Саясат

Өңірдегі жұмысты күшейтеді

Өңірдегі жұмысты күшейтеді

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев қазіргі уақытта жетекші саяси күш ретінде «Нұр Отан» партиясына қазақстандықтарды бес институционалдық реформаны және «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыруға жұмылдыруды, «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуына бақылау орнатуды тапсырып отыр. Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға және партия жұмысын жетілдіруге белсене кіріскен партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен өткен аптада Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарын, Алматы мен Семей қалаларын аралап, аймақтардағы партия қызметімен жан-жақты танысты. Партияның жергілікті құрылымдары тарапынан айтылған көптеген ұсыныстарға құлақ түріп, ашық пікір алмасқан Асқар Мырзахметов саяси ұйымның барлық құрылымы алдағы уақытта күш салуға тиісті мақсат-міндеттерге егжей-тегжейлі тоқталды. Алдағы уақытта бас партияның халықтың игілігі жолындағы іс-қимылдары келесі бағыттарда өрбімек. Бірінші бағыт – мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына, мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуына партиялық бақылау мен бағалаудың тұрақты жүйесін қалыптастыру. Себебі, партияның Сайлауалды тұғырнамасы осы бағдарламалармен тікелей байланысты. Екінші бағыт – қоғамдық қабылдаулардағы арыз-шағымдарды екінші жағынан талдау. Яғни, қайталанып отырған немесе созылып, шешілмей келе жатқан шағымның себебін, қандай орган жұмысына байланысты түскенін, қай жерде, қандай лауазым иесі шешпегенін анықтап, шара қолдану. 16Үшінші бағыт – бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандырып, жүйелеу, Орталық аппарат пен өңірлер арасында тығыз байланыс орнату. Ол үшін барлық аймақтық филиалдарға нақты индикаторлар белгіленіп, күн тәртібіндегі міндеттер межеленіп, жұмыс нәтижесі бағаланатын болады. Сонымен қатар, жергілікті жердегі партия құрылымдарына жүктелген міндеттерді өз дәрежесінде орындау үшін тиісті жағдай жасалады. Сол арқылы партияның негізгі күші саналатын 6 мыңға жуық бастауыш партия ұйымдарының жұмысын үйлестіру қажет. Айталық, жиналатын партиялық жарғының белгілі бір мөлшерін өңірлердің өздеріне қалдыру. Материалдық қолдаумен бірге моральдық ынталандыру да қолға алынбақ. Жергілікті жердегі партия белсенділерін депутаттыққа, партиялық және мемлекеттік қызметке кеңінен тарту қажет. Төртінші бағыт – «Жас Отанның» жұмысын тәжірибелік тұрғыдан жүргізуге, яғни, нақты іске көшу. Бұл үшін жастар саясаты саласындағы барлық бағдарламаларға талдау жүргізіліп, олардың тиімділігі бағаланып, жастар қанаты оларды жүзеге асыруға белсене атсалысуға тиіс. Сонымен бірге, бағдарламалардан бөлек, жалпы жастар тәрбиесі, рухани құндылықтар, салт-дәстүр сабақтастығына ерекше назар аударылып, нақты жұмыстар атқарылуы керек. Бесінші бағыт – Партияның Парламенттегі мүмкіндігін барынша кеңінен пайдалану. Яғни, партия фракциялары арқылы халықтың, өндірістегі, ауыл шаруашылығындағы, басқа да салалардағы көкейкесті мәселелерді шешетін заңнамалық құжаттардың дер кезінде қабылдануына ықпал ету. Парламенттік фракциямен жергілікті мәслихаттардағы нұротандық депутаттармен жүйелі, тұрақты байланыс орнату. Аудандық, облыстық мәслихаттардағы партия құрылымдарының жұмысына да нақты индикаторлар белгілеп, бағалау жүйесін енгізу. Партияның атынан мәслихат депутаттығына үміткерлерді анықтаудың ережесін бекіту. Алтыншы бағыт – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысқа барлық деңгейдегі, оның ішінде жергілікті жердегі партиялық құрылымдарды тарта отырып, күшейту. Партия жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестер жұмысын аудандық деңгейде де ұйымдастырып, ережесін бекіту. Алдағы уақытта, «Нұр Отан» партиясының өңірлердегі филиалдары анықтаған өзекті мәселелер ай сайын Үкіметте өтетін арнайы кездесуде қаралып отыратын болады. Бұл туралы арнайы келісім жасалған. Мақсат – туындаған мәселелердің уақыт күттірмей тезірек оң шешілуіне ықпал ету. Бұған қоса, партия қызметінің негізгі бағыттары бойынша облыстық, қалалық филиал басшыларымен, яғни әкімдермен нақты жұмыс жоспары түзілмек, ай сайын филиалдар жұмысының нәтижесі анықталып отырмақ. Тағы бір мәселе, алдағы уақытта партияның бірыңғай жаңа медиа саясаты түзіледі. Ол Елбасы саясаты мен мемлекет тарапынан халықтың игілігі жолында атқарылып жатқан ілкімді іс-шараларды жұртшылыққа кеңінен насихаттау, партияның қоғамның бірлігін бекемдеудегі қызметін жүйелі жолға қою бағытында өрбімек. БАҚ-та, оның ішінде партияның «Нұр Медиа» холдингіне қарасты басылымдар мен телеарнада өңірлердегі нақты жұмыстарды көрсететін арнайы айдарлар ашылмақ. Сондай-ақ, орталық аппараттың шығындары ықшамдалып, қажеттілігі шамалы есептердің, іс-қағаздардың саны қысқартылып, өңірлерге бекітілген инспекторлардың міндетті түрде ай сайын облыстарға шығып тұруы жөнінде де шешімдер қабылдануда. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары облыста болған жиында бастауыш партия ұйымдары төрағаларының жұмысын ынталандыру мәселесін көтерген болатын. Бастауыш партия ұйымдары төрағаларының негізгі қызметі бар болғандықтан, партия ұйымының іс-қағаздарын жүргізуге көбіне уақыты да бола бермейді. Сондықтан, партиялық жұмыстың басты бағыттарын қамтитын «Бастауыш партия ұйымының электрондық кітапшасы» әзірленсе, деген өтініш айтылған. Сонымен қатар, бастауыш ұйымдарды жеке жұмыс орнымен, яғни материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету де аса өзекті екені белгілі болды. Бүгінде сайлауалды тұғырнаманы іске асыру бойынша жылына бір рет Парламент депутаттарының қатысуымен облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардағы «Нұр Отан» фракцияларының бірлескен отырысын өткізу, депутаттар қызметіне рейтингтік бағалауды енгізу ұсынылуда. Сондай-ақ, партияның бір-бірін қайталайтын «Бақытты балалық», «Бақытты отбасы» сияқты жобаларын біріктіру, біртұтас, мақсаты айқын, ең бастысы – іске асыру жолдары нақты жобаларды қолданысқа енгізу жайы да айтылуда. «Апта сайын өтетін жиын мен басқосудың саны емес, сапасы маңызды. Қоғамдық қабылдауға үміт артып, көмек сұрап келген әр адамның арызы қараусыз қалмай, кедергі мен қиындықтың түп-төркіні анықталуы қажет. Бір сөзбен айтқанда, күнделікті, нақты жұмыс жүйесіне ауысуымыз – Елбасының да, бүгінгі күннің де талабы» деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары өңірлерге сапарын түйіндеген жиында. Асқар Мырзахметов жергілікті партияластар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерге байланысты партия нақты шешімдер қабылдайтынын атап өтті. Қыркүйек айының аяғына дейін бұл шешімдер қабылданып, өңірлердің штатына, қаржыландыруға, ұйымдастыру жұмыстарына, материалдық-техникалық базасы және тағы басқа да мәселелерге байланысты өзгерістер енгізілмек.

(«Айқын», 11 қыркүйек, 2015 жыл).