Зернебек Шілдебайұлы.
Зернебек Шілдебайұлы.
(Алғаш ұстаздық еткен Тамды орта мектебінің оқушыларына) Жүрегіңнің дастарқанын жимастан, Тіршілікте өмір мәні – сыйласқан. Жыр жаздырды сағыныштың отымен Шығарып сап тұрғандарың қимастан. Мен дегенде барлығың да тік тұрдың, Оңашада көздің жасын сықтырдың... Бар адамзат бас иетін алдында Ұстаздардың қасиетін ұқтырдың. Үміт артып алдағы аппақ таңдарға, Армандамас, қиялдамас жан бар ма?! Тұңғыш рет сездірдіңдер жаныма Қоштасудың ауырлығын жалғанда. Пайдам менің көп тиетін еліме Жерді іздесем, түп төркіні әріде. Жыр жолында қиып кетсем сендірді, Кешіріңдер, түсініңдер мені де. Әлі талай сан қайғырам, көп күлем, Ешкімнің де таласы оған жоқ білем. Туған жердің нық шегесі болсаңдар, Мен өзімді бақыттымын деп білем! Шеше Шеше, кешір, ұлыңды бұл жақтағы, Емін-еркін арқаңда бұлғақтады. Болар, сірә, жанымда жоқтығыңнан, Суық сорып бойымды, күн қақтады. Шеше, кешір, қолыңды ұзартпадым, Жұрт алдында әйтеуір қызартпадым. Қанға сіңген киелі қуатыңнан Жақындады біртіндеп ұзақтағым. «Осы құрғыр жүрегім нені білді?» – Деп жүрсің бе күнде ойлап серігімді. Шеше, шыда, бәріне төзімді ең ғой, Жарқ еткізем бір күні келініңді! Күз Түнеріп күннің қабағы, Сұрланды дала реңі. Жөңкілген бұлттар жабағы Жауа алмай кейде жүдеді. Шашылып жатыр амалсыз Жапырақ біткен сарғайып. Жоқ болып күнде хабарсыз Кетуде құстар, бар ма айып? Көріксіз талдар ашулы, Соп-солғын тартқан баялыш. Тек шырша білмей жасуды, Білдірген түр бар аяныш. Күрсінген гүлдер салбырап, Иығы кірген ішіне. Тұр сонау шилер қалтырап, Кектеніп мезгіл ісіне. Күз солай сыйын тартса да, Көңілде кірбің жатпасын. Мезгілдің жазы қайтса да, Адамның жазы қайтпасын!
Талас ауданы.