Мәнерлеп сырғанауында мін жоқ
Мәнерлеп сырғанауында мін жоқ
Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдер гран при жарысында үздік үштіктің қатарынан көрінгелі бері мамандар назарына ілінген болатын. Бұған дейін Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанған қазақ қызы көп уақыт бойы Мәскеуде тұрып, жаттығып келген еді. Жуырда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Солт-Лейк-Ситиде өткен халықаралық турнирде күміс жүлдені жеңіп алды. Отандасымыздың қос бағдарлама бойынша жинаған ұпайы – 177,91. Бұл – 15 жасар Элизабеттің ересектер арасындағы турнирге алғаш рет қатысуы. Қысқа бағдарлама қорытындысында төртінші сатыға тұрақтаған Тұрсынбаева еркін бағдарламадағы өнері сәтті шығып, екінші орыннан көрінді. Элизабеттен 6 ұпай артық жинаған жапон Сатоко Мияхара жеңімпаз атанды. Үшінші орынды америкалық Анджела Ванг иеленді. Бір айта кететіні, қазақ қызы жарыстың фавориттері саналған Канако Мураками (Жапония), Карен Чен (АҚШ) және Брукли Хан (Австралия) сынды мәнерлеп сырғанаушыларды артта қалдырды. Енді ол қазан айының соңында «Skate America» халықаралық Гран-При додасына қатысатын болады.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».