ҚҰРБАН АЙТ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ СЫЙ
ҚҰРБАН АЙТ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ СЫЙ
Құрбан айт қарсаңында Есей би ауылының жамағаты жаңа мешітке ие болды. Оны осы ауылдың тумасы Қанатбек Бекбердіұлының үрім-бұтағы салып беріп, елге үлкен сый жасады.
Қанатбек Бекбердіұлы жастайынан бейнет көрген. Қабырғасы қатпай жатып қара жұмыс істеп, зейнетке шыққанша шаруашылықтың агрономы болды. Ортасын думанға бөлеп жүретін Қанатбек соңғы жылдары шаруа қожалығын ашып, мал өсірді. Қазір оның кәсібін ұл-қыздары жалғастыруда. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей, ұлдары әкесінің ізгі жолымен жүріп, игілікті іске бейім болды.
Өткен жұмада мешіт үйінің ашылу рәсімі өткізілді. Оған тілеулес ағайындар мен ауыл жамағаты көптеп жиналып, иманды істің ұйытқысы болып жүрген Қанатбектің Ғали бастаған ұлдарына алғыстарын жаудырып, ақ баталарын берді. Мешіттің ашылу салтанатына Талас ауданы әкімінің орынбасары С.Дадабаев қатысып, ауыл тұрғындарын имандылық үйінің ашылуымен құттықтады. Сол күні Бекберді ұрпағы әкелері Қанатбектің, ата-бабасының рухына құран бағыштап, ат шаптырып, ас берді.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Есей би ауылы, Талас ауданы.