- Advertisement -

Мәртебе

98

- Advertisement -

..Көз алдымызға келтірейікші. Таза киінген, қолында тәтті күлшесі бар жасөспірімді өзі де, өзін де танымайтын жерге, ойын балалары арасына апарып тастап, ешкім көрмейтін жерден бақылап тұрсақ, не байқар едік?! Дабырлап-шулап, ойын қызығына түскен балалар бір уақытта  жым болып, таңдана-таңырқай қарап, жақындай түседі. Бір-біріне «Бұл кім, қайдан келген, кімнің баласы?» дегендей ымдайтыны сөзсіз. Сосын: – Сен кімсің? Қайдан шықтың? Кімнің үйіне келдің? – дей келе, – Күлшеңнен берші?! – дейді. Қалғандары да «Маған да, маған да» деп жамыраса кетеді. Сол сәтте сотқарлау біреуі келіп, «Маған бер» деп бейтаныс баланы нұқып қалады. Дауысы өктем тегі. 

Міне, біз Кеңес одағынан бөлінген кезеңде дәл осындай жағдайда едік. Сол «жасөспірімді» өсіріп, еркін жүріп, өз «күлшесіне» өзі еге болар жасқа жеткізу керек болды. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осындай ауыр міндетті абыроймен атқара білді. Атқарып та келеді. Бұл үшін Елбасымыз неше ұйқысыз түндер мен сынға толы кезеңдерді өткізді?!.
Шүкір, егемендіктің таңы атты! Бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы бүкіл әлемдік тұрғыда, құжатталған негізде дәлелденді, мойындатылды. Конституциямыз қабылданып, көк Туымыз көкте желбіреді. Елтаңба елдігімізді айшықтап, Әнұранымыз асқақтады. Төл теңгеміз айналымға енді! Жанарымызға жас іркілді. Бұл көл-көсір қуаныштың жасы еді.
Базбіреулер Қазақстанның ел болып еңсе көтеретініне күмәнмен қарады. Олар «Қазақстан ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар мен өзге де «дүмпулерден» көз аша алмай, өздерімен-өздері жанып бітеді, айналып келіп жан-жақтан көмек сұрайды» деп ойлады. Батыста ермакшылдар, Солтүстікте Солженицыннің сандырағы бой көрсетті. Оның үстіне, ақшаның құнсыздануы, жекешелендіру кезеңімен бетпе-бет келдік. Ауылдық жерлерде бір қойды бір қап ұнға айырбастап жаттық. Жұмыссыздық белең алды.
Осындай қиын-қыстау кезеңде Елбасымыз алысты болжай білетін көрегенділігі мен кемеңгерлігін ұштастыра отырып, елінің кемел келешегі үшін аянбай еңбек етті. Кезінде шетел асқан қандастарымызды тарихи Отанына шақырды. Достық дәнекері ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының негізін қалады. «Болашақ» бағдарламасы бойынша жастарымыздың әлемнің ең іргелі оқу орындарында білім алуына жағдай жасады. Шетелден инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Сол арқылы елдің әл-ауқаты көтерілді. Шекарамыздың шегенделуі де айрықша атап өтерлік тарихи оқиға. Елбасының тікелей ықпалымен мемлекеттік шекарамыз халықаралық талаптарға сәйкестендіріліп, қырағы күзетке алынды.
Дегенмен, әлі де күрделі істер бар еді. Мысалы елордасын Алматыдан Ақмолаға көшіру, сол кезеңдегі жағдаймен алып қарағанда, құлаққа сыймайтын бастама болатын. Бірақ, Елбасы тайсалған жоқ, батыл іске кірісті. Есілдің жағасынан жаңа қаланың құрылысы басталып та кетті. Елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал толық оңала қоймаған шақта астана ауыстыру мәселесіне күле қарағандар болды. Бірақ, Президент ерлік іске барып, батыл бастаманы баянды ете білді. Кезінде күмәнданған адамдардың аузына құм құйылды. Бүгінде Астана тәуелсіз еліміздің бойтұмары, батыс пен шығысты байланыстыратын алтын көпір ретінде халықаралық қауымдастықтың таңданысын тудыруда. Елорда күннен-күнге көркейіп, гүлдене түсуде.
Аз жылда ажарланып шыға келген Астана қаласында әлем елдері басшыларының қатысуымен халықаралық мәндегі түрлі басқосулар өтіп келеді. Осыдан бірер жылдар бұрын Рим папасы да елордаға ат басын бұрып, қазақ тілінде сөйлегені есімізде. Дүниежүзі көз тіккен айтулы сапар арқылы Астананың абыройы тағы бір мәрте асқақтай түскен еді.
Елбасымыз осындай даналығының арқасында Қазақ елін күллі әлемге танытты. Жер бетінде ядролық қарудан 4-орында бола тұра, одан бас тартып, адамзат баласын бейбітшілікке шақыруында да өшпес өнеге жатқан жоқ па?
Қазақ жерінде тұрақты түрде өтіп келе жатқан дәстүрлі діндер өкілдерінің құрылтайы да жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосылған сүбелі үлес екенін ұмытпаған абзал. Бұған дейін бір дөңгелек үстел басында отырып, өзара пікір алмаспағанын ескерсек, біздің бұл тұста ұтарымыз көп.
Біз сонымен қатар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Сарыарқаның төрінде Астана декларациясының қабылдануына ұйытқы болдық. Елбасымыз тек Қазақстан ғана емес, Еуропадағы алпауыт мемлекеттерді де бір ұйымның төңірегіне топтастыра отырып, сәтті төрағалық ете білді. Бұл туралы әлем тарихшылары әлі-ақ ғасырларға жетер еңбектер жазары даусыз!
Ел өміріндегі тағы бір елеулі кезең – әлем елдері арасынан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу мәртебесін жеңіп алғанымыз. Бұл – тарихи үлкен жетістік! Мақтаныш! Мәртебе! Бұл жетістік туралы қалай тебіренсек те жарасады. Бақ деген осы емес пе?
Қазақта «Отынды тасығанға жаққыз, қадірін білер, Дүниені тапқанға шашқыз, нарқын білер» деген сөз бар. Міне, ел басқаруда өмірлік тәжірибесі мол Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесінде Отанымыз өркендеу жолына түсті. Сөз басында мысалға алған «жасөспірім» ат жалын тартып мініп, азамат болды. Өз жеріне, өз еліне, өз «күлшесіне» еге болар деңгейге жетті.
Қазақстанның мақсаты айқын, ол – Бейбітшілік, Ынтымақ, Татулық пен Теңдік қағидаларын ұштастыра отырып, биік белестерді бағындыру. Ендеше, еліміз аман, егемендігіміз мәңгілік болсын! Арайлы Астанамыз жарқырап, жайнап, асқақтай берсін!

Оразбек ӨСКЕНБАЕВ,
зейнеткер.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support