Әзәзіл салған сурет
Әзәзіл салған сурет
(Болған оқиға)
Қайла-күрегін иыққа асып, қабіршілер үйден ұзап барады... Ауылдың шетіндегі үй әп-сәтте қара жамылды. – Ойбайшы-ойбай!.. – Шашы дудыраған қара келіншек ұйқыдан шошып оянғандай селк етті де: – Уһ, бауырым-ай! Бауырым езіліп кетті ғой! Балапаным-ай! – деп сұлқ түсті. Көрші қатындар сүрлікті де қалды. – Ойбу! Мынау тағы талып қалды! – Су! Су әкеңдер! – Әй, болсаңдаршы, түге! Жанай мұның бірін де естімеді. Анандайдан аттандап, көрісуге келгендердің жүзіне қараған да жоқ. Жүзі сұрланып, қатарда тұр дегені болмаса, іші әлем-тапырық еді. Бүкшеңдей басқан бүкір шал Жанайды ұзақ құшақтады. Қаралы әкенің жүзін өзіне қаратып алған соң: – Алланың берері таусылмасын, балам! Өзі берді – өзі алды. Берік бол! – деді. Иегі кемсеңдеп кетті. Бұл – осы ауылда перзент сүймей өтіп бара жатқан Шылмамбет еді. Кенет, Жанай бүкір шалдың бетіне үңіле қарады да, қыстығып, барлыққан дауыспен бақырып қоя берді: – Құдай-ау! 15 жыл зарықтырғанда көрсеткенің осы ма еді? Енді менің сенен нем артық? Кет! Кетіңдер бәрің! Сағыныш, Сағынышым менің! – Үйге тұра ұмтылған. Есік алдында сүйекшілер қаумалап, құшақтай алды. Бастапқыда 20-жылдыққа барғылары келмеп еді. Аяқтары тартпаған. Бірақ 10 жыл бірге оқыған достары күн сайын «кеңеске» шақырып, көнбесіне қоймады. Сонау Астанадан Қырмызы, 10-ды бітіре салып, ауылдың төбесін көрмей, Мәскеу асқан Болат келетін болыпты. Одан бұрын, «20 жылдық» деген ел тойынғалы бері дәстүрге айналды ғой. Содан, белгіленген күні той да басталды. Алыс-жақыннан келген достарына 15 жыл зарығып көрген Сағынышын көрсетуге Жанай да асықты. Мейрамханадан соң, Сырдың жағасындағы тоғайға барды. Ненің желігі екенін кім білсін, «Алып қой! Алып қой!» деген ұранмен сау адам қалмады. Өмірінде аузына ащы су татып көрмеген Жанайдың келіншегі де біраз сілтеген сыңайлы. Тілі күрмеліп, қисалаңдай бастады. Әлгінде ғана қолдан-қолға тимеген үш жасар Сағыныш ересектердің назарынан мүлдем тыс қалды. Әлден соң, шаршап, талықсып барып, дарияның жанындағы тораңғылдың астына қисая кетті. Күн ұясына қона бастағанда, кешкі отырысты ауылда жалғастырмақ болып, ылғи мас көлікке отырды. Нұрланның үйіне түскенде, қазан асылып, дастархан жайылып қойыпты. Тағы да тост, тағы да арақ. Жанай мен қатыны сілейіп түсті. Азанда ерте оянған келіншек төсекке қараса – жанында пысылдап ұйықтап жататын ұлы жоқ! Ышқына шыңғырып жіберді. Ауыл аяғынан тік тұрды. Жанай дереу достарының бірінің көлігіне мінді де, кешегі тоғайға тартты. Жапырылған шөп, шашылған қоқыс. Дәл сол жер. Дауыстап, айқайлап жүр. «Сағыныыыыш! Балам! Мен мұндамын! Қайдасың?» Тым-тырыс тоғай жаңғырықпен ғана жауап беріп, мелшиіп тұр. Суға қарай жүгіріп еді, ағашқа өрмелегелі тұрған кішкентай сәбиге көзі түсті. Сол! Сағыныш! «Балам!» Сағыныш селт етпейді. Достарымен бірге алқынып, ұлына жетті. Бала тым-тырыс. Түрегеп тұр. Бетіне үңіле бергенде – қалың қара шыбын «ғұж!» етті. Бейшара баланың жүрегі жарылып кетіпті. Аспанға қарап, тораңғылды құшақтаған күйінде қатып қалыпты... Қабіршілер кішкентай мәйітті зембілге салып, ауылдан ұзап бара жатты. Ал Жанай болса, ұлының соңғы суретін жүректен мәңгі өшіре алмастай халде еді...
Тоқтар Жақаш, журналист.