- Advertisement -

«Ер болсам жүре алмаспын көп сенделіп, Барымды арманым жоқ өтсем беріп…»

124

- Advertisement -

ұстаз, ақын Зернебек Шілдебайұлын жерлестері еске алды

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ақын Зернебек Шілдебайұлының есімі елімізге кеңінен таныс. Былтыр ғана арамыздан бақиға аттанған ақынның артында мазмұнды жыр жинақтары, білім саласына арнаған сүбелі еңбектері қалды. 

З.Шілдебайұлы республикалық «Қазақ тілі және әдебиеті», «Ұлағат» журналдарына ұзақ жыл директор-бас редактор бола жүріп, өзін қазақ тілінің нағыз жанашыры ретінде көрсетті.
Кеше қаламгердің туған жері Талас ауданындағы Ә.Тәжімбетов атындағы Ойық ауылдық Мәдениет үйінде «Сарғайған сағынышым санамдағы» тақырыбымен ұлағатты ұстаз, ақын Зернебек Шілдебайұлын еске алу шарасы өтті. «Ер болсам жүре алмаспын көп сенделіп, Барымды арманым жоқ өтсем беріп. Елімнің ертеңіне елеңдеймін, Күресем шындық үшін кетсем де өліп» деп жырлаған ақынның барлық болмысы осы әдеби-мәдени шарада жан-жақты ашылды. Алдымен деректі фильм арқылы Зернебек Шілдебайұлы жайлы мәліметтер көрсетілді. Мұнда жазушы-драматург Ерғали Сағаттың, қаламгер Доғдырхан Тұрлыбектің, Зернебектің үлкен ұлы Зернелінің толғанысқа толы жүрекжарды сөздері жерлестер жүрегін толқытты.
Облыстық «Ақ жол» газетінің мәдениет бөлімі редакторы, ақын Табиғат Абаилдаев ел сағынышпен еске алған Зернебек Шілдебайұлы жайлы жылы лебізін білдіріп, ақын жолын талантты жас ұрпақтардың жалғай беруіне тілектестік білдірді.
«Нұр Отан» партиясы Ойық ауылдық бастауыш ұйымының төрағасы Пантай Рахманбердіұлы өз сөзінде Зернебек ақынмен мектеп партасында бірге отырғанын, қаламгердің боямасыз адал болмысына, әдебиеттегі биік орнына тоқталды. Шара барысында жергілікті композитор Жанар Молдабековтің «Ағажан», «Сарғайған сағынышым санамдағы» әндерін Шыңғыс Иманбаев пен Кенже Бәкірқызы бірге шырқады.
Іс-шара барысында ақынның ағасы Әбзелбек Шілдебайұлы, ақынның жары Фатима Ниетқалиева, перзенті Ғани Зернебекұлы сөйлеп, азаматын ардақтаған көпшілікке шынайы алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, Алматыдағы «Жазушы» баспасынан Зернебек Шілдебайұлының «Ұлылар ұлағаты», «Кеудемдегі кептерім» атты жыр жинақтары жаңадан басылып шыққанын айтып, көпшілікті жаңа кітаптың жарық көргенінен хабардар етті.

 

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support