Өйткені, иесі бізбіз. Ол патентпен қорғалған. Ал тамақтардың зияны жоқ, пайдасы қаншалықты екені медициналық тексерістен кейін белгілі болады. – Төрегелді аға, Айдын бауырымыз: «Ғарыш стансасында экипаж мүшелері қазақстандық өнімді де сынақтан өткізеді. Бұл тағамдардың жұмыс істеу қабілетімізді арттырып, шарша-ғандығымызды басатындығына сенімдімін», деп жатыр. Ендеше, қазақстандық дастарқан мәзірінің Халықаралық ғарыш стансасында ғарышкерлер пайдаланатын тағамдардың қатарына енуі әбден мүмкін дейміз ғой. – Қазақтың ұлттық тамағын ғарыш арқылы дүниежүзіне таратып жатырмыз. Яғни, ұлттық тағамдарымыздың ауқымы, шеңбері кеңейіп, ұлттық брендімізге айналуда деген сөз. Жақын арада Алматыда осы өнімдерді тарататын орталық ашып, ол өнімдерді сатылымға шығармақпыз. Мұнда ұлттық тағамымыздың бұрын-соңды болмаған жаңа түрлері ұсынылады. Келесі айдың басында салтанатты түрде тұсауын кесеміз. Бұл елімізде жылқы шаруашылығының негізінде ем-дәмдік, емдік-профилактикалық өнімдерді әзірлеудің 2010 жылдың 21 мамырындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ассамблеясының рациондағы қаныққан майларды, холестеринді, тұзды, қантты азайтуға қатысты шаралары туралы шешімдеріне сәйкес келеді. Амандық болса, осы өнімдерді ұлттық тағами бренд ретінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде көрсетеміз деп отырмыз. Әрине, қазақтың ұлттық тағамының ғарышты шарлап жүруі қазақтың абыройы, мақтанышы.

Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».